Оралдағы сауда үйлерінің бірінде ер адам лифт шахтасына құлап кетті

Оралдағы сауда үйлерінің бірінде ер адам лифт шахтасына құлап кетті

Оралда сауда үйінде ер адам лифт шахтасына құлап кетті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Оқиға жайлы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мәлімдеді.

"2 шілдеде шамамен 15:00-де 101 нөміріне Есқалиев, 305 көшесінде орналасқан "Мегастрой" сауда үйіндегі лифт шахтасына адам құлап кеткені жайлы ақпарат түсті. Оқиға орнына келген төтенше-құтқару тобы альпинистік құралдарды қолдана отырып, шахтаға құлап кеткен 49 жастағы ер адамды құтқарды. Ол жедел жәрдем қызметкерлеріне табысталды", – деп хабарлады құтқарушылар.
Денсаулық сақтау басқармасындағылар ер адамның сауда үйінде жүк тасушы болып жұмыс істейтінін және өндірістік жарақат алғанын айтты.
"Пациентке жабық бас сүйек-ми зақымы, ми шайқалуы, гематома мен жабық иық сынығы диагнозы қойылды. Ол облыстық көпбейінді ауруханаға жатқызылды", — деді ведомстводағылар.
Полиция департаменті өкілдері оқиға тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу басталғанын айтты. Бірнеше сараптама тағайындалды.