Баласын сатудан да бас тартпайды
Баласын сатудан да бас тартпайды

Жақында Алматы қаласында жаңа туған сәбиін сатпақ бол­ған ерлі-зайыпты ұсталды. Олар баланы Жамбыл облысының тұрғынына сатуға бел буған екен. Кейіннен анық­­­талғандай, екеуі де Өзбек­стан азаматы болып шық­ты. Қоғам­да бұдан бұрын да осындай жайттар болған-ды. Елімізде неліктен бала сату тоқтамай тұр? Себебін бала асырап алу процесінің қиындығымен байланыстыра аламыз ба? Әлде басқа себебі бар ма?

Нарықтағы сәбидің құны қанша?

Ресми дерекке мән берсек, полиция қызметкерлері үш күннің ішінде адам саудасына қатысты 56 факт анықтаған.  Бұдан бұрын, маусым айының басында Түркістан облысында 27 жастағы ана баласын 7 миллион теңгеге сатпақ болғаны туралы дерек шықты. Ол сатып алу­­шымен келісіп, құжатын заң­дастыру үшін нотариусқа барға­нын­да қылмысы әшкереленді.

Айта кетерлігі, 2016 жылы бала сату бизнесімен айналысып келген 30-дан астам адам заң алдында жауап берген-ді. Олар бес жыл ішін­де 28 нәрестені саудалаған.  Бертін келе, 2020 жылы адам сау­да­сына қатысты 44 деректің 15-і ба­ла сату бойынша қаралып, қыл­м­ыстық іс қозғалды. Деректер тіз­бегін жалғастырсақ, Алматы қала­сындағы көпбейінді клиникалық ау­ру­хананың акушер-гинекологы мен медбикесі бала сатумен «ба­йып» жүргені  белгілі болған еді. Олар нәрестелерді 10  мың доллар­дан 150 мың теңгеге дейін бағалап келген. 

Құқық қорғау органдары жа­риялаған деректерде жаңа туған шақалақтардың бағасы миллион теңгеден басталып, 4 миллион теңгеге жететіні айтылады. Тіпті, қазір дүниеге келмеген баласын саудалап, түрлі әлеуметтік желіде, сайтта жарнама беретіндер көбей­ген. Ұзақ жыл бойы сәби иісін аң­сағандар бала асырап алу проце­сінен айналып өту үшін осындай «оңай» жолды таңдап жатады.
Біз әңгімеге тартқан заңгер де перзентханада некеден тыс дүниеге  келген балаларды «делдал» болу арқылы сататындар барын жасыр­мады. Жоғарыда айтқанымыздай, балаға зар ерлі-зайыптылардың пер­зентхана жағалайтыны да со­дан. Біріншіден, олар құжат жинау процесін айналып өтеді. Екін­шіден, көптің ұйғаруынша, бұл бала өскенде де өзінің асырап алын­ғаны туралы білмеуіне кепіл­дік береді. Есте болса, осыдан бір­неше жыл бұрын оңтүстікте жаңа туылған сәбилерге ауру деп жалған диагноз қойып, саудалағандар жайында да айтылған еді.

Бала асырап алу процесі қиын әрі күрделі

«Білесіздер, шетелде адам сау­дасының неше түрі бар. Бізде өзі­нің баласын сату кеңінен тара­ған. Негізінен, материалдық бай­лықты көздейтін ата-аналар жиі кездеседі. Одан кейін перзент­ханада болатын жағдайларды естен шығармау ке­рек. Мәселен, пер­зент­хана қызмет­керімен расымен сәби иісін аңсап жүрген ата-аналар жолығады. Соған орай олар сәбиін некеден тыс дүниеге әкелген қыз-келіншек­тердің баласын сұраған адамға береді. Әрине, ақы ала­ты­нын естен шығармау керек. Бізде бала асырап алу процесі қиын әрі күрделі. Халқы көп елдерде бала сату кәсіп түріне айналып кеткен. Мысалы, Үндістанда бала ұрлап, оны тән саудасы үшін, орган сау­дасы үшін пайдаланатындар же­теді. Мұндай қылмыс түрі елімізде кең етек жай­маған деуге болады»,  – дейді заңгер Абзал Құспан.

Ұзақ жылдан бері бала асырап алу ісін зерттеп жүрген заңгер тәжірибе жүзінде бірнеше істің куәгері болғанын айтады. Оның айтуынша, кейінгі жылдары елі­мізде бала асырап алу процесін күр­делендіріп жіберген. Мұны заңгер дұрыс шешім деп бағалап отыр. Өйткені мемлекет тарапынан жәрдемақыға қызығып, бала асы­рап алып, кейіннен оның бағым - күтімі дұрыс болмай жатады. Кейбір тұста ақшаға қызығу былай тұрсын, баланы құл ету үшін асы­рап алған жайттарды көз көріп жүр. 

Ал құжат жинау процесі жайлы айтар болсақ, алдымен тілек біл­діруші тараптың тұрғын үйі болуы шарт. Материалдық жағдай талапқа сай болғаны дұрыс. Екіншіден, үйдегі тазалық жағдайын санитар­лық қызметкерлер арнайы барып, тексеретінін ұмытпаған жөн. Жұ­мыспен қамтылу жағдайы, психи­калық ауытқудың бар-жоғы, сек­суалды орентациясына мән бе­ріледі. Мысалы, сексуалды орента­циясы бұзылған адамдарға бала асырап алуға тыйым салынған екен. Мұның бәрін былай қой­ғанда, бала асырап алғыңыз келсе, 2 айлық курсқа қатысу маңызды. Заңгерлер бұл талаптың орынды екенін жиі айтып жүр. Курс қазақ және орыс тілінде жүргізіліп, онда әртүрлі психологиялық жағдайға бейімделуді үйретеді. Осы оқудың нәтижесінде ата-ана болуға тілек білдіргендердің бұл міндетті ар­қалауға қаншалықты әзір екеніне баға беріледі. «Бала асырап алуға лайық» дейтін шешім шыққан соң тізімдегі ата-аналар  бала іздеуші ата-ана ретінде базаға тіркеледі.  Кейіннен асырап алатын бала табылғаннан кейін талап білдір­гендер мен оның психологиялық сәйкес екені анықталады. Мысалы, балалар үйіне бірнеше рет барып, баламен тілдесіп, ойнап, көңілін аулағаны абзал. Сонда баланың жаңа ата-анаға бойы үйреніп, екеу­ара психологиялық үйлесім пайда болады. Одан кейін сот шешімі арқылы бала асырап алу құқына ие боласыз. Жалпы алғанда, бала асы­рап алу процесі жылдам жүзеге асты дегенде жарты жылға созыла­ды. Елімізде жылдап бала асырап ала алмай жүргендердің барын да ескерген жөн.

Оларға қандай жаза қолданылады?

Бала саудасына қатысты қылмысты Қылмыстық кодекстегі 135-бап бойынша тергейді. Мы­салы, кәмелетке толмаған адамды сатып алу-сату немесе оған қатыс­ты өзге де мәміле жасағандардың мүлкін тәркілеп, бес жылдан тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар. Ал баланы ше­тел асырып сатып немесе ағзасын саудалағандардың мүлкін тәркілеп, он жылдан он бес жылға дейін қамауға алады. Егер бала саудасы арнайы құрылған қылмыстық топтың ісі екені әшкереленсе, он екі жылдан он сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.  Мысалы, 2020 жы­лы сәбиін миллион теңгеге сатқан әйел сот үкімімен 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қорыта келгенде, елімізде әр саланың ашық жүйеге көшкені керек-ақ. Өйткені бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин ата-ана қамқорлығынсыз қалған ба­лаларды тіркеу жүйесіндегі олқы­лықтар барын айтқан-ды. Қанша жерден елде балалар үйінің азайып, патронаждардың көбейгенін ай­тып, жар салсақ та, істің аста­рында түрлі сұмдық жасырын қалады. Оған бала асырап алу процесі кезіндегі жемқорлықты қосыңыз. Тағы бір статистикаға жүгінсек, қазір ерлі-зайыптылардың 15%-ы  табиғи жолмен бала сүйе алмайды. Сол үшін отбасын құрғандардың 20%-ы ажырасып жатады. Айналып келгенде, олар шаңырақтың шат­тығы үшін перзентхана жағалап, заңды белден басады. Іс жүзінде әрекет етемін деген отбасылар ба­лалар үйінің табанын тоздырып, сау бала асырап алу үшін «сұраға­нын» беріп, жылдап кезекке тұ­рады.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ.