Жаңа мыңжылдықтың басы тәуелсіз Қазақстан үшін қалыптасу кезеңінен даму дәуіріне қадам басқан өркенді шақ болды деп айтсақ, қателеспеспіз. Соның ішінде 2003 жылдың ерекше өз орны бар. Ел өмірінде де, халықаралық аренада да елеулі оқиғаларға бай бұл меже Елбасымыз алға қойған стратегиялық міндеттердің алғашқы баспалдағы болды.
Ауыр жылдардан арылтқан «Ауыл жылдары»
90-жылдары нарық сипатты жаңа формацияның ауыр жүгі ең әуелі ауылдарға салмақ болғаны белгілі. Өйткені мал мен жерді жекешелендіру бастамасы тұралаған экономикаға «жығылған үстіне жұдырық» болып тиді. Кеңестік үлгідегі кеңшарлар мен ұжымшарлар жаңа модельдің тегеурінінен титықтай түсті. Ауыл шаруашылығы саласының тозығы жеткен материалдық-техникалық базасы өндіріп жұмыс істеп, мол өнім ала алмады. Депрессивті ауылдар көбейді. Тіпті, кейбір ауыл қаңырап бос қалды. Ауыл, аудан жолдары қырық жамау болып күрделі жөндеуді күтіп тұрды. 1990 жылы жалпы ішкі өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі 34% болса, 2004 жылы бұл көрсеткіш 7,7% мөлшеріне дейін төмендеп кетті. Мұның барлығы ел басшылығын батыл қадамдарға баруға итермеледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы жылдан бастап алдағы үш жылды, яғни, 2003-2005 жылдарды «Ауылды қолдау жылдары» деп жариялады. Бұл кезде республика халқының 60 пайыздан астамы ауылдық жерде тұратын еді. Еліміздегі экономикалық белсенді халықтың үштен бірі ауыл шаруашылығы саласында қызмет ететін. Бұл сол кезде 2 жарым миллионнан астам адамды құрады. Бұл бастамалар ауылға реформа алып келді. Әйтсе де, оның бастапқы кезеңiнде өнеркәсiп өнiмдерiне бағаның төмен болуы айтарлықтай қиындық тудырды. Сол жылдары мақта мен бидайдың бағасы едәуiр түсiп кеттi. Бiр кезде 140 доллар болған бидай сол жылдары 80 долларға дейін құлдырады. Бұл егiн өнiмдiлiгiнiң төмендеуiне әкелдi. Дегенмен, экспортқа жөнелтілетін астық түрлерінен басқа ауылшаруашылық өнiмдерiн өсіру бәрібір тиiмсіз едi. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасының болмауы, тұқымның жоқтығы, жанар-жағармай тапшылығы жағдайды шиеленiстiре түсті. Ауылды жұмыссыздық жайлады, бар жұмыстың өзінде айлық аз болғандықтан, тұрғындардың көбі қалаға ағылды. Мал саны бiрден екi есеге кемiдi. Осы мәселелерді шешу үшін ауыл реформасы жекешелендіруден басталды. Жаңа меншікте құрылған шаруа қожалықтарына мемлекеттен ұзақ мерзiмге несиелер берiлдi. Үкiмет инфрақұрылымды қалпына келтiруге көмектестi. Ауыл мен селоларды дамытуға арналған аса маңызды азық-түлiк және ауылдық жерлердi дамыту мемлекеттiк бағдарламалары қабылданды. Оған 2003-2004 жылдары 90 млрд. теңге бөлiндi. Осылайша, ауыл шаруашылығына бұрын-соңды болмаған тiкелей мемлекеттiк инвестициялар құйылып, ауылдардың әлеуметтiк, көлiктiк және инженерлiк инфрақұрылымдары қалпына келтiріле бастады. Соның нәижесінде ауылдарға жан бітті. 2002-2004 жылдар аралығында ауыл шаруашылығындағы негiзгi капиталға түсетiн инвестицияның көлемi 600 миллион АҚШ долларына дейiн өсті. Бұл 2000 жылмен салыстырғанда 20 есеге артық еді.
Сондай-ақ осы 2003 жылдың айтулы оқиғасы, ел тарихындағы маңызды құжат -Жер кодексiнің қабылдануы. Одан бөлек, салық саласындағы бiрқатар заңдар өз күшiне енiп, патент немесе бiрыңғай жер салығы негiзiнде бюджеттiк төлемдердiң жеңiлдетiлген жолдары қалыптасты. Бұл ауыл шаруашылығы бизнесiн жүргiзуге өте қолайлы жағдай туғызды. Осылайша, Ауыл жылдары оған дейінгі ауыр жылдардан арылтты.
«Әуелі экономика, сосын саясат» стратегиясы
Елбасының «әуелі экономика, сосын саясат» қағидаты күні бүгінде де өз жемісін беріп келеді. Ал оның алғашқы нақты жүзеге аса бастағаны осы 2003 жыл еді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті сәуір айындағы халқына кезекті Жолдауында саяси реформалардың бес негізгі басым бағыты мен экономикалық жаңашылдықтарды жария етті. Бұл бағдарлама бiрiншiден мемлекеттiк басқару жүйесiн жаңалап жетiлдiруді қарастырды. Мұндағы басты мiндеттер – мемлекеттiк басқару деңгейлерi арасындағы құзыреттiлiктiң аражiгiн айқын ажыратуға, бюджетаралық қатынастар жүйесiн жетiлдiруге негізделді. Екiншi бағыт сайлау жүйесiн одан әрi жетiлдiру туралы болды. Үшiншiден, саяси жүйенi демократияландырудың маңызды бағыты азаматтық қоғам институттарын одан әрi нығайту қарастырылса, төртiншi қадам БАҚ туралы жаңа заң қабылдау ұсынылды. Бесiншiден, қылмысқа қатысты құқық аясын одан әрi iзгiлендiрудi жалғастыру көзделді. Осы ретте Президент өлiм жазасын қолдануға мораторий жариялауды тапсырып, жазаның өмiр бойына бас бостандығынан айыру сияқты түрiн енгiзудiң ұйымдық, материалдық және заңнамалық шарттарын жасау қажетін баса айтты. Бұдан бөлек, алқабилер институтын кезең-кезеңiмен енгiзу жайы да осы Жолдауда алғаш рет сөз болды.
