АҚШ-та 76 адам аптап ыстықтың құрбаны болған
АҚШ-та 76 адам аптап ыстықтың құрбаны болған
140
оқылды
АҚШ-тың Орегон және Вашингтон штаттарында 76 адам қалыптан тыс ыстықтың құрбаны болды, ал дененің қызып кетуіне байланысты ауруханаға жатқызылғандардың саны жүздеп саналады, деп хабарлайды Inform.kz. Басылымның мәліметінше, тек Орегон штатында дененің қызып кету салдарынан 63 адам қайтыс болды.
«Бұл нағыз денсаулық дағдарысына айналды. Қалыптан тыс ыстықтың өлімге апарып соғатынын көрсетті», – дейді Малтнома округінің (Орегон) Денсаулық сақтау департаментінің өкілі доктор Дженнифер Вайнс.
Портлендта және штаттың басқа да қалаларында осы аптада температура 46 градусқа дейін көтерілді. Көршілес Вашингтон штатында сәл салқындау болды, онда ыстық салдарынан болған 13 өлім расталды. Көз жұмғандар 44-тен 97 жасқа аралығында. Олардың өлімінің себебі гипертермия – дененің ыстықты жеңе алмайтындай қызып кетуі. Вашингтонның медицина басқармасы аптап салдарынан өзін нашар сезінген 1 648 адамға шұғыл барғандары туралы хабарлады. 358 жағдайда адамдар стационарлық емделуге жіберілген.