Ақпарат нарығындағы өзгерістер...
Ақпарат нарығындағы өзгерістер...
294
оқылды

Осы аптада Қазақстанда тілші қауым бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кү­нін атап өтті. Еңбегі еленіп, марапат алып жатқандары аз емес. Алайда бұл күн тек той той­лай­тын ғана емес, отандық медианың тыныс-тіршілігін зерделеп, келешегіне көз салатын меже. Себебі, өзге салаларға қарағанда, ақпарат индустриясы жылдам өзгеретін, қажет болса, бейім­деле алатын бағыт саналады.

2020 жылғы мәлімет бойынша, елімізде 4 597 БАҚ тіркеліпті. Бір қызығы, оның 3 432-сі мерзімді бас­па басылымы екен. Қызығы дей­тінім, газет-журналдың уақы­ты өтті, қазір жұрттың қолы сайт пен смартфоннан босамайды де­ген түсінік қалыптасып келеді. Алайда статистика елде тіркелген барлық ақпарат құралының 75 пайызға жуығы сол газет-жур­нал деп көрсетіп тұр. Кейде жел­дей ескен жалаң ұғымды бір ғана цифр жоққа шығарады. Әрине, оның барлығы жарық көріп жат­қан жоқ шығар, жабылғандары да аз емес болар. Сондай-ақ 175 –телеарна, 74– радио, (395– ақ­парат агенттігі, 265 – желілік ба­сылым) 660 – интернет БАҚ, 256 шетелдік теле­арна есепке қо­йыл­ған.

Өзгеріске бейімдел. Сонымен, бүгін отандық ақпараттық нарықта қандай үрдіс байқалады? Алдымен дәстүрлі және жаңа медиа бәсекесі анық сезіле бастады. Бұл бәсекеде есесін жібермеу үшін дәстүрлі БАҚ жаңа жағдайға бейімделуге тырысып бағуда. Қарапайым тілмен айтсақ, телеарналар, радио, газет-журналдар оқырман, көрер­менін жоғалтып алмау үшін сайт, әлеуметтік желідегі аккаунттарын дамытуға қаржы құйып жатыр. Неге? Өйткені күнделікті алғашқы ақпаратты сол жақтан алу бүгінгі трендке айналды. Таңертең Facebook, Instagram, жаңалық сайт­та­рынан хабар оқыған адам өзінің бастапқы ақпаратқа деген қажет­тілігін қанағаттандырады. Яғни, одан кейін оның газет сатып алып, радио қосу қажеттілігі туын­дамауы мүмкін. Осы себепті таңер­тең оқыр­ман, көрерменге «таласу» бұ­қаралық ақпарат құ­ралдары үшін маңызды.

Aiqyn газеті де бүгін мульти­медиа форматына толық ауысқан газет саналады. Сайт, әлеуметтік желілерге арналған видео контент, фоторепортаждар, бейнесұхбаттар газеттен бөлек бағытта дамып келеді. Себебі оқырманға жылдам ақпарат қажет. Оны сайт қамта­ма­сыз етеді. Ал қоғамдағы түрлі құ­бы­лыстарды бейнеформатта ұсы­намыз. Ал газет аптасына 4 рет ел­дегі негізгі проблемаларды са­рап­тап, жан-жақты зерттеп, са­рап­тама стилінде оқырман наза­рына ұсынады.

Телеарна орнына YouTube? Сондай-ақ телеарналар да YouTube талаптарына бейімделе бастады. Телесериалдардың, сит­комдардың қысқа үзінділерін, клиптерді өздерінің YouTube ар­наларына жүктеп, бірнеше мил­лион қаралым жинауда. Мә­селен, өзгелерден алда келе жатқан «7 арнаның» YouTube плат­фор­масында тұрақты 2,57 млн. жа­зылушысы бар. Әрине, қатардағы телеарналардың қазіргі рейтингі мен үлесіне қарасақ, кешкі прайм таймда көрсетілетін үздік шоулар да мұндай қаралым жинай ал­майды. Бұл көрермен атаулы те­ледидардан YouTube платфор­масына көшті дегенді білдіре ме? Толық олай деу артық болар. Алайда жас көрермен қажетін сонда табатынын айтуымыз керек. Қысқа видеолар лентасына үй­ренген жасөспірімдерге 40-50 ми­нуттық дәстүрлі форматтағы тележобалар іш пыстыратын қы­зықсыз бағдарлама болуы мүмкін. Себебі қазір 5-6 секундтық ТikTok видеолар жастар арасында та­нымал.

Газет оқисыз ба? Отандық ақпарат кеңістігіндегі келесі үр­діс – газет-журналға сұра­ныстың кемуі. Иә, мерзімді баспа өкілі болсақ та, аталған құбылысқа тік қарауымыз қажет. Өйткені бүгін ақпарат таратудағы шешуші фактор – жылдамдық. Бұл тұрғыда аптасына 1-2 рет жарық көретін газеттер немесе айына 1 рет ба­сылатын журналдар әр 10-15 минут сайын жаңалық жазатын сайттармен бәсекеге түсе ал­майды. Оған қоса, тәуелсіздіктің бастапқы жылдарынан бері газет-журналдарға әкімшілік ресурс­тарды пайдаланып, жұртты (әсі­ресе, бюджеттік мекеме қызмет­керлерін) күштеп жаздыру деген кері үрдіс болған. Қазір олай істеу азайса да, бұл «әдіс» қоғамда газет-журналдарға сұраныстан бұрын оларға теріс имидж ту­ғызғаны жасырын емес. Аталған фактор соңғы жылдары мерзімді басылым таралымына кері әсер етті.

