Оралда әкесі қызын құтқарам деп екеуі де суға кетті, — деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға бүгін Оралда Орда көшесі маңында Жайық өзенінде болды.
Сағат 15.43-те 1973 жылғы ер адам он жасар қызын құтқарам деп суға кеткен. Оның денесін сағат 17.10-да жедел құтқару жасағының іздеу тобы судан шығарды. Қызы шомылуға жабдықталмаған жерден түсіп, суға кеткен.
Оның денесін куәгерлер шығарып алған. Облыста осымен жыл басынан бері 14 адам суға кетсе, соның алтауы бала болып отыр.
БҚО ТЖ департаменті рұқсат етілген және жағажайларда ғана суға шомылуға болатынын тұрғындар есіне салады. Рұқсат етілмеген, сондай-ақ, ескертулері бар белгілерден асып жүзуге, күн көзіне қатты қыздырынып, суға секіруге болмайды. Мас күйде де шомылуға болмайды. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда сегіз жасар баланың суға кеткенін жазған болатынбыз.