Бүгінде тұрғындар тұтынатын тауарлар бағасы шарықтап қана қоймай, тіпті қат дүниеге айнала бастады. Соның бірі – газ бен жанармайды жүргізушілер жер-көктен іздеп таба алмай жүр. Бардың өзі Жамбыл облысында тек талонмен құйылып жатыр.
Осыдан бір апта бұрын Тараз қаласындағы автогаз құю бекеттерінің есігі «тарс» жабылды. Жүргізушілер қай автогаз құю бекетіне барса да, алдарында «газ жоқ» деген тақтайша тұрады. Ай-күннің аманында газ таусылып қалғанын түсінбеген халық ұлардай шулап кетті.
– Негізі, көлікке газбен жүру тиімді. Алайда кейінгі кезде баға бұлқынды. Басқа облыстарда жағдай тұрақты болып тұрғанда бізде газдың болмауы көңілге күдік ұялатады. Осыған дейін сұйытылған газ отынының 1 литрі 60-65 теңге болса, бір апта бұрын 100 теңгеге газ таппадық. «Сұйытылған газ отынын тасымалдаумен айналысатын операторлар бағаны көтеру үшін газ тапшылығын әдейі қолдан жасай ма?» деген ой да келеді. Өйткені баға бірден 30 теңгеге қымбаттап отыр. Кешеден бастап автогаз құю бекеттері жұмысын қайта бастады. Бірақ газ литрі 90-95 теңгеден саудаланып жатыр, – дейді Сәкен Қалиұлы есімді жүргізуші.
Тапшылық мәселесі жүргізушілер көп тұтынатын Аи-92 маркалы жанармайға да қатысты туындап отыр. Қазір жанар-жағармай құю бекеттерінде Аи-92 маркалы бензин жұртқа тек талонмен беріледі. Тараз қаласының тұрғыны Ақылбек Қалыбеков кейбір жерде оның бір литрі 200 теңгеден саудаланып жатқанын айтады.
– Қазір Аи-92 маркалы бензинді тапқан адам құяды. Аталған маркалы бензин бірде бар, бірде жоқ. 2 000 теңгеге он литрден артық бермейді. Sinooil жанармай бекетінде 20 литр беріп жатыр. Соңғы уақытта осы жанармай құю бекетінен бензин құйып жүрмін. Helios бекетінде де Аи-92 маркалы бензин бар. Қалғандары тек талонмен босатуда. Газдың да, Аи-92 маркалы бензин де қат дүниеге айналып барады. Бұл мәселені жауапты мекемелер тексеріп, бағаны негізсіз өсіріп отырғандарға шара қолданбаса, жағдайдың оңалатын түрі жоқ. Газ бен бензиннің қымбаттауынан қара халық қана жапа шегіп отыр, – дейді қала тұрғыны.
Жүргізушілердің жанайқайын тыңдағаннан кейін біз облыс әкімдігі Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасына хабарластық. Басқарманың газбен қамту бөлімінің басшысы Мәулен Қожанов облыста сұйытылған мұнай газ тапшылығы туындағанын жасырмады.
– Облыста 169 автогаз құю бекеті бар. Осы бекеттерге 5 333 тонна сұйытылған газ қажет. Бірақ қазір олардың қорында 170 тонна ғана газ бар. Бағасы 75 теңгеден 90 теңгеге көтерілді. Сұйытылған газ тапшылығының туындауына Түркістан облысында орналасқан «ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС-нің мұнай өңдеу зауытына жөндеу жұмыстары жүргізілуі себеп болды. Аталған зауытта 6 мамырда құрылыс жұмыстары басталғандықтан, біз осы күнге дейін өзімізде бар сұйытылған газды тұтынып келдік. Ол таусылғаннан кейін тапшылық туындады. Негізінен, осы зауыт оңтүстік өңірлерді газбен қамтып отыр. Алайда сұйытылған газ отынын таситын операторлар Атырау мен Ақтаудан газ жеткізулеріне болады. Бірақ олар шығынын есептеп, көрші Түркістан облысындағы кәсіпорынның құрылыс жұмыстарының аяқталуын күтіп жатты. Екі ортада «өңірде газ жоқ» деген дүрбелең туды. Алайда 14 маусымнан бастап зауыт жұмысын қайта бастады. Сондықтан газ тапшылығы біртіндеп жойылып келеді.
Негізі, дизель мен бензин 4-5 жылдан бері электронды биржаға жіберілді. Яғни, бұл отындардың бағасын бақылау да, өңірге қанша тонна жанар-жағармай отыны қажет екенін есептеу де бізге қарамайтын болды. Осылайша, заман талабымен аталған отын түрлері бәсекелестік ортаға беріліп кетті. Нарыққа еркін жіберілгендіктен, оның бір литрі қанша теңгеден саудаланатынын, көлемі аз немесе мол болып келуін тек нарықтың өзі ғана реттейді, – дейді Мәулен Рахматәліұлы.
Бұл сөзді Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев та қуаттап отыр. Оның айтуынша, «Таразда бензин тапшы» деген біржақты байлам жасау дұрыс емес екен.
– Бірді-екілі жанар-жағармай құю бекеттерінде бензин таусыла бастаған соң олар жанармайды өз тұтынушыларына тек талонмен босата бастады. Осыны байқаған жүргізушілер дүрбелең туғызды. Аи-92 маркалы бензин тапшылығы жөнінде жағдай екі күннің ішінде реттеледі. Одан кейін қалаған жанармайыңды қалаған мөлшерде құйып ала бересің, – дейді басқарма басшысы.
Иә, мәселенің себебімен емес, салдарымен күресуге етіміз үйренді. Зауытта жөндеу жұмыстары басталғанын біліп тұрып, газ таусылғанын күтіп отырғанымыз таңғалдырады. Неге күні бұрын осыған жергілікті билік өкілдері қам жасамады? Егер оператор газды Түркістаннан бөлек, басқа өңірден тасуға қиналса, онда келісімшартты басқа тасымалдаушы компаниямен жасауға болмай ма? Бұл үшін асқан ақылдың қажеті жоқ шығар. Дәл сондай жанармай тапшылығы да байқала бастады ма, дереу шаралар қабылдап, мәселенің алдын алған жөн. Сонда ғана бүгінгідей дүрбелең тумайды. Ал газ бен жанармай тапшылығын пайдаланып бағаны өсіргендердің бірін қатаң жазаласа, қалғандары бірден есін жияры сөзсіз.
Біздікі сынға таңылған шын. Ал одан байлам жасау – жергілікті биліктің еншісінде...
Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы