Мемлекет басшысы: Qazaqstan Barysy төл өнерімізді әлемге танытты
Мемлекет басшысы: Qazaqstan Barysy төл өнерімізді әлемге танытты
253
оқылды

Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Qazaqstan Barysy турнирінің қатысушыларына арналған құттықтау сөзін оқып берді, — деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қадірлі спортсүйер қауым, құрметті балуандар! Баршаңызды Qazaqstan Barysy турнирінің басталуымен құттықтаймын. Қастерлі Тәуелсіздігіміздің мерейлі жылында, елорда күнінің қарсаңында, күш атасы Қажымұқанның 150 жылдығына орай өткізіліп жатқан бұл сайыстың символдық мәні зор. Qazaqstan Barysy турнирі халқымыздың ежелден келе жатқан төл өнері – қазақ күресі егемендік кезеңіне қайта жаңғыртты. Бұл сайыс бабалардың батырлық рухы мен жауынгерлік шеберлігі, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқанын аңғартады. Соңғы жылдары кең қанат жайып, жан-жақты дәріптеле бастаған қазақ күресі қарқынды дамуда. Оған ҚР Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін өтетін Qazaqstan Barysy республикалық турнир зор үлесін келеді», — делінген Президенттің құттықтау сөзінде.
Мемлекет басшысының құттықтауында қазақ күресін жан-жақты насихаттаудың арқасында төл өнеріміз ЮНЕСКО ұйымының материалдық емес мәдени мұралардың тізіміне енгенін атады.
«Дәстүрге айналған дүбірлі дода төл өнерімізді әлемге танытты. ЮНЕСКО ұйымы қазақ күресін адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне қосуы – осының айқын көрінісі. Балуандардың өнері жастардың спортқа қызығушылығын оятып, өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге жол ашады. Бүгінгі байрақты бәсекеде балуандарымызға сәттілік тілеймін. Ұлттық құндылықтарымыз айшықтала берсін», — деп жазылған Президенттің құттықтау хатында.