Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтай отырып, Елбасының бастамасымен домбыраны ұлықтау мерекесін өткізу игі дәстүрге айналғанын айтты, деп хабарлайды "Ақорда".
– Бұл – халқымыздың тамыры тереңде жатқан төл өнерін дәріптейтін мейрам. Қазақ пен домбыра – бір-бірінен бөле-жаруға болмайтын егіз ұғым. Домбыра – көне заманның аңыздарына арқау болған киелі аспап. «Ақсақ құлан» күйінің шығу төркінін білмейтін қазақ кемде-кем. Ежелгі дәуірден жеткен қастерлі домбыра ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келеді. Қазақ сан ғасырлық шежіресінің куәсі болған қасиетті аспапты бойтұмарына балаған. Қазіргі тілмен айтсақ, бұл – біздің ұлттық брендіміз, – деді Президент.
Президент озық мәдениеті бар ұлттың рухы әрдайым биік болары сөзсіз деп санайды. Сондықтан өскелең ұрпақ осы киелі өнерді лайықты жалғастыруы қажет. Мектепте домбыра үйренуге арналған факультатив сабақтарын енгізу жөніндегі бастаманы қолдаған Қасым-Жомарт Тоқаев, бұл сабақтар балаларымыздың ұлттық санасының күшеюіне және олардың көзқарасы мен мәдени танымының кеңеюіне оң ықпал ететініне сенім білдірді.
– Биыл бірінші мамырдан шығармашылық үйірмелер мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істей бастады. Балалар мұндай үйірмелерге тегін қатысатын болды. Осының барлығы жастардың ұлттық құндылықтарды игеруі үшін қажет. Сондықтан домбыраның қадір-қасиетін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру – өте маңызды міндет. Қазір жастарымыз домбыраны заманауи музыкамен ұштастырып, жер жүзіне танытуда. Бұл төл тарихымыз бен мәдениетімізге әлем халықтарының қызығушылығын арттырады, Қазақстанның бірегей бет-бейнесін қалыптастырады, – деді Мемлекет басшысы.