Шығыс Қазақстан облысында ұялы телефондар партиясын түзету мекемесіне кіргізбек болған ер адам ұсталды.
ШҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 32 жастағы ер адам 7 ұялы телефонды ауыр жүк көлігіне тиелген құмға жасырып өтуге тырысқан.
- ОВ 156/3 колониясының қызметкерлері мекеме аумағына тыйым салынған заттарды кіргізу дерегінің алдын алды. Мекеменің өндірістік аумағына құм әкелген КаМАЗ көлігін тексеру кезінде скотчпен оралған екі түйіншек табылған. Оның ішінде жеті ұялы телефон мен 5 симкарта болған. Түйіншектерді құмға жасырып, айласын асырмақ болған, - дейді түзету мекемесінің бастығы Тілеуберген Көнекбаев.
Аталған факті бойынша ер адам ҚР ӘҚБК-нің 481-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ.