Елорда әкімдігі 2021 жылдың соңына дейін 50-ден астам тұрғын үй құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл тағы да 7 мыңнан астам үлескерге пәтер кілтін тапсыруға мүмкіндік береді.
Жалпы алаяқтарға алданып, баспанаға қолы жетпей, далада қалған қала тұрғындары жетіп артылады. Оның біразы талай жылдан бері талап-тілегін айтып, елорда әкімдігінің табалдырығын да тоздырды. Тіпті, мәселесі шешілмегендері бірнеше рет митинг ұйымдастырды. Ел-жұрттың жан айқайын елеусіз қалдырмай, жергілікті билік үлескерлер проблемасын шешуге кіріскен екен. Өйткені 2019 жылы қаладағы 52 проблемалық үйдің бірден 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Сол жылы 2,5 мың адам баспаналы болса, былтыр тағы 20 көпқабатты үй қоныс тойын тойланған.
– Бүгінгі күні елордада құрылыс жүріп жатқан 117 тұрғын үй бар. Олардың – 33-і проблемалық үйлер. 2020 жылы – 14 нысанда 20 үй, яғни 2 723 үлескер өз пәтерінің кілтін алды. Әкімдіктің уәкілетті ұйымы «Елорда құрылыс компаниясы» 2021 жылы 18 нысанда 57 үйдің құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл шамамен 7 мыңнан астам үлескер, – деді «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС Басқарушы директоры Мақсат Шаяхметов.
Бұл дегеніміз – жыл соңына дейін Тұрғын үй коммуналдық даму жобасы, яғни «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жұмыс істейтін компания 7,5 мыңға жуық үлескердің баспаналы болатынын білдіреді.
Үлескерлері көп проблемалы құрылыс нысандарының тағы бірі – «Шығыс» тұрғын үй кешені. 2019 жылдан бері аталған кешенінің 2А, 2В, 3А, 3В нысандарында құрылыс жұмыстары қайта жанданып, әр блоктың сметалық құжаттамасы әзірленіп, қаржылық және техникалық есеп-қисабы жүргізілді. Биыл тұрғын үйдің бірнеше блогы пайдалануға беріліп, қала күніне орай тағы 3 мыңға жуық үлескер баспаналы болмақ.
«Нұр-Сұлтан қаласының туған күніне орай 10 нысандағы 21 үй пайдалануға беріледі. Атап айтсақ: «Ақерке 2», «Талисман», «Жастар 4», «Арыстан блок Д», «Айсанам Де-Люкс», «Шығыс 1 А, 1 В», «Баспана». Барлығы үш мыңға жуық үлескерге үйдің кілті табысталады. Алдағы уақытта қалған 16 нысандағы 40 үй құрылысын 2022 жылдың соңына дейін бітіруді жоспарлап отырмыз. Бұл тағы үш мың үлескердің баспаналы болады», – дейді компания директоры Мақсат Шаяхметов.
Қабанбай даңғылы 4/2 мекенжайы орналасқан «Комфорт де люкс» тұрғын үй кешенінің тұрғыны өткен күнді еске алып, кезінде құрылысы аяқсыз қалдырған «Азбука жилья»-ға қарасты тұрғын үйдің тұрғындары қазір баспаналы болғанына қуанғанын жасырмады. «2012 жылдан бастап бұл үйдің құрылысы 7-8 жылдай тоқтап қалған. Сол кезде бармаған жеріміз, қақпаған есігіміз қалмады. Сотқа да, прокуратураға да, архитектураға да, әкімдікке де бардық. Олар біріне-бірі сілтеді, сөйтіп жүргенде 7 тұрғын үйдің әйелдері аштық жариялап, петицияға шыққан. Нәтижесінде, 2019 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бюджеттен 40 миллион қаржы бөліп, үйді аяқтау тапсырылды. Ол кезде бар-жоғы екі қабаты ғана соғылған. Құжаттың бәрін тапсырғанбыз ТОО «Инжинерингке» тапсырғанбыз. Ал олар оның бәрін бізге айтпастап өзгеге сатып жіберген. Артынан анықталғандай, ол құрылыс компаниясы болмай шыққан», – деді Арай деген тұрғынның бірі.
–Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының қолдауының арқасында біздің тұрғын үйіміз «Нұрлы жер» бағдарламасына ілініп, «Елорда құрылыс» компаниясы құрылысты аяқтап, баспаналы болғанбыз. Бұл игі іс былтыр дәл Жаңа жылда, яғни 31 желтоқсанда болған. Сонда 250-ден астам тұрғын пәтерлі болды. Шыны керек, үйіміз өте қолайлы жерде әрі елорданың қақ ортасы орналасқан. Үйдің жөндеу жұмыстары да сапалы жасалған. Өз басым, қала күніне орай 27-ге жуық проблемалық тұрғын үйдің құрылысы бітіп, тұрғындарға кілті табысталатынын естіп, қуанып отырмын. Осы күнге жеткеніміз – ең алдымен, мәселенің басы-қасында жүріп, көмек қолын созған қала әкімі Алтай Көлгінов пен әкімдіктің арқасы. Оларға алғысым шексіз. Себебі бір ғана жеке бастың немесе отбасының мәселесі емес, бүкіл қала тұрғынының өміріне бей-жай қарамайтынын көрсетеді. Бұл – ізгіліктің нышаны, – дейді «Комфорт де люкс» үйінің тұрғыны Қайша Хадыркеева.
Осы үйдің тағы бір тұрғыны барша жұртты Елорда күнімен құттықтай отырып, қыстың қатты аязында пәтерінің жылы болғанын тілге тиек етті.
– Баршаңызды мерекеміз – Елорда күнімен құттықтаймын! Өзім «Комфорт де люкс» тұрғын үй кешенінің тұрғынымын. Бұл – бұрынғы «Азбука жилья» нысандарының бірі. Басымыздан көп нәрсе өтті. Бірақ осы құрылысты аяқтауына атсалысқан қала әкімдігі мен әкім Алтай Көлгіновке ризашылығым шексіз. «Елорда құрылыс» компаниясы да баспанамызды сапалы етіп тұрғызған. Оларға да мың алғыс! Баспаналы болғанға қайбір қаймана қазақ қуанбайды дейсіз. Осында көшіп келіп, баспаналы болып, өміріміздің жақсы күндерін өткізудеміз. Бір ғана әттеген-ай, автотұрақтың жоқтығы. Үйдің ауласындағы аумақ кішкентай болғандықтан тұрақтың мәселесін шешу де оңайға түспей отыр. Сондықтан осы мәселені әкімдік бір жақты шешіп берсе, нұр үстіне нұр болар еді, – деді үйдің тұрғыны Динара Сабдинова.
Проблемалық нысандар құрылысын аяқтау «Нұрлы жер» Мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіледі. Күрделі нысандар Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджет арқылы қаржыланады. Сондай-ақ, басқарушы директор баспана алу кезінде тұрғындарды барынша мұқият болуға, алаяқтардан сақтануға шақырды.
«Бүгінгі күні біздің компанияда 30-дан астам құрылыс алаңы бар. Барлық нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мердігерлерді тарту мемлекеттік сатып алу барысында және жеке инвесторлардың қатысуымен жүзеге асады. Тұрғындар проблемалық үйлерге ұрынбауы үшін әкімдіктің ресми сайты құрылысын кешіктірген, күдікті саналатын компаниялар жайында ақпарат салып отырады. Сондықтан үй алуды жоспарласаңыз, алдымен бәрін жан-жақты тексеріп, сенімді деген компанияға жүгінген жөн», – дейді Мақсат Шаяхметов.