2003 жыл экономикалық өркендеумен, жалақының артып, ауылға ерекше назар аударылуымен, сондай-ақ, мәдени мұраны түгендеуге түбегейлі бетбұрыс жасаумен есте қалды. Мәселен, 2003 жылдың 1 маусымынан бастап ең төменгі зейнетақы мөлшері 5 500 теңге құрады. Еліміздің алтын-валюта активінің жалпы жиынтығы 6 млрд. 19 млн. долларға жетті. Бұл экономиканың сапалық жаңа деңгейге көтерілгенін айғақтайды. Соған сәйкес, әлеуметтік ахуал да арта түсті. Мысалы, осы жылы демографиялық жағдайды көтеру және әлеуметтік қолдау мақсатында елімізде алғаш рет аналарға бала тууына байланысты бірреттік жәрдемақы беріле бастады. Осы жолдың авторлары сол жәрдемақының игілігін көрген алғашқылардың бірі.
Дін татулығы дәріптелген жыл
Әрбір мемлекеттің әлемдік қауымдастықтағы орны оның инвестициялық тартымдылығына, әріптестік әлеуетіне, экономикалық өркендеуіне, ұлттық мүддесіне мұрындық болар халықаралық беделімен өлшенетіні белгілі. Сондықтан сыртқы саясатта да бұл жылы еліміздің халықаралық жетістігі толайым табыстарға толы болды деуге болады. Әлемдік ықпалдастықта көпвекторлы саясатты мығым ұстана білген Қазақстан дипломатиясының жемісті жұмысының нәтижесінде еліміздің халықаралық имиджі арта түсті. Орталық Азияда Қазақстан көш басына шықты. Астана төрі халықаралық маңызды жиындардың алаңына айналды. Сондай жетістікті жиынның бірі – адамзат тарихында алғаш рет үш ірі дін өкілдері мен түрлі конфессиялардың татулыққа тал бесік болған қазақ топырағында басқосуы еді. Қыркүйек айында елордамызда Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бірінші құрылтайы өтті. Нұрсұлтан Әбішұлының халықаралық қауымдастық алдындағы беделінің арқасында оның шақыруын әлемдік және дәстүрлі діндердің жетекшілері асқан құрметпен құп алды. Осылайша, түрлі дін мен конфессия өкілдері Қазақстанда бір дастарқан басына жиналып, сол кездегі ахуалға бағасын беріп, базынасын айтты. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарға арнаған құттықтау сөзінде: «...Біз қарапайым, алайда сөзсіз бір ақиқатты түсінуге тиіспіз – бүгінгі дүниеде біздің бәріміз өзара тәуелдіміз. Және бұл өзара тәуелділік кез келген жайт пен тербелісті сезінетін шетін де сезімтал тетік болып табылады. Біздің ортақ үйіміз – бұл тек біздің еліміз емес, сонымен бірге тұтас Жер шары екені белгілі. Біздің бәріміз де өзіміздің балаларымыз, немерелеріміз бен шөберелеріміздің бейбіт жағдайда, саламатты ортада, басқа халықтармен және басқа конфессиялармен келісімде, соғыс пен жоқтықты білместен өмір сүргенін қалаймыз. Біздің қызметіміз, біздің дұғамыз бен жанашырлығымыз планетаның от шарпыған нүктелерінде, түрлі жанжал аймағындағы миллиондаған адамдардың қасіреті тыйылатын жарқын уақытты жақындатуға жәрдемдеседі деп үміттенемін. Өз сөзімді аяқтай келе мен біздің құрметті қонақтарға – делегациялардың басшылары мен өкілдеріне жұмысқа белсене қатысқаны үшін тағы да шынайы алғысымды айтқым келеді» деп әлемде бейбітшілікті сақтауға шақырды.
Құрылтай нәтижесінде дінбасылары «бәріміздің Жаратушымыз бір, олай болса, өркениеттерге сыйластықпен, ұстамдылықпен, құрметпен қарап, бәріміздің бейбіт қатар өмір сүруімізге болады» деген халықаралық құжатқа қол қойды. Әрбір дәстүрлі дін жетекшісі өзі табынатын Жаратушыдан Қазақстанға, оның халқына қолдау көрсетуін тілеп, дұға жасады. «Бәйтерек» монументінің ұшар басына бірге шығып, бейбіт өмір сүруге, сыйласып қатар жүруге болатынын іс жүзінде дәлелдеп шықты. Үш жыл сайын қазақ елінде жиналып тұруға шешім қабылдаған дінбасыларының содан бергі 18 жылда 6 съезі өтті. Жыл сайын оған қатысушылар қатары да көбейіп келеді.
Нұрлан ҚОСАЙ