VII шақырылған Парламент депутаттары тұңғыш сессиясын аяқтап, каникулға шықты. Демалыс уақытында қалаулылар ауыл-аймақты аралап, жұртшылықпен кездеспек. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында бірінші сессияның жұмысы қорытындыланды.
Н.Нығматулин бұл сессия жұмысы Қазақстанның 30 жылдық мерейлі кезеңінде басталғанын атап өтті. Депутаттық корпустың заң шығару жұмысындағы негізгі басымдықтар Елбасының стратегиялық бастамаларын, Президенттің сессияның ашылуында белгілеген міндеттерін жүзеге асыруға арналды. Cонымен қатар қос палаталы кәсіби Парламенттің құрылғанына биыл 25 жыл толып отыр.
Мәжіліс Төрағасы биылғы Парламент сайлауында Мәжіліс құрамы 70%-ға жаңарғанына назар аудартты. Тағы бір жаңалық: Мәжілістің бірнеше комитетінің төрағасы және хатшысы «парламенттік оппозициядан» сайланды.
Бірінші сессия барысында Парламент палаталарының 3 бірлескен отырысы, Мәжілістің 23, ал Сенаттың 21 жалпы отырысы өткізіліпті. Сессияның басында қос палата «қоржынында» 104 заң жобасы болды. Бүгінде оның 63-і қабылданып, 58 заңға Президент қол қойды.
Нұрлан Нығматулин депутаттық корпустың Мемлекет басшысы бастамашы болған саяси реформаны заңнамалық қамтамасыз еткенін жеткізді. «Сайлау туралы» конституциялық заң жобасына түзетулер енгізілді. Онда Президенттің ұсынысы бойынша саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7-ден 5% дейін төмендетілді. Бюллетеньдерге «бәріне қарсымын» деген жаңа графа енгізілді. Ауыл әкімдерін тікелей сайлауды қамтамасыз ететін нормалар қосылды.
Бұдан бөлек, сессияда «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға түзету енгізіп, әлеуметтік қолдау, денсаулық, білім, шағын және орта бизнес, еңбекпен қамту салаларына, инфрақұрылым, басқа да маңызды бағыттарды дамытуға қосымша қаражат бөлінді. Мысалы, әлеуметтік саланы нығайтуға 374 млрд. теңге, республикалық және жергілікті жолдарды жөндеуге, қайта қалпына келтіруге 140 млрд. теңге бағытталды. «Еңбекпен қамтудың Жол картасы» аясында 100 млрд. теңге, ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға 70 млрд. теңге қосымша бөлінді. Коронавируспен күреске тағы
265 млрд. теңге арна тартады.
Палата Спикері өткен сессияда Парламент 31 халықаралық және мемлекетаралық келісімді ратификацияланғанын айтты. Осы сессияда Мәжіліс пен Сенат депутаттары 24 заң жобасына бастамашы болған. Оның 15-і қабылданды. Бұл кезеңде Парламент қабырғасында 3 Үкімет сағаты, бір парламенттік тыңдау, 35 «дөңгелек үстел» және комитеттердің 8 көшпелі отырыс өтті. І сессияда Мәжіліс депутаттары - 233, сенаторлар 45 депутаттық сауал жолдады. Жыл басынан бері Парламент депутаттарына азаматтардан шамамен 6 158 хат келіп түсті, олар қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралды.
Келесі сессияда депутаттар алдында көптеген маңызды міндет тұрған көрінеді. Мәжіліс қарауында 35 заң жобасы бар. Бұлар – «Өнеркәсіптік саясат туралы», «Өсімдіктер дүниесі», «Семей ядролық қауіпсіздігі туралы», «Әскери полиция органдары туралы» заң жобалары. Келесі сессияда құқық қорғау қызметін өтеу тәртібін жетілдіру, мемлекеттік жастар саясаты, «Қоғамдық бақылау», басқа да проблемаларды шешуге арналған заңдарды қабылдау көзделіп отыр.