Осы аптада Қазақстанда тілші қауым бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күнін атап өтті. Еңбегі еленіп, марапат алып жатқандары аз емес. Алайда бұл күн тек той тойлайтын ғана емес, отандық медианың тыныс-тіршілігін зерделеп, келешегіне көз салатын меже. Себебі, өзге салаларға қарағанда, ақпарат индустриясы жылдам өзгеретін, қажет болса, бейімделе алатын бағыт саналады.
2020 жылғы мәлімет бойынша, елімізде 4 597 БАҚ тіркеліпті. Бір қызығы, оның 3 432-сі мерзімді баспа басылымы екен. Қызығы дейтінім, газет-журналдың уақыты өтті, қазір жұрттың қолы сайт пен смартфоннан босамайды деген түсінік қалыптасып келеді. Алайда статистика елде тіркелген барлық ақпарат құралының 75 пайызға жуығы сол газет-журнал деп көрсетіп тұр. Кейде желдей ескен жалаң ұғымды бір ғана цифр жоққа шығарады. Әрине, оның барлығы жарық көріп жатқан жоқ шығар, жабылғандары да аз емес болар. Сондай-ақ 175 –телеарна, 74– радио, (395– ақпарат агенттігі, 265 – желілік басылым) 660 – интернет БАҚ, 256 шетелдік телеарна есепке қойылған.Aiqyn газеті де бүгін мультимедиа форматына толық ауысқан газет саналады. Сайт, әлеуметтік желілерге арналған видео контент, фоторепортаждар, бейнесұхбаттар газеттен бөлек бағытта дамып келеді. Себебі оқырманға жылдам ақпарат қажет. Оны сайт қамтамасыз етеді. Ал қоғамдағы түрлі құбылыстарды бейнеформатта ұсынамыз. Ал газет аптасына 4 рет елдегі негізгі проблемаларды сараптап, жан-жақты зерттеп, сараптама стилінде оқырман назарына ұсынады.Өзгеріске бейімдел. Сонымен, бүгін отандық ақпараттық нарықта қандай үрдіс байқалады? Алдымен дәстүрлі және жаңа медиа бәсекесі анық сезіле бастады. Бұл бәсекеде есесін жібермеу үшін дәстүрлі БАҚ жаңа жағдайға бейімделуге тырысып бағуда. Қарапайым тілмен айтсақ, телеарналар, радио, газет-журналдар оқырман, көрерменін жоғалтып алмау үшін сайт, әлеуметтік желідегі аккаунттарын дамытуға қаржы құйып жатыр. Неге? Өйткені күнделікті алғашқы ақпаратты сол жақтан алу бүгінгі трендке айналды. Таңертең Facebook, Instagram, жаңалық сайттарынан хабар оқыған адам өзінің бастапқы ақпаратқа деген қажеттілігін қанағаттандырады. Яғни, одан кейін оның газет сатып алып, радио қосу қажеттілігі туындамауы мүмкін. Осы себепті таңертең оқырман, көрерменге «таласу» бұқаралық ақпарат құралдары үшін маңызды.
Газет оқисыз ба? Отандық ақпарат кеңістігіндегі келесі үрдіс – газет-журналға сұраныстың кемуі. Иә, мерзімді баспа өкілі болсақ та, аталған құбылысқа тік қарауымыз қажет. Өйткені бүгін ақпарат таратудағы шешуші фактор – жылдамдық. Бұл тұрғыда аптасына 1-2 рет жарық көретін газеттер немесе айына 1 рет басылатын журналдар әр 10-15 минут сайын жаңалық жазатын сайттармен бәсекеге түсе алмайды. Оған қоса, тәуелсіздіктің бастапқы жылдарынан бері газет-журналдарға әкімшілік ресурстарды пайдаланып, жұртты (әсіресе, бюджеттік мекеме қызметкерлерін) күштеп жаздыру деген кері үрдіс болған. Қазір олай істеу азайса да, бұл «әдіс» қоғамда газет-журналдарға сұраныстан бұрын оларға теріс имидж туғызғаны жасырын емес. Аталған фактор соңғы жылдары мерзімді басылым таралымына кері әсер етті.Телеарна орнына YouTube? Сондай-ақ телеарналар да YouTube талаптарына бейімделе бастады. Телесериалдардың, ситкомдардың қысқа үзінділерін, клиптерді өздерінің YouTube арналарына жүктеп, бірнеше миллион қаралым жинауда. Мәселен, өзгелерден алда келе жатқан «7 арнаның» YouTube платформасында тұрақты 2,57 млн. жазылушысы бар. Әрине, қатардағы телеарналардың қазіргі рейтингі мен үлесіне қарасақ, кешкі прайм таймда көрсетілетін үздік шоулар да мұндай қаралым жинай алмайды. Бұл көрермен атаулы теледидардан YouTube платформасына көшті дегенді білдіре ме? Толық олай деу артық болар. Алайда жас көрермен қажетін сонда табатынын айтуымыз керек. Қысқа видеолар лентасына үйренген жасөспірімдерге 40-50 минуттық дәстүрлі форматтағы тележобалар іш пыстыратын қызықсыз бағдарлама болуы мүмкін. Себебі қазір 5-6 секундтық ТikTok видеолар жастар арасында танымал.
Жазуға әркімнің-ақ бар таласы. Сондай-ақ ақпарат айдынында блогер, Telegram арналар, Instagram пабликтердің ықпалы артып бара жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Бұл құбылыс неден байқалады? Бүгінде түрлі мемлекеттік мекемелер қоғамға қандай да бір месседж жолдау үшін блогерлерге ақысын төлеп, арнайы пост жаздырады. Блог-турлар кәдуілгі жағдайға айналды. Министр, әкімдер блогерлермен арнайы кездесіп, имиджін түзеуді жөн көреді. Яғни, PR мамандары қоғамдық пікірді қалыптастыруда блогерлердің рөлі артқанын мойындайды. Бұдан бөлек, соңғы 2 жылда Telegram арналардың оқырмандары да, ықпалы да арта бастады. Қазақстанда олар көбіне бір медиа тұлғаның (Еділов, Козачков, Қалиев) жеке арнасы ретінде немесе анонимді арна (Записки аксакала, Ұзын Құлақ, Страшный жуз) ретінде таныла бастады. Соңғылары тексерілмеген, кейде бір саяси топтың мүддесі үшін жазылған ақпаратты таратуда тиімді құрал болып тұр. Ал ZTB секілді Instagram пабликтер күн сайын ең басты жаңалықтарды жылдам хабарлауда өзгелерден оқ бойы озып тұр. Өйткені айталық оқыс оқиғаны пабликте хабарлау үшін арнайы кең көлемді, деректері тексерілген мақала жазу міндет емес. Қысқа 4-5 сөйлем жеткілікті. Бұл оқырман үшін де ыңғайлы. Сондықтан да ZTB сынды Instagram пабликтің 1,6 млн. оқырманы бар. Алайда аталған блогер, Telegram арна, Instagram пабликтерге ортақ бір фактор бар. Олар арнайы БАҚ ретінде тіркелмеген және деректердің рас-өтірігін айыруда белгілі жауапкершілігі жоқ.Газет-журнал санының қысқаруы Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде байқалады. Ал пандемия газеттердің жағдайын күрт қиындатып жіберді. Мәселен, Британияның Daily Mail газеті 2015 жылы 1,688 млн. тиражбен тараса, 2020 жылы тамыз айында 994 мыңға дейін кеміп кеткен. Атақты Financial Times 2015 жылы 219 мың данаға жетсе, былтыр жазда 94 мыңға дейін құлдыраған. Ал Ресейде газеттер тіпті жабылып, саны қысқарып жатыр. Көрші елде 2009 жылы 72 мың мерзімді баспа басылым тіркелсе, 2020 жылы олардың саны 39 мың болған. Бір қызығы, Жапония секілді технологиясы жоғары дамыған елде газет тиражы күрт азаймаған. Мысалы, Асахи симбун газеті 2010 жылы 7,960 млн. данамен тараса, 2020 жылы 5,160 млн.-ға түскен. Жалпы, бүгінде қандай да бір газет тиражының 1 миллионнан асуы сирек кездесетін жағдай.
Сөз соңында. Ақшаны кім төлейді? Жоғарыда аталған өзгерістер отандық ақпарат нарығы даму үстінде екенін көрсетеді. Бұл даму процесі барлығына оң нәтиже бермейді. Бәсекеге шыдамаған БАҚ-тың саны қысқарып, жабылып жатыр, нарық заңы емес пе? Алайда әлі де шешілмеген бірнеше мәселе бар. Соның бастысы – қаржы көзі. Отандық БАҚ-тың басым бөлігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа тәуелді. Аталған жағдай медиа өкілдерінің Үкімет саясатын жазуда, қоғамдық проблемаларды көтеруде бейтарап болуға кедергісін келтіреді. Өйткені мемлекеттік тапсырыстың бірден-бір мақсаты – үгіт-насихат. Алайда дәл қазір отандық медиа бюджет қаржысынан да бас тарта алмайды. Өйткені оған балама бола алатын өзге қаржы көзі тапшы. Жарнама көлемі шектеулі, себебі ірі компаниялар бұрынғыдай жарнама мақала жаздырып, роликті телеарнада көрсету тәсілін тиімді деп есептемейді. Олар көбіне YouTube, түрлі әлеуметтік желілер арқылы жарнама жасауды құп көреді.Журналистердің зерттеу жүргізу сапасы да арта түсті. Ол көбіне мемлекеттік сатып алу порталын бақылап, түрлі мемлекеттік мекемелердің шығындарын, тендерлерін бақылауда көрініс табады. Биыл Шымкент әкімдігінің Наурыз мерекесін тойлауы, былтыр «СҚ-Фармация» шығындары жайлы зерттеулер жұрттың назарына ұсынылды. Бюджеттің әр тиынын іздеген сол тілшілер болды.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА.