Кәсіпкерлер «республика бойынша көптеген жекеменшік балабақша жаппай жабылады» деп дабыл қақты. Мәнісі мынау: жыл басынан жүрген тексерістер тұрғын үйге берілген жердің басқа мақсатқа жұмсалғанын анықтады. Яғни, баспана ретінде салынған коттедж бен үй артынша бизнес жүргізуге сатылған, жалға берілген. Оларда балабақша ашылған.
Мораторий бітті, бизнес мұңға батты
Шағын кәсіпкерлерді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қорғауға тырысты. Оның мәліметінше, бір ғана Алматыда 700-ден астам балабақшаға қызметін тоқтату қаупі төнді. Айта кетер жайт, бұл қауіп мемлекеттік балабақшаларды айналып өткендей: оларды ғимаратпен жергілікті әкімдіктер қамтамасыз етеді және құжаттары дұрыс.
Ал жеке кәсіпкерлердің жағдайы ауырлау. Олар білім басқармалары және бақылаушы мекемелер қоятын талапқа сай болу үшін жеке тұрған ғимаратты ипотекаға, несиеге сатып алады немесе жалға алады. Мұндай нысандар көбіне коттедж бен жеке үй болып шығады. Себебі жер алып, жеке ғимарат тұрғызуды ұсақ кәсіпкердің қалтасы көтермейді. Сөйтіп, оның бәрі жойқын соққының астында қалып тұр.
Мемлекет басшысының бастамасымен 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, ұсақ (микро) және шағын бизнесті тексеруге 3 жылдық мораторий енгізілгені белгілі. Былтыр тыйым мерзімі аяқталғаннан кейін тиісті дайындық жұмыстарын жүргізген құзырлы мемлекеттік органдар 2024 жылдың басында кәсіпкерлердің жер телімдерін нысаналы мақсатынан тыс пайдалануын да тексеріп, заңбұзушылықтарды жаппай анықтай бастады. Бұдан бұрын, мораторийге дейінгі заманда балабақшалардан жерге қатысты құжаттарын талап етпейтін.
Тексеріс қорытындысында билік мектепке дейінгі білім мен тәрбие беретін жекеменшік ұйымдарға екі ғана таңдау ұсынып, жолайырыққа тіреді. Олар тұрғын үйдің және ол орын тепкен жердің бүкіл құжаттамасын заңнама талабына сәйкес келтіруге, жер телімінің нысанасын коммерциялық мақсаттағы учаскеге ауыстырып алуға тиіс. Немесе қызметін тоқтатып, жабылуға тиіс.
Ұзақ жыл шүмектеп тер төгіп, азабын тартып, шығынын шығарып, әзер жолға қойған бизнесін лезде құртып тынуға көзі қимаған кәсіпкерлер бірінші жолды таңдап, барлық құжатын заң талабына лайықтауға қуана-қуана келісер еді. Алайда бұл өзгерістің шығыны әрбір жер телімі үшін 40 миллион теңгеге дейін жетеді екен.
Астанадағы «Ерке бала» (иесінің сұрауымен атауы өзгертілді) балабақшасының құрылтайшысы Меруерт Мұхтарова жеті жыл бұрын жеке тұрған 3 қабатты коттеджді іргелес жер телімімен несиеге алыпты.
– Мұнда үш отбасыға тиесілі жер учаскесі бар, соны біріктірдім. Мұның бәрі 300 миллионнан астам теңгеге түсті. 15 жылға несиеге рәсімдедім. Ай сайын 2 миллион теңгеге жуық берешекті өтеп тұруым қажет. Түскен табыс шығындарды «жабуға» әзер жетеді. Ағымдағы және күрделі жөндеу, техперсонал мен медицина қызметкерінің жалақысы, сауықтыру жәрдемақыларының төлемдері – ол бар. Қызметкерлер құл емес қой, жалақысын арттырмасаң, білікті тәрбиелеушілер басқасына немесе мектепке кетіп қалады. Мұның сыртында мектептен айырмашылығы сол, балабақшаларда жазғы каникул жоқ, қызметкерлер жыл он екі ай жұмыс істейді, шаршайды, – деді М.Мұхтарова.
Балабақша тәрбиеленушілері бір ай демалысқа кеткенде, оны каникулдағы мектеп мұғалімдері уақытша алмастырады екен. Олар қомақты ақша бермесе келіспейтін көрінеді, сондықтан қатардағы тәрбиеленушінің жалақысының екі еселенген төлемі төленеді.
Бұған қоса, мемлекеттің «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында – коммуналдық қызметтердің төлемі жылына бірнеше рет, ал инфляцияның өсуі кесірінен – азық-түлік өнімдері ай сайын қымбаттайды. Балалар сындырып, бүлдіріп тастайтын жиһаздарды үнемі жаңартып тұру керек. Білім бөлімі педогогикалық құрамның біліктілігін ұдайы арттыруды талап ететін көрінеді, оның курстары ақылы және қаражат жұмсауды қажет етеді.
Осының бәріне енді жер учаскелерін қайта рәсімдеуді талап еткен шенділердің қиғылығының қиындығы қосылып отыр. Мұхтарова ханым өзіне әзірге ешкімнің тексеріспен мазалап келмегенін нақтылады. Бірақ ортақ чатта әріптестері бұл мәселені талқылай келе, кәсіпкерлер палатасына өтініш жазуға келісіпті.
Мәртебе ауыстырудың машақаты көп
Өзге өңірлерде де тұйыққа тірелген кәсіпкерлер «Атамекен» палатасының жанындағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңеске жүгінді. Мысалы, Алматыда 728 жекеменшік балабақша жеке тұрғын үйде орналасқан. Заңнама талаптарына сәйкес, осы объектілердің бәрі тұрғын үй секторынан шығарылуға тиіс. Болмаса үй салынған жер телімдерінің нысаналы мақсаты «жеке тұрғын үй құрылысынан» (ЖТҚ) «коммерциялық құрылым» мәртебесіне өзгертілуге міндетті.
Жекеменшік балабақша иелерінің төбе шашын тік тұрғызған тағы бір гәп бар. Нысан мен жер телімінің мәртебесі өзгергеннен кейін салық та күрт өсетіні анықталды. Өйткені осыдан кейін балабақша салықтарды есептіліктің «700 нысан-формасы» бойынша төлеуге көшіріледі, әйтпесе олардың жұмысы заңсыз кәсіпкерлік болып танылады. Балабақша жабылады, қожайыны темір торға қамалады.
Жаңа бетбұрыс балабақшаларды қудалауға түрткі болыпты. Алматылық жеке балабақшаның иесі Дана Порхоноева көп жылдан бері коттеджді арендаға алып отыр. Оның өзі салықты кәсіпкер ретінде төлейді. Бірақ жер салығының өсетіні туралы жаңа хабарлама алған үй иесі одан балабақшасын жауып, үйді босатуды талап етті.
– Қожайын: «Саған бола заңға қайшы шикіліктің шыққанын қаламаймын, шығынға батқым келмейді!» – деді. Себебі оның үйі соғылған жер телімін ЖТҚ санатынан шығарудың және оны коммерциялық учаскеге ауыстырудың құны алдын ала есептеулер бойынша шамамен 20 миллион теңгені құрады. Үй иесі мұндай шығындарға дайын емес. Жеке балабақша ашқаныма 10 жылдай болды. Осы уақыт бойы бізге мұндай талаптар қойылған емес. Тек биыл ғана бұл проблемаға тап болдық, – деп мұң шақты кәсіпкер Д.Порхоноева.
Нысаналы мақсатын өзгерту жердің аумағына байланысты оның иелеріне 2 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін шығын әкелуі мүмкін. Шығыннан басқа да проблемасы жетерлік. Бұл рәсім ұзаққа, жақын дегенде бір жылға созылуы ықтимал. Бұл кезде балабақша жұмысын жалғастыра алмайды, қызметін белгісіз уақытқа тоқтатуы керек.
Сорақысы сол, шенеуніктер мен кәсіпкерлер арасындағы тайталастан ел болашағы – жас ұрпақ зардап шегеді. Баласымен үйде қалуға мәжбүр болса, ата-аналар жұмысынан айрылып, отбасы табыссыз қалады. Олай болса, бұл қуғын-сүргіннің мультипликативті теріс әсері көп болғалы тұр.
– Қарқынды демографиялық өсуге байланысты мектепке дейінгі мекемелерде онсыз да орын тапшылығы ушығып тұр. Бұл қазірдің өзінде ата-аналарға айтарлықтай қиындық туғызды. Халық санының жылдағы өсімін ескеріп, көптеген адамды балабақшадағы орыннан айыруға жол беруге болмайды, – дейді Кәсіпкерлер құқығын қорғау және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшелері.
Кеңес өз шешімін хаттап, қалалық прокуратураға бағыттады. Қадағалаушы орган салықшылардың жаппай жолдаған хабарламаларын заңсыз деп таныды. Соңғы сөз – салықшыларда. Мемлекеттік кірістер органы ұсынысты қарастырып жатыр.
Бірақ олар заңдағы талапты орындайды. Сондықтан заңнамадағы олқылық жойылуы керек. Осы мақсатта кеңес Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұровқа ұсыныс енгізді. Бизнес-омбудсменнен Жер кодексінің 107-бабына өзгерістер енгізуге бастамашы болу сұралды. Сол арқылы жекеменшіктегі мектепке дейінгі мекемелерге жалға берілген жеке тұрғын үйлердің жер учаскелерінің нысаналы мақсаты режимін жеке белгілеп, жеңілдік берген жөн.
Ондай жеңілдік қарастырылмағандықтан, өзге де өңірлердің жеке балабақшалары, тіпті жекеменшік мектептері жер телімдерінің нысаналы мақсатын заң талабына сәйкестендіру туралы хабарлама алыпты. Мысалы, Түркістан облысында жеке 1 097 балабақша бар. Анықталғандай, оның ішінде 150 жеке балабақшаның жер учаскесінің нысаналы мақсаты Жер кодексінің 65-ші бабына сай келмейді. Бұлардың бәрі жабылса, облыста 12 350 бала мектепке дейінгі тәрбие мен білімнен қол үзеді. Сондықтан балабақша иелеріне жыл соңына дейін құжаттарын рәсімдеу үшін құзырлы органдарға жүгінуге кеңес берілді.
Тығырықтан шығар жол бар ма?
«Атамекен» палатасы мамандарының айтуынша, Жер кодексіне тиісті өзгеріс енгізілмейінше, мемлекеттік органдар «бұрын азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер телімінде тұрғызылған ғимаратты тек тиісті мақсатына пайдалануды» талап етуден бас тарта алмайды.
Мұның соңы бүлдіршіндердің мектепке дейінгі білім алу мүмкіндігінен жаппай айырылуына, табыс тауып, жұмыс істеуге уақыты қалмаған ата-аналардың наразылығына, қоғамдағы әлеуметтік шиеленістің күшеюіне соқтыруы мүмкін. Себебі Қазақстандағы балабақшалардың басым көпшілігі жекеменшік. Бұлардың көбі – 80%-дан астамы не коттедж бен жеке үйде, немесе көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерде ашылған. Соңғыларына да жабылу қаупі төніп тұр: қожайындары жеке пәтерін коммерциялық мүлік ретінде қайта рәсімдеуі керек.
Сарапшылардың мәліметінше, коттедждер, тіпті көп бөлмелі пәтерлер балабақшаға арендаға тапсырылғанда, жалға беруші оны «жер учаскесіне құқықтарды ұсынусыз және оның нысаналы мақсатын өзгертусіз» тек 1 жылға дейінгі мерзімге уақытша пайдалануға береді. Әрі қарай аренда мерзімін ұзартып тұрады. Егер балабақша иесі өз қызметін әрі қарай жалғастыру үшін жер мен үй иесіне келіп, нысаналы мақсатты өзгертуді сұраса, қожайын оны қуып шығады.
Кәсіпкерлер Жер кодексіне Парламент тиісті өзгеріс енгізбесе, онда қосымша қомақты шығын шығармай, қызметін жалғастыруға мүмкіндік беретін басқа компромисті-ымыра шешім түзуді сұрады.
Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының төрағасы Лейла Күленованың пікірінше, қазіргі қатаң талап саланың күйреуіне, балабақшалардың көлеңкеге кетуіне әкеледі. Бұл проблеманың перспективті шешімі ретінде ол бірте-бірте көшу тәсілін ойлап табуды ұсынды. Мемлекет далада қалу қаупі төнген балабақшаларды орынжаймен қамтамасыз етуі қажет. Сондай-ақ нысаналы мақсатына сәйкестендіру шығынын бюджеттен субсидиялаған маңызды.
Мән берсе, мәселе шешімін табатын түрі байқалады. Жекеменшік балабақшаларды жер телімдерін мақсатсыз пайдаланғаны үшін тексеруді уақытша тоқтату туралы шешім қабылданған. Құзырлы органдар хабарлама жолдаудан уақытша аяқ тартқан көрінеді.
Үкімет басшысының орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров кәсіпкерлер мен «Атамекен» палатасы көтерген, жекеменшік балабақшаларға қатысты жер мәселесін шешу ұсынысын қолдады. Ол Ауыл шаруашылығы және Білім министрліктеріне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бірыңғай құқық қолдану тәжірибесін әзірлеуді тапсырды. Оның алгоритмі аумақтық инспекцияларға орындау үшін жіберілмек.
Бизнес пен билік ымыраға келмесе, талас-тартыстың зардабы халық пен жас ұрпаққа тиер еді. Ресми мәлімет бойынша елдегі 5 898 жеке балабақшаның 80 пайыздан астамы мақсатын өзгертпеген үйжайларда жұмыс істейді екен. Олар биыл дағдарысқа килігіп тұр. Егер заң өзгермесе, кәсіпкерлерден құжаттамасын түзетіп, қызметін заң нормаларына сәйкестендіру бәрібір талап етіледі. Мұның ақырында не болатынын уақыт көрсетеді.
Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Манара Адамованың айтуынша, жыл басынан бері еліміздегі мектепке дейінгі ұйымдарда 40 мыңға жуық жаңа орын ашылды. Алайда бұл да жеткіліксіз. Алдағы екі жылда 2027 жылға дейін кем дегенде 300 мың жаңа орын ашу қажет. Жалпы алғанда, бүгінде республикада жалпы саны 11,5 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оларда 1 миллионға жуық бала ғана тәрбиеленеді.
Елдос СЕНБАЙ