Арыстанның ажалы
Арыстанның ажалы
210
оқылды

25 маусымда полицейлер Қарағандының орталық сая­бағынан өлі арыстанның денесін тауып алған болатын. Сол күн­дері қала тұрғындары «бұл қай­дан келген жабайы аң?» деп бір дүрліккен еді. Кейін өлген абданды иесі апарып көме салғаны белгілі болды.

Жақында  көмілген арыстанның ажалы  неден болғаны анықталды.  Ветеринарлардың айтуынша, саябақта табылған арыстан он айлық африка­лық арыстанның абданы болған. Ол Қарағандының байланыс хайуанаттар бағында мекендеген. Иелері оған Марс деп ат қойған. Аутопсия арыс­танның жұқпалы аурудан көз жұм­ғанын көрсетті. Онымен қоса, осыған дейін оның иесі ветеринарларға жүгінгені белгілі болды. Және де жануардың ветеринарлық паспорты, барлық қажетті анықтамалар, соның ішінде профилактикалық шаралар туралы жазбалары бар.

«15 маусымда жануар ауырып қалған. Емдеу шараларын жеке ветеринарлық клиника жүргізген. Ем жүргізілгеніне қарамастан, жануар 22 маусымда өлген. Арыстанның денесі табылғаннан кейін Михайлов полиция бөлімінің жазбаша ұйғарымы бойын­ша жеке ветеринарлық клиникада өлі денені патологиялық-анатомиялық тілу жүргізілді. Зерттеу нәтижелері бо­йынша, тірі кезінде жануар панлю­копения сияқты жұқ­палы аурумен ауырғаны анықталды. Бұл ішектің, мезентерияның және іш қуысындағы сұйықтықтың күйі. Ауру мен өлімнің арасында тікелей байланыс бар» деп хабарлады Қарағанды облыстық аумақтық ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясының өкілі.

Мәлім етілгендей, паталого-анатомиялық тексеруден кейін жануардың денесі мал қорымына шығарылып, Бекқари шұңқырына көмілді. Қазір полиция арыстанның иесінен оны саябақта жерлеуге «не итермеледі?» деген  себептерді анықтап жатыр. Тергеу аяқталғаннан кейін санитарлық бақылау және қадағалау органына жануардың өлгені туралы хабарламай, жасырғаны үшін  иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