Астана күні қарсаңында Талдықорғанда үлкен қоныстойы болды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Алматы облысының бірқатар аудан-қалаларында жаңа көп қабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Осындай қоныстой қуанышын атап өткендер қатарында облыс орталығының тұрғындары да бар. Талдықорғандағы «Көктем» шағынауданында «Нұрлы Жер» бағдарламасымен салынған 55 пәтерлік тұрғын үйдеге тұрмысқа қолайлы пәтерлердің кілттерін қуаныш иелеріне облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов тапсырды.
Талдықорғандықтарды қуаныштарымен құттықтаған Лаззат Махатұлы өңірде мемлекеттік бағдарламалар арқасында халықты тұрғын үймен қамту жұмыстары жылдан жылға жақсарып келе жатқанын айрықша атап өтті.
- Талдықорғанда биылғы жылы жалпы ауданы 120 мың шаршы метрден асатын үйлер пайдалануға беріледі. Жалпы биыл баспана мәселесін шешуге республикалық бюджеттен 5,6 млрд. теңге бөлінді. Сол сияқты 155 коттедж салуға жергілікті бюджеттен 1,5 млдр. теңге қарастырылды. Осының бәрі - халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған салиқалы мемлекеттік саясаттың жемісі. Соның айқын көрінісі ретінде бүгін Астана күні қарсаңында тағы 55 жетісулық баспанаға қол жеткізіп, қуанышқа кенелді. Жаңа қоныс иелерін шын жүректен құттықтаймын! Осындай жарқын жаңалықтар мен жақсы қадамдар көбейе берсін. Баршаңызға зор денсаулық және амандық тілеймін! Жаңа шаңырақтарыңыз молшылық пен берекеге толып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары кілт тапсыруға арналған салтанатты рәсім кезінде.
Баспаналы болғандар арасынан сөз алған № 4 балабақшаның тәрбиешісі Күләш Бекенова қалалық тұрғын үй коммуналдық мекемесі қызметкерлерінің мемлекеттік бағдарламалардың шарттарын жан-жақты түсіндіріп, бағыт беруінің арқасында «Шаңырақ» бағдарламасымен осы баспанаға қол жеткізгенін айтты. Ол өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын мамандарға, тұрғын үйдің көптеп салынуына мұрындық болған ел ағаларына ризашылығын білдірді. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің қызметкері Сайрамхан Әбішева да қуанышымен бөлісіп, жаңа баспанаға ие болу бақытына кенелген өзге де тұрғындарға құттықтау тілегін жеткізді.
Мұнан соң Лаззат Тұрлашов «Асар» оңалту орталығының жетекшісі Елдос Баялышбаевтың, «Сенім» мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Райгүл Бекованың отбасыларына берілген пәтерлерге кіріп, құттықтап, естелік сыйлықтарын берді.
Талдықорғандағы осы көп пәтерлі тұрғын үй құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталған. «ЦА НИПИ ТрансНефть» ЖШС бас мердігер болып, жобалық құны 860 млн. теңгеден асатын көпқабатты, көппәтерлі үйдің құрылысын белгіленген мерзімде аяқтады. Үйдің жалпы аумағы 5 мың шаршы метрден асады, 55 пәтер бар, соның 20-сы - үш бөлмелі, 15-і – екі бөлмелі, 15-і – бір бөлмелі, 5-еуі – төрт бөлмелі.
Жоғарыда айтқанымыздай, Астана күні қарсаңында облыстың бірқатар аудандары мен қалаларында қоныстойлары болды. Талдықорғандағы қуанышқа қоса, Іле ауданында 60 пәтерлі, Қапшағай қаласында 50 пәтерлі, Еңбекшіқазақ ауданында 30 пәтерлі үйлер тұрғынжар үшін есіктерін айқара ашты. Бұлардың барлығы «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған. Осылайша жылдар бойы баспана кезегінде тұрған 200 отбасы үйлі болды. Олардың қатарында көп балалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектер, халықтың түрлі әлеуметтік әлжуаз санаттарындағылар, сол сияқты мемлекеттік және бюджеттік мекемелер қызметкерлері бар.
Болат Абаған, Алматы облысы