Газет-журнал санының қыс­қаруы Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде байқалады. Ал пан­демия газеттердің жағдайын күрт қиындатып жіберді. Мәселен, Британияның Daily Mail газеті 2015 жылы 1,688 млн. тиражбен тараса, 2020 жылы тамыз айында 994 мыңға дейін кеміп кеткен. Атақты Financial Times 2015 жылы 219 мың данаға жетсе, былтыр жазда 94 мыңға дейін құлдыраған. Ал Ресейде газеттер тіпті жабы­лып, саны қысқарып жатыр. Көр­ші елде 2009 жылы 72 мың мер­зімді баспа басылым тіркелсе, 2020 жылы олардың саны 39 мың болған. Бір қызығы, Жапония секілді техно­логиясы жоғары дамыған елде газет тиражы күрт азаймаған. Мысалы, Асахи сим­бун газеті 2010 жылы 7,960 млн. данамен тараса, 2020 жылы 5,160 млн.-ға түскен. Жалпы, бүгінде қандай да бір газет тиражының 1 миллионнан асуы сирек кезде­сетін жағдай.

Жазуға әркімнің-ақ бар та­ласы. Сондай-ақ ақпарат ай­дынында блогер, Telegram арна­лар, Instagram пабликтердің ықпалы артып бара жатқанын жоққа шығаруға бол­майды. Бұл құбылыс неден бай­қалады? Бү­гінде түрлі мем­лекеттік меке­мелер қоғамға қан­дай да бір месседж жолдау үшін блогерлерге ақысын төлеп, ар­найы пост жаздырады. Блог-турлар кәдуілгі жағдайға айналды. Министр, әкімдер блогерлермен арнайы кездесіп, имиджін түзеуді жөн көреді. Яғни, PR мамандары қо­ғамдық пікірді қалыптастыруда блогерлердің рөлі артқанын мойын­дайды. Бұдан бөлек, соңғы 2 жылда Telegram арналардың оқырмандары да, ықпалы да арта бастады. Қазақстанда олар көбіне бір медиа тұлғаның (Еділов, Козачков, Қалиев) жеке арнасы ретінде немесе анонимді арна (Записки аксакала, Ұзын Құлақ, Страшный жуз) ретінде таныла бастады. Соңғылары тексеріл­меген, кейде бір саяси топтың мүддесі үшін жазылған ақпаратты таратуда тиімді құрал болып тұр. Ал ZTB секілді Instagram паб­ликтер күн сайын ең басты жаңа­лықтарды жылдам хабарлауда өз­гелерден оқ бойы озып тұр. Өйткені айталық оқыс оқиғаны пабликте хабарлау үшін арнайы кең көлемді, деректері тексе­рілген мақала жазу міндет емес. Қысқа 4-5 сөйлем жеткілікті. Бұл оқыр­ман үшін де ыңғайлы. Сон­дықтан да ZTB сынды Instagram пабликтің 1,6 млн. оқырманы бар. Алайда аталған блогер, Telegram арна, Instagram пабликтерге ор­тақ бір фактор бар. Олар арнайы БАҚ ретінде тіркелмеген және дерек­тердің рас-өтірігін айыруда белгілі жауапкершілігі жоқ.

Журналистердің зерттеу жүр­гізу сапасы да арта түсті. Ол көбіне мемлекеттік сатып алу порталын бақылап, түрлі мемлекеттік меке­мелердің шығындарын, тен­дерлерін бақылауда көрініс та­бады. Биыл Шымкент әкім­дігінің Наурыз мерекесін тойлауы, былтыр «СҚ-Фармация» шығын­дары жайлы зерттеулер жұрттың назарына ұсынылды. Бюджеттің әр тиынын іздеген сол тілшілер болды.

Сөз соңында. Ақшаны кім төлейді? Жоғарыда аталған өз­герістер отандық ақпарат на­рығы даму үстінде екенін көр­сетеді. Бұл даму процесі бар­лығына оң нә­тиже бермейді. Бәсекеге шыда­маған БАҚ-тың саны қысқарып, жабылып жа­тыр, на­рық заңы емес пе? Алайда әлі де шешілмеген бір­неше мәселе бар. Соның бас­тысы – қаржы көзі. Отандық БАҚ-тың басым бөлігі мем­ле­кеттік әлеу­меттік тап­сырысқа тәуелді. Атал­ған жағдай медиа өкілде­рінің Үкімет сая­сатын жа­зу­да, қоғамдық проб­лемаларды кө­теруде бей­тарап болуға ке­дер­гісін келтіреді. Өйткені мем­ле­кеттік тапсы­рыстың бірден-бір мақсаты – үгіт-насихат. Алай­да дәл қазір отандық медиа бюджет қар­жысынан да бас тарта ал­майды. Өйткені оған балама бола алатын өзге қаржы көзі тапшы. Жарнама көлемі шек­теулі, себебі ірі ком­паниялар бұрынғыдай жарнама мақала жаздырып, роликті теле­арнада көрсету тә­сілін тиімді деп есептемейді. Олар көбіне YouTube, түрлі әлеу­меттік желілер арқылы жар­нама жасауды құп көреді.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА.