Павлодарда жүкті әйелді зорлаған ер адам 11 жылға сотталды
Павлодарда жүкті әйелді зорлаған ер адам 11 жылға сотталды
272
оқылды

Павлодар тұрғыны жүкті әйелді ұрлап, зорлағаны үшін 11 жылға сотталды. Сот баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам жәбірленушіні үйден шығармай, қамауда ұстап, зорлағаны үшін айыпталды. Айыпталушы мұндай әрекеттерді бір емес, бірнеше рет қайталаған екен. Процесс жабық режимде өтті.

Сот отырысында ер адамның кінәсі жәбірленушінің, куәгерлердің айғағымен және сараптама қорытындыларымен дәлелденген. Прокурор оны 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

"Павлодар тұрғыны қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұдан басқа Қылмыстық кодекстің 60-бабы 1-бөлігі негізінде алдыңғы үкім бойынша жазаны ішінара қосу жолымен түпкілікті 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", – деп хабарлады Павлодар сотының баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, сот сотталушыны жәбірленушіге моральдық зиян келтіргені үшін екі миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттеді.
Еске салсақ, былтыр 11 қазан күні дүкенге шыққан жүкті әйелді бірге тұратын 24 жастағы танысы ұрлап әкеткен. Сол уақытта Павлодар тұрғыны 26 жастағы әйелді аяусыз қорлағаны туралы "Не молчи" қоры жазған еді.