Токио Олимпиадасына Қазақстаннан кімдердің қатысатыны белгілі болды
Токио Олимпиадасына Қазақстаннан кімдердің қатысатыны белгілі болды
220
оқылды

Қазақстандық спортшылар Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына спорттың 27 түрінен 96 жолдама жеңіп алды.

Қазақстан бірінші рет Олимпиада бағдарламасына жаңадан енген спорт түрлері, атап айтқанда, спорттық құзға өрмелеу және каратэ бойынша қатысады. Каратэ бойынша бірден бес спортшы, ерлерден Дархан Асаділов, Нұрқанат Әжіқанов, Данияр Юлдашев пен әйелдерден Мөлдір Жаңбырбай мен Софья Берульцева, ал құзға өрмелеуден Ришат Хайбуллин бақ сынайды.
Танымал қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова қатыспақ. Бұл дода Ольганың спорт мансабындағы төртінші Олимпиадасы болмақ. Бүгінде оның қоржынында олимпиада медальдарының толық жиынтығы бар. Осыған дейінгі қатысқан барлық Олимпиада ойындарында ол жүлдемен оралған.
Су добынан ерлер құрамасы командалық ойын түрлерінен жарысқа қатысатын қазақстандық жалғыз құрама болып отыр. Олар Олимпиада ойындарына сегіз жылдан кейінгі үзілістен соң оралды. Дәстүр бойынша Қамшыбек Қоңқабаев бастаған бокстан ерлер командасы толық құраммен, сегіз салмақ бойынша қатысады. Ел қоржынындағы тоғыз жолдама боксшыларға тиесілі.  Гимнаст Милад Карими жалғыз өзі жеті жолдаманы еншілеп, іріктеу кезеңін сәтті аяқтады. Жүзуден біз үш жолдаманы иелендік. Оның екеуі Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинге тиесілі.

"Отандасымыз Руслан Құрбанов Халықаралық семсерлесу федерациясының жеке рейтингі бойынша құрлықтық квотаны жеңіп алған алты спортшының қатарына енді. Афиныдағы Олимпиада ойындарынан кейін (2004) алғаш рет Қазақстанның үш велошабандозы топтық жарыста бақ сынайды. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге  команда көшбасшысы Алексей Луценко үлкен үлес қосты. Ол Қазақстанға, жалпы алғанда, Азия құрлығының бірде-бір мемлекеті еншілемеген ұпайды әкелді", - деп толықтырды комитет.

Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылардың соңғы әрі нақты тізімі 5 шілдеден кейін белгілі болады. Ал қазақстандық делегацияның басым бөлігі екі апталық карантиннен кейін Қазақстаннан Токиоға аттанады. Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 23 маусымда Токио Олимпиада стадионында өтеді. Токио Олимпиадасы 23 шілде күні басталады және төртжылдықтың басты додасында барлығы 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады.