Жақында Алматы қаласында жаңа туған сәбиін сатпақ болған ерлі-зайыпты ұсталды. Олар баланы Жамбыл облысының тұрғынына сатуға бел буған екен. Кейіннен анықталғандай, екеуі де Өзбекстан азаматы болып шықты. Қоғамда бұдан бұрын да осындай жайттар болған-ды. Елімізде неліктен бала сату тоқтамай тұр? Себебін бала асырап алу процесінің қиындығымен байланыстыра аламыз ба? Әлде басқа себебі бар ма?
Нарықтағы сәбидің құны қанша?
Ресми дерекке мән берсек, полиция қызметкерлері үш күннің ішінде адам саудасына қатысты 56 факт анықтаған. Бұдан бұрын, маусым айының басында Түркістан облысында 27 жастағы ана баласын 7 миллион теңгеге сатпақ болғаны туралы дерек шықты. Ол сатып алушымен келісіп, құжатын заңдастыру үшін нотариусқа барғанында қылмысы әшкереленді.
Айта кетерлігі, 2016 жылы бала сату бизнесімен айналысып келген 30-дан астам адам заң алдында жауап берген-ді. Олар бес жыл ішінде 28 нәрестені саудалаған. Бертін келе, 2020 жылы адам саудасына қатысты 44 деректің 15-і бала сату бойынша қаралып, қылмыстық іс қозғалды. Деректер тізбегін жалғастырсақ, Алматы қаласындағы көпбейінді клиникалық аурухананың акушер-гинекологы мен медбикесі бала сатумен «байып» жүргені белгілі болған еді. Олар нәрестелерді 10 мың доллардан 150 мың теңгеге дейін бағалап келген.
Құқық қорғау органдары жариялаған деректерде жаңа туған шақалақтардың бағасы миллион теңгеден басталып, 4 миллион теңгеге жететіні айтылады. Тіпті, қазір дүниеге келмеген баласын саудалап, түрлі әлеуметтік желіде, сайтта жарнама беретіндер көбейген. Ұзақ жыл бойы сәби иісін аңсағандар бала асырап алу процесінен айналып өту үшін осындай «оңай» жолды таңдап жатады.
Біз әңгімеге тартқан заңгер де перзентханада некеден тыс дүниеге келген балаларды «делдал» болу арқылы сататындар барын жасырмады. Жоғарыда айтқанымыздай, балаға зар ерлі-зайыптылардың перзентхана жағалайтыны да содан. Біріншіден, олар құжат жинау процесін айналып өтеді. Екіншіден, көптің ұйғаруынша, бұл бала өскенде де өзінің асырап алынғаны туралы білмеуіне кепілдік береді. Есте болса, осыдан бірнеше жыл бұрын оңтүстікте жаңа туылған сәбилерге ауру деп жалған диагноз қойып, саудалағандар жайында да айтылған еді.
Бала асырап алу процесі қиын әрі күрделі
«Білесіздер, шетелде адам саудасының неше түрі бар. Бізде өзінің баласын сату кеңінен тараған. Негізінен, материалдық байлықты көздейтін ата-аналар жиі кездеседі. Одан кейін перзентханада болатын жағдайларды естен шығармау керек. Мәселен, перзентхана қызметкерімен расымен сәби иісін аңсап жүрген ата-аналар жолығады. Соған орай олар сәбиін некеден тыс дүниеге әкелген қыз-келіншектердің баласын сұраған адамға береді. Әрине, ақы алатынын естен шығармау керек. Бізде бала асырап алу процесі қиын әрі күрделі. Халқы көп елдерде бала сату кәсіп түріне айналып кеткен. Мысалы, Үндістанда бала ұрлап, оны тән саудасы үшін, орган саудасы үшін пайдаланатындар жетеді. Мұндай қылмыс түрі елімізде кең етек жаймаған деуге болады», – дейді заңгер Абзал Құспан.
Ұзақ жылдан бері бала асырап алу ісін зерттеп жүрген заңгер тәжірибе жүзінде бірнеше істің куәгері болғанын айтады. Оның айтуынша, кейінгі жылдары елімізде бала асырап алу процесін күрделендіріп жіберген. Мұны заңгер дұрыс шешім деп бағалап отыр. Өйткені мемлекет тарапынан жәрдемақыға қызығып, бала асырап алып, кейіннен оның бағым - күтімі дұрыс болмай жатады. Кейбір тұста ақшаға қызығу былай тұрсын, баланы құл ету үшін асырап алған жайттарды көз көріп жүр.
Ал құжат жинау процесі жайлы айтар болсақ, алдымен тілек білдіруші тараптың тұрғын үйі болуы шарт. Материалдық жағдай талапқа сай болғаны дұрыс. Екіншіден, үйдегі тазалық жағдайын санитарлық қызметкерлер арнайы барып, тексеретінін ұмытпаған жөн. Жұмыспен қамтылу жағдайы, психикалық ауытқудың бар-жоғы, сексуалды орентациясына мән беріледі. Мысалы, сексуалды орентациясы бұзылған адамдарға бала асырап алуға тыйым салынған екен. Мұның бәрін былай қойғанда, бала асырап алғыңыз келсе, 2 айлық курсқа қатысу маңызды. Заңгерлер бұл талаптың орынды екенін жиі айтып жүр. Курс қазақ және орыс тілінде жүргізіліп, онда әртүрлі психологиялық жағдайға бейімделуді үйретеді. Осы оқудың нәтижесінде ата-ана болуға тілек білдіргендердің бұл міндетті арқалауға қаншалықты әзір екеніне баға беріледі. «Бала асырап алуға лайық» дейтін шешім шыққан соң тізімдегі ата-аналар бала іздеуші ата-ана ретінде базаға тіркеледі. Кейіннен асырап алатын бала табылғаннан кейін талап білдіргендер мен оның психологиялық сәйкес екені анықталады. Мысалы, балалар үйіне бірнеше рет барып, баламен тілдесіп, ойнап, көңілін аулағаны абзал. Сонда баланың жаңа ата-анаға бойы үйреніп, екеуара психологиялық үйлесім пайда болады. Одан кейін сот шешімі арқылы бала асырап алу құқына ие боласыз. Жалпы алғанда, бала асырап алу процесі жылдам жүзеге асты дегенде жарты жылға созылады. Елімізде жылдап бала асырап ала алмай жүргендердің барын да ескерген жөн.
Оларға қандай жаза қолданылады?
Бала саудасына қатысты қылмысты Қылмыстық кодекстегі 135-бап бойынша тергейді. Мысалы, кәмелетке толмаған адамды сатып алу-сату немесе оған қатысты өзге де мәміле жасағандардың мүлкін тәркілеп, бес жылдан тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар. Ал баланы шетел асырып сатып немесе ағзасын саудалағандардың мүлкін тәркілеп, он жылдан он бес жылға дейін қамауға алады. Егер бала саудасы арнайы құрылған қылмыстық топтың ісі екені әшкереленсе, он екі жылдан он сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Мысалы, 2020 жылы сәбиін миллион теңгеге сатқан әйел сот үкімімен 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қорыта келгенде, елімізде әр саланың ашық жүйеге көшкені керек-ақ. Өйткені бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды тіркеу жүйесіндегі олқылықтар барын айтқан-ды. Қанша жерден елде балалар үйінің азайып, патронаждардың көбейгенін айтып, жар салсақ та, істің астарында түрлі сұмдық жасырын қалады. Оған бала асырап алу процесі кезіндегі жемқорлықты қосыңыз. Тағы бір статистикаға жүгінсек, қазір ерлі-зайыптылардың 15%-ы табиғи жолмен бала сүйе алмайды. Сол үшін отбасын құрғандардың 20%-ы ажырасып жатады. Айналып келгенде, олар шаңырақтың шаттығы үшін перзентхана жағалап, заңды белден басады. Іс жүзінде әрекет етемін деген отбасылар балалар үйінің табанын тоздырып, сау бала асырап алу үшін «сұрағанын» беріп, жылдап кезекке тұрады.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ.