Өндірістегі жарақат: кім кінәлі?
Өндірістегі жарақат: кім кінәлі?
333
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпорындарда жыл басынан бері 16 қайғылы оқиға тіркеліп, соның салдарынан 3 адам қаза тапты. Былтырғы 46 жазатайым оқиғада 8 адам көз жұмды.

Осындай жағдайлар жұмыс орнында қауіпсіздік шараларының әрдайым сақтала бермейтінін көрсетіп отыр. Кәсіп­орын­дарда Еңбек заңнамасы, жұмыскердің өмірі мен денсаулығы, қауіпсіздігін қам­тамасыз ету мәселелерімен айналысатын еңбек инспекциясының жұмысында олқы­лықтар бар деп есептейді Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті өкілдері. Облыстық Еңбек инспекциясы басқармасының жұмысындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сараптама барысында осындай қорытынды жасалыпты. Заң бойынша, қайғылы оқиға болған соң 24 сағат ішінде арнайы комиссия құрылып, оқиғаның мән-жайын зерттейді. Ең алдымен сол комиссияның құрамы күмәнді: төрағасы – мемлекеттік еңбек инспекторы, мүшелері – жұмыс беруші және жұмысшылардың өкілі. Жұмысшы, яғни ұжым өкілі жұмыс беру­шіге тәуелді. Айтқанына көніп, айдағанына жүретіні бесенеден белгілі. «Мұндай комиссия қабылданған шешім толыққанды объективті болмасы анық» деп есептейді облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірін­ші орынбасары Нұрлан Жахин.

Сараптама барысында анықтал­ғанын­дай, қайғылы оқиғаны зерделеу кезінде жоспардан тыс тексеріс жүргізілмейді екен. Мұндай тексеріс тек қажет болған жағдайда ғана әрі құқық қорғау органдарының хаты негізінде ғана басталады. Осылайша, арнайы тексеріс актісі тіркелмейді және анықталған олқылықтарды жою туралы ұйғарым да берілмейді. Нәтижесінде, кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауап­кершілікке тарту мүмкіндігі жоқ.

Кінә демекші, кімнің қаншалықты айып­ты екенін анықтау да осы комис­сияның мойнында. Ал комиссия құрамына енетін жұмыс беруші өзін-өзі ақтап бағары анық.
Мәселен, осыдан жарты жыл бұрын Пет­ропавл металл конструкциялары зауы­тының бір жұмысшысы құрылыс басында төбеден құлап, қаза тапты. Тексеріс бары­сында жұмысшылардың сақтандыру бел­дік­тері болмағаны анықталды. Айта кету керек, осы оқиғаға дейін мердігерлер қауіпсіздік шаралары сақталмағаны туралы, оны жою керегі туралы ескерту алғанымен, оны елемегенге ұқсайды. Жұ­мыс­шылар басшының нұсқауынсыз өз еріктерімен төбеге шықты деген қоры­тынды да күмән туғызбай қоймайды. Ақырында қайғылы жағдайдың болғанына жұмысшы да, жұмыс беруші де тең дәрежеде кінәлі деген қорытынды шы­ғарыл­ған.  Атап айтқанда, зардап шегушінің абайсыздығы осындай жағдайға әкеліп соқ­тырды делінген.
Сондай-ақ «Богатырский продукт» ЖШС-нің от жағушысы қайта  жөнделген пешті жаққан кезде бензин құйып, лап ет­кен оттан басы мен мойнын 2-дәрежедегі күйік шалған. Тексере келе, қауіпсіздік шараларына қатысты білімі туралы хаттама жоқ болып шықты. Сондықтан жұмыс беруші оны үйретпегені үшін ғана айыпты деп танылып, кінәнің көп бөлігі жұмыс­шының өзіне артылған.

Ал «Стройкомпания» ЖШС-нің кірпіш тиеу кезінде тайғанап кетіп, вагоннан құлаған жұмысшысы ауыр жарақат алғаны үшін толығымен дерлік өзі кінәлі болып шыққан. «Өйткені қайғылы оқиғалар туралы актілер құқық қорғау органдарына, сақтандыру компанияларына жолданады. Сондықтан жұмыс берушінің бұл жерде өзін ақтап алудағы мүддесі айқын. Осындай жағдайлар сыбайлас жемқорлық тәуе­келдерін тудырады», – дейді Нұрлан Жахин.

Мұндай жағдайды болдырмау үшін олар облыстық еңбек инспекциясына комиссия құрамына кәсіподақ өкілдерін енгізу, жазатайым оқиғалардың бірыңғай есебін жүргізіп тіркеу, ішкі  бақылау енгізу және жұмысшы мен жұмыс берушінің кінәсін анықтау әдістемесін жасау туралы ұсыныс жолдаған екен. Оны жүзеге асыру үшін Еңбек кодексіне өзгеріс енгізу қажет.

САЛДЫР-САЛАҚТЫҚ БАР

Өндіріс нысандарындағы жұмыс жағ­дайын аттестаттау мониторингі де еңбек ин­спек­циясының мойнында. Еңбек ко­дексіне сәйкес, мұндай аттестациялауды мамандандырылған аккредиттелген ұйым 5 жылда бір рет жүргізуі тиіс және тиісті мемлекеттік мекемеге нәтижесін жолдауы керек. Ал, шын мәнісінде бұл шаруаны жұмыс берушілердің өздері атқарып отыр. Олар, әрине өз кемшіліктерін көрсетпесі анық. Сөйтіп, алдын ала бақылау тізіміне бірде-бір нысан енгізілмеген. Іс жүзінде аттестациялау нәтижесі туралы есептің жоқтығы алдын ала бақылау немесе жос­пар­­­дан тыс тексеріс кезінде ғана анық­талады. Ол үшін әкімшілік жаза қарас­тырыл­ған. Мәселен, былтыр сол үшін «СевЕсильЗерно», «Талшық Астық LTD» және басқа да нысандар жауапкершілікке тартылды.

Тағы бір кемшілік – еңбек инспекциясы нысандардың ұйымдастыру-басқару қыз­метіне негізінен азаматтардың арыз-ша­ғым­дарынан соң ғана жоспардан тыс тек­серіс жүргізетін көрінеді. Бұл жұмыс берушілер еңбеккерлердің заңды құқығын сақтамайтынын, бақылаудың төмендігін, жалпы жағдайдың аса мәз емес екенін көрсетсе керек. Өндірістік жарақат тәуекелі жоғары саналатын кәсіпорындар арнайы тізімге енгізілуі керек.  Мұндай тізімге жазатайым оқиға тіркелген кәсіпорындар, тек­серіс барысында кемшіліктер анықтал­ған немесе жұмысшылар жиі шағым­данатын нысандар енгізіледі. Алайда еңбек инспекциясы «жұмысты тиісінше ұйым­дастырмады және қауіпсіздік ережелері сақталмады» деп танылған «Петропавл нан-тоқаш комбинаты» мен «Жаңа-Есіл Феникс» ЖШС-ін тізімге қоспаған. Бұл екеуінде де орын алған қайғылы жағ­дайларда жұмыс берушінің де кінәсі бар екені дәлелденген.

Сонымен қатар тәуекелдерді бағалау­дың қазіргі жүйесі бойынша қызметкерлері жарақат алған мемлекеттік мекемелерді осы тізімге енгізуге болмайды екен. Сол себепті қызметкерлері өндірістік жарақат алған облыстық Төтенше жағдайлар депар­таментінің өрт сөндіру және апаттық-құт­қару жұмыстары қызметі, Имантау ауыл­дық округі әкімінің аппараты тізімде жоқ болып шықты.

«Осындай жағдайлар тәуекелдерді ба­ға­лаудың тиімсіздігін және субъективті тәсіл қолданылатынын көрсетеді», – дейді антикор орталығының өкілі. Жағдайды түзеу үшін тиісті министрлікке хат жазу ұсынылды.

Еңбек инспекторларының тексерістен кейінгі құжаттарын жүргізудегі салдыр-са­лақ­тық, мерзімдердің сақталуына қатысты олқылықтар да олардың назарынан тыс  қалмапты.
Нұрлан Жахиннің мәліметінше, еңбек инспекциясының жұмысына жүргізілген сараптама нәтижесінде сыбайлас жем­қор­лық тәуекелдерін жою туралы бас-аяғы 22 ұсы­ныс жасалған.

ЖҰМЫСШЫНЫ КІМ ҚОРҒАЙДЫ?

«Сенген қойым сен болсаң» дегендей, жұмысшыны қорғайтын инспекцияның жұмысы осындай болса, кімнен қайыр күткен ләзім? Осындайда жұмысшы жағы­на шығып, оған болысатын кәсіподақ еске түседі. Облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Мұрат Қалиевтің сөзіне сенсек, жазатайым оқиға болған кәсіпорындардың бірде- біреуінде кәсіп­одақ жоқ. Қазір олар әр еңбек ұжымына барып, кәсіподақ құру қажеті туралы түсін­діру жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді. «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәсе­лелері әлеуметтік серіктестік туралы облыстық үшжақты комиссияның отырыс­тарында ұдайы қаралады. Маусым айында өткен отырыста облыста 2021-2023 жыл­дарға арналған «Қауіпсіз еңбек» бағдар­ламасын қабылдау мәселесі қаралды. Бұл құжат облыс әкіміне қол қоюға ұсы­ныл­мақ. Қайғылы жағдайлардың ал­дын алу үшін біздің бірлестіктің бастауыш ұйымдары «Нөлдік жарақаттылық», «Ха­лық бақылауы», «Бала еңбегіне қарсы 12 күн», «Парыз» байқауы деген сияқты шаралар өткізіп тұрады», – дейді Мұрат Бопашұлы.

Жалпы, оның айтуынша, кәсіподақ ұйы­мы құрылған ұжымдарда жұмыскер­лерге жеңілдік көп. Мәселен, түнгі және демалыс күндеріндегі жұмыс үшін ең­бек­ақы төлеу әрі демалыс беру, бала тууына, адам өліміне байланысты жәрдемақы беру, санаторилік-курорттық жолдама, балалар­ды балабақшаға орналас­тыру, қосымша демалыс сияқты жайттар ұжымдық келі­сім­шартта қарастырылады. Мұрат Қалиев сендіргендей, ұжымдық келісімшартта кә­сіподаққа мүше әр жұ­мыс­шының мүд­десі қорғалады.

Бұған дейін өндірістік жарақат алған кәсіподаққа мүше зардап шегушілерге тиісті өтемақылары түгел төленіпті. Атап айтқанда, жұмыс берушінің қаражаты есе­бі­нен әлеуметтік жәрдемақы, сақтандыру төлемдері, кейін мүгедек деп танылса, мү­ге­дектігіне байланысты жәрдемақы төленеді. Сонымен қатар жарақат алған адам қосымша медициналық көмекке, басқа адамның күтіміне, санаторилік-курорттық емделуге, тұрмыста қажетті техникалық көмекші құралдарға, арнайы жүріп-тұру құралдарына,  кәсіптік қайта оқуға құқылы.

Облыстың бас еңбек инспекторы Марат Омаров түсіндіргендей, жұмыс­кер­дің жарақаты өндіріспен байланыстырылса, сақтандыру ақысы беріледі әрі ұжымдық келісімшартта көрсетілген төлемдер төленеді. Бірақ ол төлемдердің төленген-төленбегенін ешкім бақыламайды екен. «Бұл – жұмысшының құқығы. Егер төлен­бесе, олар сотқа арыздануға қақылы», – деді Марат Қосылұлы.

Өкінішке қарай, кей ұжымдарда кәсіп­одақ жоқтығы өз алдына, еңбек шартынсыз жұмыс істеп жүрген адамдар да бар. Бұл жағдай да жұмыс беруші үшін тиімді. Ал жұмысшы еңбек шартын талап еткені абзал. Ол екі тараптың да құқығын қорғауға септеседі. Марат Омаровтың айтуынша, арада кикілжің туындағанда ғана тараптар әділдік іздеп еңбек инспекциясына келеді. «Еңбек шартынсыз жұмысшының белгілі бір жерде жұмыс істейтін-істемейтінін дәлелдеу қиын. Сондықтан біз ондай жерге араласпаймыз. Біз тек еңбек шарты жасалған жағдайда  дауды тексере аламыз» деп түсіндірді бас еңбек инспекторы. Адам­ды еңбек шартынсыз жұмысқа қабылдау   заңбұзушылық болып есептеледі. Еңбек шартынсыз жұмысқа орналасқан адам өндірістік жарақат алса, оны талдаудың машақаты да еселене түседі.
«Бәле аяқ астында» дегендей, бетін аулақ, өздерін жан-жақты қорғап алу  ең алдымен жұмысшының  өзінің ғана «бас ауруына» айналып отырғаны жасырын емес. Сондықтан жұмысшыны қорғау үшін кәсіподақтардың жұмысын күшейтіп қана қоймай, Еңбек кодексіне өзгеріс енгізетін кез келген сыңайлы.
Роза ШӘКЕН,
Солтүстік Қазақстан облысы