Тәжікстан тарапының бастамасымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Әңгімелесу барысында екі ел президенттері Ауғанстандағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты Орталық Азия аймағындағы ахуал жөнінде жан-жақты пікір алмасты.
Қазақстан Президенті Тәжікстанмен арадағы достық қатынастардың мызғымастығын нақтылады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 19-20 мамырда Душанбеге жасаған сапарының барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды Қазақстанның орындайтынын және бауырлас тәжік халқына берілетін көмекті жалғастыра беретінін айтты.
Мемлекет басшылары аймақтағы ахуал жайында өзара ақпарат алмасу және іс-қимылдарды үйлестіру мақсатында тұрақты байланыс жасап тұруға келісті.