ЛРТ жобасы: құрылыстан қайта шикілік шықты
ЛРТ жобасы: құрылыстан қайта шикілік шықты
232
оқылды

Елордада талай жылдан бері тұралап тұрған ЛРТ жобасының құрылысы қайта басталмақ. Қазақстанда жұрт «жем­қор­лықтың символына» балаған жобаға бөлініп, кейін желге ұшқан ақшаның жоқтауын айтқанымызға да көп жыл болды. Қош, бірақ бұл жолы да құрылысқа кететін шығын кө­лемі мол болатын тәрізді. Себебі жұмыс басталмай жатып-ақ кемшіліктердің шеті шығып жатыр. Ал бұл құрылыс­тың сапасына деген сенімді жоғалтары сөзсіз.

Бас қаладағы әуежай маңына ұзақ уақыттан кейін жұмысшылар келіп, жерүсті метросының құры­лысын ақырындап бастауға көшті. Бірақ сол құрылыс жанданбай жатып-ақ мәселелер шығып жатыр. Араға 2,5 жыл салып ЛРТ құрылыс алаңына крандар әкелінген. Бұл крандар бетон бағаналар арасын 300 тонналық бетондар арқылы жал­ғау үшін қажет. Мамандар қор­шауы қирап, қараусыз қалған ны­санды жамап-жасқап, дайындық жүргізген еді. Дегенмен алғашқы құ­рылыс күнінің басталуынан аяқ­талуы тез болыпты. Өйткені бе­тон балкаларды көтеруі тиіс салмағы 400 тонналық крандар істен шық­қан. Яғни, қажетті техни­ка талай жыл тұрып ескірген. Ал қы­руар қаржыға сатып алынған техниканың бүлінуіне тағы бір себеп, ол ван­далдар. Құрылыс тоқ­тап тұрған уақытта пысықайлар қо­салқы бөл­шектерін ұрлап, сатып жіберген екен. Жөндейін десе, алып құрал­дың тілін білетін маман елі­мізде жоқ. Енді амалсыз техниканы да, жұмысшыны да шетелден ал­дыр­тады.

Жалпы, ЛРТ құрылысының ұзындығы – 22 шақырым. Қазір Қытайдан келген бірнеше маман жұмыс істеп жатыр. Бір қызығы да сол, бетон қондырғыларды орнату тек шетел азаматтарының ғана қолынан келеді. Ал біздікілер оларға шама-шарқынша көмек­теспек. 

ЛРТ-ны аяқтауға қанша қа­ра­жат бөлінгені жөнінде жауап­тылар әзірге жақ ашпады. Тек құ­ры­лыс жұмыстарын бастауға дайындық қызу жүріп жатқанын растады. Жеңіл рельсті метроны соңына дейін жеткізу үшін қытайлық ком­паниямен келісімшарт жасалыпты. Ал елорда әкімі Алтай Көлгінов әлі де 1 миллиард доллар қажет екенін айтады. «Бұрынғы шарт бойынша жұмыс жүріп жатыр. Қаржылан­дырудың қосымша көлемін тартқан кезде белсенді жұмысты бастаймыз. Бастапқыда 2,6 миллиард доллар болған еді. Біз оны 800 млн. долларға төмендеттік және үнемдедік. Қазір жобаны аяқтау үшін шамамен

1 миллиард доллар қажет. Біз сырт­қы қарыздарға конкурс жария­ладық. Банктерді анықтағаннан кейін қосымша хабарлаймыз. Егер ішкі қаржы нарығында ниет біл­дірушілер болса, оларды да қарас­тырамыз. Қаржыландыру көздерін іздеу конкурсы жаздың соңына дейін аяқталады», – дейді ол. Ал бұған дейінгі жобаға бөлінген қара­жаттың жайы бізге жақсы таныс. Жуырда ғана осы «Астана ЛРТ» ісіне қатысты сот отырысы аяқтал­ған еді. Ақырында сот лауазымды қызметте болған 7 азаматты 7 жыл­дан 10 жылға дейін бас бостандығы­нан айырды. Сондай-ақ прокурор  айыпталушылардан 5 млрд. теңге өндіріп алу жөнінде сұрады. Ал «бүкіл былықты бастады» делінген қала әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен «Астана ЛРТ»-ның бұрынғы басқарма төра­ға­сы Талғат Арданға халықаралық іздеу жарияланған. 

Біздің айтқымыз келгені, онсыз да сәтсіз болған жобаның құрылысы сылбыр. Техникалар тозған. Өз жұмысшыларымыз біліксіз. Мұны шешудің жолы - қаржы шығындап, тағы шетелден маман алдырту. Оны жасап та жатыр. Бірақ елге күлкі болған жобаның келешегі нендей боларын болжау қиын. Әйтеуір, көпшілікте бір сенімсіздік бар.
Мадияр ТӨЛЕУ.