Осыған орай, Ұлттық домбыра күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында «Күй анасы – Дина» атты энциклопедиялық жинақ жарық көрмек. Осы жинақты құрастырған профессор, «Күй Анасы» қорының атқарушы директоры, Дина Нұрпейісованың шөбересі Төлеген Шаңғытбайұлымен сұхбаттасқан едік.
– Күйші анамыздың өмірі мен шығармашылығы жайлы мәліметтерді жинап, осындай еңбекті дайындау ісіне қашаннан бастап кіріскен едіңіз?
– Танымал күйші Қаршыға Ахмедияров ағамыз кезінде Ақтөбеде тұрғанымызда үйімізге келген болатын. Дина Нұрпейісова туралы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып жүр екен. Менің ағамнан, яғни, Дина анамыздың немересінен сұхбат алып, оны ғылыми жұмыстарына пайдаланды. Сол кезде алғаш рет жүздесіп, әңгімелестік. Қаршыға ағамыз: «Айналайын, Төлегенжан, сен енді Динаның шөбересісің ғой. Оған ешкімнің таласы жоқ. Үлкен анамызды неге дәріптемейсің?», – деді. Осы сөзі мені қатты ойландырды. «Мамандығым бойынша ұстазбын. Күй саласына тікелей қатысым жоқ. Төтеден келіп, ой айтқаным қалай болар екен?» деп қысқа жауап берген едім. Дегенмен, сол сөз, ой мені біраз жылдар бойы мазалады. Күй тарихына бару оңай емес. Содан үйдегі заттарды қарай бастадым. Жолдасым Айгүл – музыка саласының маманы. Ақтөбе педагогикалық училищесінде қызмет атқара жүріп, біраз дүниелерді жинап жүр екен. Содан кейін менің де көңілім ауып, материалдар жинай бастадық.
Дина шешемізді білетін адамның саны азайды. Қазір мен білетін екі адам ғана бар: Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Раушан Нұрпейісова. Басқа көріп-білдік деген адам қалмады. Баспасөз беттерінде «бата алып едік, дастарқандас болып едік» деген сөздер жиілегенін байқаймын. Бұл былай тұрсын, ойға сыймайтын оқиғаларды айтып, қиялға қонбайтын пікірлер айтылғаннан кейін ақпарат құралдары арқылы ой тастауға тура келді. «Ағайындар, жалпы кім болмасын, елге танымал адам бола ма, басқа бола ма, ол туралы пікір айтқан кезде негізделіп айтылу керек. Құжат негізінде айтылса, нанымды болады. Алдағы уақытта Дина Нұрпейісова туралы пікір айтылатын болса, негізделіп айтылсын» дедім. Мақалам да шықты.
Жалпы, Дина Нұрпейісова анамыздың 160 жылдығына орай осы кезге дейін түрлі деңгейдегі 200-ге жуық іс-шара өткізілді. Республика бойынша. Облыстық басқармалармен байланысып отырмын. Соның ішінде атап өтетінім, Өскемендегі Оралхан Бөкеев атындағы ғылыми орталық бар. Батыс өңіріндегі Дина Нұрпейісова атындағы колледждің атсалысып жатқаны өз алдына, Павлодар облысы, Шығыс Қазақстан, Алматы облысының азаматтары қуантарлық іс-шара өткізіп жатыр.
– «Күй анасы – Дина» энциклопедиялық жинағынан қандай дүниелерді оқи аламыз?
– Дина Нұрпейісова жайлы жазылған мақалалар, ой-пікірлер, баспасөз беттерінде жарық көрген материалдар өзімнің қорымда сақталған. Соның негізінде осы еңбекті жарыққа шығаруды қолға алдық. Ішінде ғылыми-зерттеу жұмыстары да бар.
«Түркі елдерінің ішінде сондай жасқа келіп, өзінің ұлттық өнерін өте биік шыңға көтерген азаматшалардың бірі – Дина Нұрпейісова». Түріктер осындай баға берген. Еуропада осындай деңгейдегі әйел адамдар бар ма, айтыңызшы! Бәрі ер адамдар. Әйел адамдардан ешкімді айта алмайсың. Бұл – жалғыз кісі.
– Мұндай көлемді жинақты жарыққа шығару оңай емес. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі тарапынан қолдау болды ма?
– Әрине. Бұл – әкімдіктің көмегімен, қолдауымен шығып жатқан дүние. Кеше ғана құрылған қордың мұндай жүкті көтеруі екіталай. «Жақын жандары, туысқандарының мерейтойға қандай үлесі болар екен?» деп ойландым. Энциклопедиялық жинақты 4 шілдеге дейін бітіруді мойнымызға алдық. Бұл ойымды әкімге айтқан едім, бірден қолдады. «Кітапқа да атсалысайық, көмектесейік» деді. Күйші анамыз туралы жазылған мәліметтерді бір ортаға тоғыстыру мақсатынан туындаған игі іске қолдау көрсеткен қала әкімдігіне алғыс айтқым келеді.
– Дина Нұрпейісованың шөбересі болып келесіз. Халық әртісінің күй өнері бойына дарыған ұрпағы бар ма?
– Бар деп айтуға болатын шығар. Бір шөбересі қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы Айман Мұсаходжаеваның өнер академиясында домбыра мамандығы бойынша білім алып жатыр. Өзімнің балаларым кәсіби түрде айналыспады. Бірақ бәрі домбыра тартады. Балалардың қызығушылығына шектеу қоя алмаймыз ғой. Бірі заңгер, екіншісі шет тілі маманы дегендей. Әрқайсының өз жолы бар. Ол кісі кезінде айтып кеткен екен. «Менің күйшілік қабілетім ұрпағыма соқпай кетуі мүмкін емес. Жеті ұрпағыма дейін күтіңдер. Шықпауы мүмкін емес, шығады» деп. Біз – бесінші ұрпағымыз. Әлі екі ұрпақ бар. Үмітіміз бар.
– Күйші анамыздың шығармашылығын, жалпы күй өнерін кеңінен насихаттап, жас ұрпаққа дәріптеу үшін қандай ұсыныс айтар едіңіз?
– Қазір жастар баратын орталық жоқтың қасы. Өнер орталығын ашу туралы ұсынысым бар. Барлық жоспарын сызып, түрлі-түсті графикасын түсіріп қойғанмын. Сол орталықты Құрманғазы мен Дина Нұрпейісова атындағы өнер орталығы деп атасақ, керемет болар еді. Ішінде 4-5 домбыра үйрететін сынып, кішігірім мұражай, аспаптар жасайтын шеберхана, музыкаға қатысты кітапхана, акт залы болса. Кезінде қала басшыларына ұсынысымды айттым. Айтпақшы, күйшілер аллеясы бар ғой. Сол жерге тас орнатып, Қазақстанның белгілі, халық мойындаған, дүниеден озған Қорқыттан бастап Қаршыға Ахмедияровқа дейінгі жүз адамның атын қашап жазып, әрбіреуінің тұсына QR код қойса. «Қорқыт деген кім екен?» деп жанына барған кезде қобыздың үні естіліп, тарихы айтылса, қандай керемет! Тәрбиелік мәні де зор әрі өнерге деген қызығушылықты оятады.
Қазір өнерлі жастар көп. Жастардың алдында жиі дәріс оқимын. Өзін интеллигентпін деген жас 3 нәрсеге көңіл аударуы керек деп ойлаймын. Бірінші, өзінің тілін жетік меңгеруі керек. Екіншісі, өзінің ұлттық аспаптарында, ең болмаса біреуінде ойнай алатын қабілеті болуы тиіс. Ал үшіншісіне келсек, мына Еуропа елдерінде үлкен теннис дейді ғой, соны ойнай білуі керек. Осы 3 қабілет бойында болған адам өзін толық интеллигентпін деп есептеуге болады екен. Осы 3 қасиетті бойына сіңірген жастар бізде өте көп. Тек соларға қолдау көрсетуіміз керек.