Кербұлақ ауданында жас кәсіпкер Ділназ Көшербай мемлекеттік грант көмегімен жедел тамақтандыру орталығын ашты. 20 жастағы кәсіпкер Сарыөзек ауылында туған. Негізгі мамандығы – жеңіл өнеркәсіп саласының жұмысын ұйымдастырушы. Алайда заман ағымын, бүгінгі күннің сұранысын зерделеп, зерттеген бойжеткен негізгі мамандығын жеке кәсіпке алмастырғанды жөн көріпті. Қалада қарыштап дамып, ауылды жерге жаңа жаңалық ретінде енді дендеп ене бастаған қоғамдық тамақтандыру саласындағы жедел тамақтандыруды ұйымдастыруды таңдаған ол өзі туып-өскен ауылда осындай шағын мейрамхана іспетті орталық ашты.
Жедел тамақтандыру орталығы Chicken Saryozek деп аталады. Орталық өткен жылдың қыркүйек айында жұмысын бастаған. Келушілер қуырылған тауық өнімдерін, пицца, суши, наггетс, стрипс сияқты бірнеше түрлі тағамға тапсырыс беріп, осы жерде отырып-ақ тез тамақтана алады. Аз уақыт ішінде Ділназдың шағын мейрамханасы жастардың жиі баратын орнына айналды.
«Оқу орнында білім алып жүріп, түрлі кәсіпті зерттеп, өзімнің біліктілігім мен мүмкіндіктерімді сараладым. «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасына арнайы барып, тиісті мамандармен жолығып, бизнесті жүргізу бойынша кеңестер алдым. Мен сияқты жеке ісін енді бастаймын дегендерге «Бастау Бизнес» жобасының көмегі көп екен. Жобаға жазылып, өткен жылы кәсіпкерлік бойынша білімімді толықтырдым, соның нәтижесінде 555 мың теңге көлеміндегі грантқа қол жеткізіп, қажетті жабдықтарды сатып алдым. Сарыөзекте қоғамдық тамақтандыру саласы жақсы дамып келеді. Тұрғындардың қуырылған тауық өнімдеріне, пицца мен сушиге қызығушылығы жоғары. Тағамдарды жеке рецепт бойынша дайындаймыз. Әзірге айына 240-300 келі тауық етінен дайын өнімдер шығарып отырмыз. Қасымда көмекшім бар», – дейді Ділназ.
Қазір жас кәсіпкер Chicken Saryozek жедел тамақтандыру орталығының мәзіріне жаңа тағамдарды қосып, ас әзірлеу технологиясын жетілдіру бағытында жұмыс істейді. Бірнеше жыл ішінде нысан ірі мейрамханаға айналатынына сенімі мол.
Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының мәліметі бойынша, жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне 1 608 жұмыссыз және жас кәсіпкер оқытылыпты. Жоба бойынша өткен жылы және биыл оқығандар 695 бизнес жоба гранттық қаржыландыру мен жеңілдетілген несие алған.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы