Ең алдымен халықтың үніне құлақ асу керек – Мәулен Әшімбаев
Ең алдымен халықтың үніне құлақ асу керек – Мәулен Әшімбаев

 

«Қазақстанда азаматтарымызды қорғауға және экономикамызды қолдауға арналған дағдарысқа қарсы ауқымды шаралар қабылданды. Былтыр осы мақсатқа 14 млрд. доллардан астам қаражат немесе жалпы ішкі өнімнің 9 пайызы бөлінді. Дағдарысқа қарсы заңдар жедел қабылданып отырды. Олардың қатарында бюджетке, Салық кодексіне түзетулер енгізу, бизнес пен инвесторларды қолдау мәселелері туралы, медицина қызметкерлеріне қолдау көрсету туралы және тағы басқа заңдар бар», – деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар ол ел Президентінің бастамасымен қолға алынған жүйелі реформалардың іске асырылуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жолындағы Парламенттің қызметі туралы сөз қозғады.

«Мемлекет басшысының елімізді жаңғырту бағдарында алдағы мақсат-міндеттер нақтыланған. Олар – ең алдымен, саяси жүйені демократияландыру, оның теңгерімділігін қамтамасыз ету, саяси бәсекелестікті арттыру, азаматтардың құқықтарын іске асыру үшін лайықты жағдай жасау», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы ел Президентінің жаңғырту бағдарындағы келесі басымдықтар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, мемлекеттік органдардың халыққа ашық болуын қамтамасыз ету және жұмыс барысында азаматтардың пікірлерін ескеру екенін айтты. Мұндай тәсілдердің негізі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында нақты көрсетілген.

«Қазақстан Президентінің әлеуметтік саладағы реформалары әділ, инклюзивті әлеуметтік саясатты іске асыруға, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жаңғыртуға бағытталған. Біз әр азамат өз мүмкіндігін іске асыруына және көмекке мұқтаж жандардың назардан тыс қалмауына баса мән береміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Одан бөлек, Сенат Спикері экономикадағы басты міндеттер әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, шикізатқа тәуелділікті еңсеру, шағын және орта бизнесті жүйелі түрде қолдау екенін тілге тиек етті. Бұл міндеттердің бәрі пандемиядан кейінгі кезеңдегі басымдықтармен үндеседі.

«Жалпы, 2020 жыл басталғалы бері Қазақстан Парламенті 175 заң қабылдады. Оның жартысы, нақты айтқанда, 91 заң Мемлекет басшысының елімізді жаңғырту бағдарын іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін қабылданды. Барлық заңның төрттен бірі депутаттардың бастамашылдығымен әзірленді», – деді Сенат Төрағасы.

Ол сөз барысында Президент реформалары аясында қабылданған негізгі заңдарға тоқталып өтті. Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы «Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі әрі қарайғы шаралар туралы» Жарлыққа қол қойғанына да назар аударды. «Осы Жарлыққа сәйкес біз алдағы уақытта аса маңызды заңдар қабылдаймыз. Атап айтқанда, мүгедек адамдардың құқықтарын қорғауға, әйелдерге қатысты кемсітушіліктің кез келген нысанын болдырмауға, қылмыстық сот төрелігі, азаптаулар мен зомбылықтың алдын алу бойынша азаматтардың құқықтарын қорғауға басымдық беріледі. Сондай-ақ, сот-құқық қорғау жүйесін жаңғырту және сыбайлас жемқорлықты жою мәселелері де назардан тыс қалмайды», – деді Сенат Төрағасы. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан реформалар саяси жүйенің сапалы өзгеруіне септігін тигізеді және олар ұзақ мерзімді сипатқа ие. Сөз соңында Мәулен Әшімбаев Сенат халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және жаңғырту реформаларын іске асыруда тәжірибе алмасуға мүдделі екенін атап өтті.

«Біз елімізде жүргізіліп жатқан өзгерістерге қатысты халықаралық ұйымдардың, шетелдік саясаткерлер мен сарапшылардың ұсыныстарын үнемі назарда ұстаймыз. Заң қабылдаған кезде оның бәрін ескереміз. Алдағы уақытта да ынтымақтастыққа, өзге елдердің Парламенттерімен өзара байланыс орнатуға әрдайым ашықпыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, кездесуді Сенаттың вице-спикері Нұрлан Әбдіров жүргізіп отырды. Іс-шара барысында сенаторлар Владимир Волков, Дәурен Әділбеков және Динар Нөкетаева сөз сөйледі.