Сот жүйесіне түбегейлі реформа жасалды
Сот жүйесіне түбегейлі реформа жасалды
323
оқылды

Тәуелсіздік жылдарында елі­мізде түбегейлі рефор­ма­ланған саланың бірі – сот жүйе­сі. Осы 30 жыл уақыт ішінде сот құрылымы мен сот өндірісі жүйе­сі айтарлықтай өзгеріске ұшы­рады, жеке­ле­ген санаттағы істерді қарай­тын мамандан­ды­рылған сот­тар құрылды. Қазір Қазақстан­да халықаралық-эко­номи­калық соттар, әкімшілік сот­тар, аса ауыр қылмыстық іс­тер жөніндегі халықаралық ма­­ман­дандырылған соттар жұ­мыс істейді. Сот жүйесін­дегі көп­теген Қылмыстық, Аза­маттық, Қылмыстық-про­цес­суалдық, Азаматтық-про­цес­суалдық кодекстер, Еңбек ко­де­ксі және басқа да қоғам­дық қатынастарды реттейтін заң актілері қабылданды. Бұл процесс әлі жалғасып жатыр.

Сот жүйесінің қалыптасуы

Бүгінде Қазақстанда билік тармақтары заң шығарушы, атқарушы және сот органдарының құзыретіне берілгенімен, ол барлық уақытта бұлай болған жоқ. Кеңестер заманында сот қана емес, бүкіл әділет жүйесі таптық идеологияға құрылған социалистік заңдылықтарды қорғау принципінде жұмыс істеді.
Елімізде соттардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ал­ғашқы қадам 1990 жылғы 23 қарашада «Қазақ КСР сот құрылысы туралы» заңынан бастау алды десек, шындықтан алыс кетпеген болар еді. Саяси жағдайдың өзгеруіне байланысты коммунистік партияның өктем идеологиялық ұрандары құнын жоғалтты. Жаңа заңда сот органдарының қызметіне «демократиялық құқықтық мем­лекетті қалыптастыру», «демократияны қамтамасыз ету және халықтың өзін-өзі басқаруын одан әрі жетілдіру» сияқты принциптер енгізілді.

Одақ құлап, Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін еліміздің әділсот жүйесі тарихының екінші кезеңі жүзеге асырылды. Ол 1991 жылғы 16 желтоқсандағы «Мемлекеттің тәуелсіздігі туралы» заңы­мен тікелей байланыстырамыз. Қазақстанда билікті үш тармаққа бөлу осы кезеңнен бастау алады. Бұл принцип 1993 жылғы Конституцияда бекітілді.

Конституцияның 95-бабында Қазақстандағы сот билігі Конституциялық Сотқа, Жоғарғы Сотқа және Жоғарғы Төрелік Сотқа, сондай-ақ заң бойынша құрылатын төменгі соттарға тиесілі екені атап көрсетілді. Онда: «Ешқандай өзге органның, лауазымды немесе өзге адамның сот билігі міндеттерін өз мойнына алуға қақысы жоқ» делінген. «Конституциялық Сот – Казақстан Республикасы Конституциясын қорғау жөніндегі сот билігінің жоғарғы органы деп табылатыны» айрықша көрсе­тіледі.
Қазақстан 1993-1994 жылдары әлем елдерімен тең дәрежеде қарым-қатынасты одан сайын ны­ғайта түсті. Осыған орай, халықаралық құқықтық нормаларға сай ішкі саяси-әлеуметтік-экономикалық даму са­ласында жаңаша сипаттағы құқық­тық реформа жүргізу қажеттілігі туындады. .

Сөйтіп, 1994 жылы ақпанда ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасындағы құқық­тық реформаның мемлекеттік бағ­дарламасы туралы» қаулысы шықты. Мұнда сот жүйесін реформалау жан-жақты баяндалған. Әсіресе, судья­лардың кәсіби деңгейін көтеру, бұл органды ұйым тұрғысынан ны­ғайту, іс қарауда соттардың ешкімге тәуелді болмауын қамтамасыз етудің жаңа жобасы жасалды. Судьялардың қызметтік міндеті түпкілікті бекі­тілді. Одан бөлек, судьялардың әлеу­меттік жағдайын жақсартуға да айрықша көңіл бөлінді. Судьялардың құқықтарын қорғаудың принципті үлгілері түзілді.

Жоғарғы Сот республикадағы жалпы соттардың ең жоғарғы ұйымы болып табылатыны атап көрсетілді. Оның құзыретіне ең жоғарғы лауазымды тұлғалардың қылмыстық іс­терін қарау, сондай-ақ кассациялық, қадағалау сатыларының міндеттері және заңдардың қолданылуы жөнінде түсінік беру міндеті кірді.
Аталған қаулыда Жоғарғы Соты арнайы сот алқаларына бө­лініп құрылатыны, судьялар құрамы соған сай іріктелетіні айтылды. Облыстық соттың құрылымы, оның төрағасы, алқа төрағалары, оған теңестірілген қалалық соттың да құрылым жүйесі айқындалды. Ал әскери сот дәрежесіне қарай Жоғарғы Сот Алқасының құрамына кірді.
Ал Президенттің 1995 жылғы 20 желтоқсандағы «Қазақстан Респуб­ликасындағы соттар жөне судьялардың мәртебесі туралы» Жарлығы тәуелсіз сот билігі мен судьялардың мәртебесіне қатысты әлемдік құқық­тық нормаларға сай жаңаша заңдар ережесін жасап, бекітіп берді.

Елімізде тәуелсіз сот жүйесін да­мытудың үшінші кезеңі 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстанның ұлттық сот жүйесіндегі тарихи уақиға болды. Егемен еліміздің тәуел­сіз сот жүйесін жетілдіруде атыл­мыш заң ғасыр жүгін арқалады де­сек, асыра айтқандық емес. Отандық сот жүйесінің халықаралық дәре­жедегі беделі артып, біздің жүйе­дегі кейбір озық үлгілер мен бастамалар шетелдіктер тарапынан қызығушылық тудырды. Аталған құжаттың негізінде мамандандырыл­ған соттар құрылды. Сөйтіп, экономикалық, әкімшілік, әскери, ювеналды және қылмыстық істер бойынша мамандандырылған соттар жұмыс істей бастады. Жоғарғы Сот жанында Сот төрелігі академиясы мен Халықаралық кеңес құрылды.

Жаңа технологияларды қолданудың көмегімен сот қызметі ашық, жедел, қолжетімді бола түсті. Респуб­лика соттарының сот мәжілісі залдары түгелдей аудио және бейнежазба құрылғыларымен жабдықталып, сот отырыстары жүз пайыз ды­быс-бей­нежазба құрылғыларын қолдану арқылы өткізілуге көшті. Жаңа технология азаматтардың сотқа келуін міндеттемей, арыз-ша­ғымын «Сот кабинеті» ар­қылы үйінен, кеңсесінен шықпай-ақ Жолдауына жол ашты.

Судьяларға қойылатын талап күшейді

2007 жылдың 1 қаңтарында алқабилер институты өмірге келді. Осы жылы санкциялау шарасы прокуратура органының құзыры­нан алынып, сот жүйесінің ықпалына берілді. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Әділсот институтында судья болуға талаптанған жоғары оқу орындары түлектерін тереңдетіп оқыту ісі ұйым­дастырылды.
Судьялар одағы судьялар қызметіне көмек беретін әдістемелік, зерттеу еңбектер де жарыққа шы­ғарыла бастады. Әсіресе, судьялар тиісті ве­домстволар жанынан құрылған жұмыс топтарына шақырылып, нормативтік актілер мен заңнамалық құжаттардың талқылауына қатысатын болды. Осы ретте Жоғарғы Соттың «Сот билігі» деген нормативтік қаулысы қа­былданғанын да айта кеткен жөн.

Судьялардың кәсіби біліктілігін арттыруға байланысты ерекше ұсыныстар, олардың тәжірибеде жүзеге асуы осы ұйымның бастамашылығы, белсенділігі арқасында жүзеге асып келеді. Мысалы, одақтың мұрындық болуымен Жоғарғы Соттағы тәжірибелі әрі білікті судьялардың және ғалымдардың қатысуымен конференциялар, семинарлар өткізіліп тұратын болды.

Сондай-ақ осы жылы сот қазыларының жағдайы бекітілді. Мұнда судьялардың кәсіби біліктілік деңгейі сынақтан өткізілетін болды. Осыған сай судьялардың құ­қықтық мәртебесін бағалаудың, сот кадрларын даярлаудың, іріктеудің және тағайындаудың жаңа үлгісі қалып­тас­ты. Қызметтегі судьяларды бағалауды Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия жүзеге асырады. Шетелдік сарапшылар бұл құжатты судьяларды бағалаудың тиімді құралы деп атады.
Қазір үміткер алдымен кешенді психологиялық тестілеуден өте­ді. Содан кейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде заңдардан тест тапсырады, кейстерді шешеді, эссе жазады, әңгімелесуден өтеді. Конкурстан сәтті өте ме, өтпей ме, ол то­лығымен үміткердің жеке басының қасиетіне байланысты.

Сот құрылымы жетіле түсті

2010 жылдан бастап сот жүйе­сінің жұмысы жаңа форматқа ауыс­ты: облыстық соттарда кассация­лық инстансаны енгізумен бірге, қадағалау сатысы оңтайландырылды. Барлық жергілікті соттардың қызметтерін қадағалау функциясы Жоғарғы Сотқа берілді. Заңға енгізілген бұл өзгерістер әділсот жүйесінің көпсатылығын жоюға, істерді қарауды жеделдетуге және жеңілдетуге бағытталды.
Сондай-ақ 2010 жылы Әскери соты жанындағы Соттың әкімдеу жөніндегі комитеті таратылып, оның функциясы Әділет министрлігі мен Жоғарғы Соттың аппаратына бөліп берілді. Бұл сот қызметінің нәтижелігін арттыра түсті.

Қазақстанның 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасына сәйкес, сот өндірісінің барлық сатыларын жетілдіру, сот жүйесінің ашықтығы мен мөлдірлігін қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібіне шықты. Бұл құжат құ­қық қорғау әлеуетін жүзеге асыру үшін мол мүмкіндіктерге жол ашты.

Жоғарғы Соттың төрағасы Жақып Асановтың айтуынша, екі жарым жылдан бері «Сот төрелігінің жеті түйіні» жаңа бағдарламасы соттардың жұмыс стилін түбегейлі өзгерткен. Оған себеп, бұл реформа жоғарыдан емес, төменнен бастау алды: жобалық менеджменттің негізінде оған тек судьялар ғана емес, сондай-ақ, сот процесіне қатысушылардың барлығы – адвокаттар, прокурорлар, медиаторлар, заңгерлік қауымдастықтың өкілдері белсене атсалысты. Атап айтсақ, кәсіби сот корпусын қалыптастыру мақсатында кәсіби бағалаудың жаңа стандарттары енгізілді, сотты әкімшілендіру келу­шілерге жаңа технологиялар арқылы қызмет көрсете бастады: 2018 жылы соттарда 229 фронт-кеңсе ашылып, келушілер барлық қажетті қызметті «бір терезе» қағидаты арқы­лы жедел әрі сапалы алатын болды.

Бүгінде еліміздің 17 өңірінде 47 татуласу орталығы ашылып, 413 билер кеңесі құрылған. Солардың жұмысының арқасында даулардың 28 пайызы сотқа дейін татуласумен аяқталған. Қазір елімізде қылмыс­тық процестерде айыптау сипаты бəсеңдеп, ақтау үкімдерінің саны айтарлықтай өсіп келеді. Ауыр қылмыстар бойынша ақтау үкімдерінің саны былтыр 12 есеге өскен. Егер бұрын жылына 15 адам ақталып шықса, қазір олардың саны 180-ге жетті. Құқық қорғау органдарына жасалған шағымдар екі есеге дейін қанағаттандырылады. Бұл тергеу сапасының жақсаруына да əсер етті.
Соттарда цифрландырудың дамыту деңгейі пандемия кезеңінде сот төрелігін онлайн режимде жедел жүргізуге мүмкіндік берді. Виртуалды сот процесіне қа­шықтан қатысуға мүмкіндік жасалды.
Халықаралық рейтингке көз жүгіртсек...
Қазір көптеген шетелдік тәуелсіз сарапшы сотты реформалау тұрғысынан Қазақстан посткеңестік елдердің ішінде алдыңғы позицияға шыққанын мойындап отыр. Сөйтіп, біздің елімізде құ­қықтық мемлекет талабына лайықты сот жүйесі қалыптасты. Және бұл жүйе Конституция мен заңдардың орындалуы мен азаматтардың құқықтарын, бас еркіндіктерін, заңды мүдделерін толықтай қорғауды қамтамасыз ете алады.
Қазақстандық сот жүйесін дамыту векторы халықаралық сарапшылардың назарынан ешқашан тыс қалған емес. Бұған әлемдік рейтинг өлшемі дәлел. Мысалы, «Құқық үстемдігі» индексі бойынша респуб­ликамыз көрсеткішін 11 позицияға, яғни 2017 жылғы 73-позициядан 2020 жылы 62-позицияға жақсартты. Ал Doing business рейтингісінде «Келісімшарттардың орындалуын қамтамасыз ету» индексі бойынша 190 елдің арасында 4-орын иеленді. Халықаралық беделді сарапшылардың пікірінше, бұл цифрлар үлкен жұмыстың атқарылғанын айғақтайды.

 Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, дамыған елдермен салыстырғанда біздің соттар неғұрлым қолжетімді. Баж салығының көлемі аса көп емес, істер тез қаралады. Бұрын істің түпкілікті нүктесін қоюға 2,5 жылға жуық уақыт кететін. Қазір бұл мерзім бір жылдан аспайды. Дүниежүзілік экономикалық форумның бəсекелестікке қабілеттіліктің ғаламдық индексінің екі жылдағы рейтингінде (2017-2019 жылдар) «Сот тəуелсіздігі» критерийі бойынша Қазақстан өз көрсеткішін 8 позицияға (79-дан 71-орынға) жақсартты.

P.S.Елбасы Н.Назарбаевтың: «ХХI ғасырдағы ұлт дамуының маңызды өлшемі – мінсіз және тиімді ұлт­тық сот төрелігі жүйесі. Тәуелсіз және әділетті сот – құқықтық мемлекеттің негізі. Онсыз әлемнің бірде-бір елінде, тіпті ең дамыған мемлекеттерде қолайлы инвестициялық ахуалдың да, азаматтардың жоғары әл-ауқатының да, қоғамның табысты дамуының да болуы мүмкін емес» деген сөзінің мағынасы күн өткен сайын ашыла түскендей. Сондықтан еліміз­дің бүгіні мен ертеңі үшін әділ сот жүйесі қалыптасуының маңызы зор.
Дәулет АСАУ