Тұңғыш сессия несімен ерекшеленді?
Тұңғыш сессия  несімен ерекшеленді?

VII шақырылған Парламент депутаттары тұңғыш сессиясын аяқтап, каникулға шықты. Демалыс уақытында қалаулылар ауыл-аймақты аралап, жұртшылықпен кездеспек. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Пар­ла­мент палаталарының бірлескен отырысында бірінші сессия­ның жұмысы қорытындыланды.

Н.Нығматулин бұл сессия жұмысы Қазақстанның 30 жылдық мерейлі кезеңінде басталғанын атап өтті. Депутаттық корпустың заң шығару жұмысындағы негізгі басымдықтар Елбасының страте­гия­лық бастамаларын, Прези­дент­тің сессияның ашылуында бел­гілеген міндеттерін жүзеге асыруға арналды. Cонымен қатар қос пала­та­лы кәсіби Парламенттің құрыл­ғанына биыл 25 жыл толып отыр. Мәжіліс Төрағасы биылғы Парламент сайлауында Мәжіліс құрамы 70%-ға жаңарғанына назар аудартты. Тағы бір жаңа­лық: Мәжілістің бірнеше ко­ми­тетінің тө­рағасы және хат­шы­сы «пар­ла­менттік оппози­циядан» сайланды. Бірінші сессия барысында Пар­ламент палаталарының 3 бір­лескен отырысы, Мәжілістің 23, ал Сенаттың 21 жалпы отырысы өт­кізіліпті. Сессияның басында қос палата «қоржынында» 104 заң жобасы болды. Бүгінде оның 63-і қабылданып, 58 заңға Президент қол қойды. Нұрлан Нығматулин депутат­тық корпустың Мемлекет бас­шысы бастамашы болған саяси реформаны заңнамалық қамта­масыз еткенін жеткізді. «Сайлау туралы» конституциялық заң жобасына түзетулер енгізілді. Онда Президенттің ұсынысы бойынша саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7-ден 5% дейін төмен­детілді. Бюллетеньдерге «бәріне қарсымын» деген жаңа графа ен­гізілді. Ауыл әкімдерін тікелей сай­лауды қамтамасыз ететін нор­малар қосылды. Бұдан бөлек, сессияда «2021-2023 жылдарға арналған респуб­ликалық бюджет туралы» заңға түзету енгізіп, әлеуметтік қолдау, ден­саулық, білім, шағын және орта бизнес, еңбекпен қамту салала­рына, инфрақұрылым, басқа да маңызды бағыттарды дамытуға қосымша қаражат бөлінді. Мы­салы, әлеуметтік саланы нығайтуға 374 млрд. теңге, республикалық және жергілікті жолдарды жөн­деуге, қайта қалпына келтіруге 140 млрд. теңге бағытталды. «Еңбекпен қамтудың Жол картасы» аясында 100 млрд. теңге, ал «Ауыл – ел бе­сігі» бағдарламасын жүзеге асыруға 70 млрд. теңге қосымша бөлінді. Коронавируспен күреске тағы 265 млрд. теңге арна тартады. Палата Спикері өткен сессияда Парламент 31 халықаралық және мемлекетаралық келісімді ратифи­кацияланғанын айтты. Осы сес­сияда Мәжіліс пен Сенат депу­тат­тары 24 заң жобасына бастамашы болған. Оның 15-і қабылданды. Бұл кезеңде Парламент қабыр­ға­сында 3 Үкімет сағаты, бір пар­ламенттік тыңдау, 35 «дөңгелек үс­тел» және комитеттердің 8 көш­пелі отырыс өтті.              І сессияда Мә­жіліс депутаттары  - 233, сена­торлар 45 депутаттық сауал жол­дады. Жыл басынан бері Парла­мент депутат­тарына азаматтардан шамамен 6 158 хат келіп түсті, олар қолда­ныс­­­т­ағы заңнамаға сәйкес қарал­ды. Келесі сессияда депутаттар алдында көптеген маңызды міндет тұрған көрінеді. Мәжіліс қа­ра­уында 35 заң жобасы бар. Бұлар – «Өнеркәсіптік саясат туралы», «Өсімдіктер дүниесі», «Семей ядролық қауіпсіздігі туралы», «Әс­кери полиция органдары туралы» заң жобалары. Келесі сессияда құқық қорғау қызметін өтеу тәр­тібін жетілдіру, мемлекеттік жастар саясаты, «Қоғамдық бақылау», басқа да проблемаларды шешуге арналған заңдарды қабылдау көз­деліп отыр.