Түрмеден кейінгі тіршілік
Түрмеден кейінгі тіршілік
336
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай сотталғандарға амнистия жариялады. Соның нәтижесінде 4 мыңдай адам бостандыққа шығуы мүмкін. Алайда амнистиямен босап шық­қандар бостандыққа шыққан соң жұмыс таба ала ма? Әлде жұмыс­сыздық кесірінен қылмыс жасап, түрмеге қайта орала ма? Мәселе – осында.

Елімізде «түрме тұрғындарының» саны қанша?

Мыңдаған жылдар бойы жеріне абақты салмаған ата-бабамыз ХХ ғасырда мына Ұлы даланың түрмелер мекеніне айна­латынын ойлады ма екен?! World Prison Brief халықаралық ұйымының 2002 жылғы рейтингі бойынша, халықтың жан басына шаққандағы «түрме тұрғындары­ның» үлесі жөнінде Қазақстан АҚШ пен Ресейден кейінгі үшінші орында болған, соттал­ғандардың саны 100 мыңнан асып кеткен!
Кеңестер Одағында адамды елеусіз тәртіпбұзушылық үшін де бас бостан­дығынан айыру жазасы кесілетін еді, осы кесел кейін егемен еліміздің қылмыстық жазалау жүйесіне көшті. Дегенмен Қазақ­станда уақыт өткен сайын қылмыстық заңдарды гуманизациялау және сегіз рет өткізілген амнистияның нәтижесінде сот­талғандардың саны 30 мыңға дейін азайды. Соның арқасында ел рейтингі 20 жылға жуық уақыт ішінде 3-тен 100-орынға төмен сырғыды.

«Түрме тұрғындарының» кемуіне байланысты республикада кейінгі алты жылда 13 колония жабылды. Алайда ел аумағында әлі 82 түзеу мекемесі жұмыс істеп тұр. Оның 16-сы тергеу изоляторы, біреуі – Арқалық қаласындағы «Қара бүр­кіт» аталатын, аса ауыр қылмыс жасағандар өмір бойына қамайтын УК-161/12 толық қауіпсіздік түрмесі.

Пенитенциарлық мекемелерді қаржы­ландыру үшін жыл сайын республикалық бюджеттен 35 миллиард теңге бөлінеді. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, бір «түрме тұрғынын» асырау үшін айына 88,5 мың теңге жұмсалады, бұл елдегі ең төменгі күнкөріс төлемінен 3 есе (34 302 теңге), ал баланы бағуға берілетін жәдемақыдан 5 есе (16 801 теңге) көп. Оның үстіне, еңбекпен түзету мекемелерінде жазасын өтеп жат­қан­дар ас-сумен, дәрі-дәрмекпен, киім-кешекпен қамтамасыз етіледі. Әрине, қапастағы өмірдің ауырлығы түсінікті, дегенмен тұрмыстық ахуалын салыстырсаң, сотталғандардың жағдайы бостандықтағы қарапайым адамдардың көбінен көш ілгері.

Амнистияға кімдер ілігеді?

Құқықтанушылар амнистия бұған дейін жүргізілген рақымшылық шаралары сияқты стандартты жүйеде жүзеге асырыла­тынын айтады. Біріншіден, колонияда отырғандардың бір бөлігі бостандыққа шығады. Екіншіден, тағы бір бөлігінің жазаны өтеу мерзімі кемітіледі. Үшіншіден, кейбір ауыр қылмыстың жазасының өтел­меген бөлігі неғұрлым жеңіл жазаға ауыс­тырылады. Төртіншіден, соттар қарауында жатқан істер доғарылады.

«Бұрын рақымшылық жасалған, кейін қайтадан істі болып, жазасын өтеп жатқандар екінші рет амнистияға ілікпейді. Амнистия тек орташа және жеңіл қылмыс жасағандарға, қоғамға қауіп төндірмейтін қылмыс түрлері бойынша жүргізіледі. Біз өз тарапымыздан 2-3 рет сотталғандарға, түзету мекемесінің ішкі тәртібін жиі бұзатындарға рақымшылық шарасы қолданбауы керек деген ұсыныс жасаймыз. Өйткені ондай адамдардың түзеліп кетуіне сену қиын»,– дейді Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басшысы Жанат Ешмағамбетов.

Қалай болғанда да, кәнігі қылмыскер­лер, экстремистік және террористік қылмыс жасағандар, жыныстық зорлау сипатындағы, сондай-ақ қоғам үшін қауіпті баппен сотталғандар амнистиялауға жатпайды. Рақымшылықтың акциясы бойынша тар қапастантан кәмелетке толмағандардың, жас балалары бар әйел­дердің, соғыс арда­герлерінің, зейнеткерлер мен мүгедектердің шығу мүмкіндігі бар. Өйт­кені кәнігі қыл­мыскер мен байқаусызда немесе шара­сыздықтан қылмыс жасаған адамдарды салыстыру қиын. Әлбетте, айыбы мойнына қойылған кез келген қылмыскер жазасын өтеуі заңды. Бірақ қырсық шалып, жол-көлік оқиғасында адам қағып кеткен жүргізуші мен қасақана адам өлтірушіні немесе кәмелетке толмаған жасты зорлаушыны салыстыруға келе ме? Әйтпесе, жоқшылықтан ұсақ ұрлық жасағандар мен ақшаға құнығып тонналап тонаған сыбайлас жемқорды салыстыруға бола ма? Рақымшылық жасау кезінде құ­зыр­лы органдар осы  жайтты ескерер деген үміттеміз.
Ал ел ішінде амнистиядан кейін крими­ногендік жағдай ушығып кетеді деп қауіп­тену бекершілік. Сарапшылардың айтуын­ша, бұған дейінгі жүргізілген сегіз амнис­тиядан кейін ондай дүмпу байқалмаған.

Сотталғандарды өмірге бейімдеу қажет пе?

ҚАЖ комитетінің дерегіне сүйенсек, бостандыққа шыққандардың қайта қыл­мыс жасауына олардың түзу жолға түсуге деген ниетінің жоқтығы, тұрақты жұмысы­ның болмауы, ішімдікке салынуы түрткі болады екен. Сондай-ақ қылмысқа итер­мелеуші салдарды саралағанда сот­тал­ғандардың ұзақ жылдар қоғамдық өмірден тысқары қалуы олар әлеуметтен алыстатып жібереді, жат етеді. Сол себепті де оларды әлеуметтендіру маңызды.
ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі коми­теті­нің төрағасы Жанат Ешмағамбетовтың айтуынша, жыл сайын шамамен 10 мыңға жуық адам бостандыққа шығады.

 «Түзету мекемелерінің әкімшіліктері жазасын өтеуші әр азаматқа әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету үшін жеке бағ­дарлама жасайды. Босап шыққанға дейін әр азаматқа нақты көмек көрсетеді. Тәрбие жұмысымен қатар оның құқықтары мен міндеттемелері түсіндіріліп, бостандықта қайда тұратыны, жұмыс істейтіні, туыс­тарымен қарым-қатынасы, әлеуметтік қарым-қатынасы, сондай-ақ әлеуметтік қажеттіліктері сұралады. Осы мәліметтер әкімдіктерге, полиция мен пробация қызметтеріне жолданады», – деді Жанат Ешмағамбетов.

Түзеу мекемесінен шыққан азамат­тардың жұмыс тауып, қоғамның белсенді мүшесі болып кетуі үшін Ішкі істер министрлігі жанынан құрылған «Еңбек» кәсіпорны бас бостандығынан айырылған жəне түзету бөлімінде жатқан азаматтарды өндірістік-шаруашылық саласына еңбекке тартумен шұғылданады.
Кез келген адамның түрмеде өткен өмірі оның болашағына кедергі болмауы тиіс. «Еңбек» РМК басшысы Дәулет Айтжановтың айтуынша,  кәсіпорынның өңірлік 13 бөлімшесінде 4 мыңға жуық сотталғандар жұмыс істейді.

«Жазасын өтеп шыққанан кейін біздің азаматтар жұмыс таба алмайды. Ондай адамдарға қоғам қалай қарайтынын білесіз. Сондықтан былтырдан бері министрдің тапсырмасымен осы мәселені көтеріп отырмыз. Ескі ғимаратта тігін фабрикасын ашсақ деп күрделі жөндеу өткізіп жатырмыз. Елордада осындай бастаманы қолға алды. Енді өзге облыс орталық­тарында да осындай мекеме ашуды жос­пар­лап отыр»,– дейді ол.

Қазір пробация бойынша адамдарды әлеуметтендіруге бағытталған бірқатар бағдарлама жүзеге асырыла бастады. Пробацияның есебінде тұрғандарды жұмысқа орналастыру, емдеу, білім алуына жәрдемдесу, құжаттарын қайта қалпына келтіру, психологиялық көмек беру және басқа да қолдау көрсетілетін болды.
Пробация – сотталғандарды қайтадан қылмыстық жолға түсуден сақтауға арналған қызмет түрі, сондай-ақ Үкімет тарапынан оларды бақылау мен әлеуметтік-құқықтық сипаттағы тәрбиелеудің заңмен белгіленген жүйесі. ТМД және Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан бірінші болып пробацияның толық жүйесін қабылдады. Алғаш рет «пробация» ұғымы 2012 жылы қолданыла бастады. Оның қолданыс ауқымы Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 33-қадамы­ның аясында кеңейе түсті. Ал 2016 жылы «Пробация туралы» заң қабылданып, оның әлеуеті мен өзектілігі артты.
Р.S. Енді аз күнде Президент Жарлығына амнистияға іліккен жандар түзету меке­мелерінен босап шығады.  Оларды қарсы алуға қоғам әзір ме? Үйреншікті өмірге бе­йім­делуге олар дайын ба? Бұл жерде біз қандықол қылмыскерлер емес, абайсызда жаза басқандар туралы айтып отырмыз. Бұл – үлкен сын!
Дәулет АСАУ