Елорда экономикасының қарқыны ерек
Елорда экономикасының  қарқыны ерек
216
оқылды

Нұр-Сұлтан қаласы әлемнің ең жас астанасы болғанымен, Еуразия кеңістігінің орталығы саналады. Дегенмен, тек әкімшілік орталық қана емес, өндірісі өрлеп, экономикасы еселенген, «өз күнін өзі көре алатын» деңгейдегі қала. Мысалы, қазір әлемдік ЖІӨ-нің жартысына жуығы 300 ірі қалада өндіріледі десек, соның көбін «өркениеттің өркешінде отырған» Нью-Йорк, Лондон, Шанхай, Гонконг, Сингапур сияқты ірі қаржы орталықтары құрайды. Ал олардың экономикасының негізі - қаржы, технология, логистика және сабақтас салалардан тұрады. Қазақстан елордасы ептеп болса да қазір сондай әлеуетке ие.

1998 жылы мұндағы қала халқының саны небәрі 300 мың адам болса, қазір миллион жұрт қоныстанған мегаполис атанып отыр. Соңғы 10 жылдың өзінде елор­далықтардың өсімі 50%-дан асты. Болжамдық мәліметке сүйенсек, 2030 жылға қарай Нұр-Сұлтан қала­сының халқы 2 миллион адам­ға жетуі тиіс. Қазір мұнда 46,8 мың адам әлеуметтік тұрғын үй кезегінде тұр. Демек, әлеуметтік тұрғын үй жобаларын іске асыруға да инвестициялар қажет. «Инвестиция» демекші, елор­даның экономика­лық саясатын­дағы маңызды басымдық – тікелей шетелдік инвестициялар. Қалада қазір 4 027 шетелдік компания тір­келген. Соңғы 10 жылда мемле­кетке 75,1 триллион теңге көле­мінде инвестиция салынса, Нұр-Сұлтан қаласына құйылған инвес­тиция мөл­шері – 7,4 триллион теңге. Ал былтыр мұнда 1 трлн. 115 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды. Ол өт­кен жылдың сәйкес кезеңінен 21,5 пайызға жо­ғары. Бұл өсімнің негізгі көзі – 91,6 пайызды құрай­тын жеке инвес­тициялар. Сондай-ақ, шетел­дік инвес­тициялар көлемі 8,5 есе артып, 49,5 миллиард теңгені құрады. Одан бөлек, салаларды талдау барысында қалада жұмысын жал­ғас­тырып кетуі мүмкін, болашағы бар қызмет түрлері, сондай-ақ астанада өндіруге болатын және импортты алмастыруға мүмкіндігі жетуі мүмкін өнімдер түрлері анық­талды. Мә­селен, талдау ба­ры­сында импорт­талатын өңделген өнім­дердің 68 пайызы азық-түлік тауар­лары екені анықталды. Себебі, Нұр-Сұлтан қаласында им­портты ішінара алмастыруға қауқары жетерлік 423 компания бар. Олар өндіретін «қарапайым зат­тар эко­номика­сының» басты тізіміне енгізілген тауарларға деген сұраныс артқан. Әсіресе, өткен 4 жылда өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсім көрсетіп отыр. Елордада 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан ай­ларын­да өнеркәсіп өндірісінің кө­лемі 1 трил­лион 43 миллиард тең­геден асса, өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 936,5 миллиард теңгені құ­ра­ған. Эпидемиологиялық ахуал мен карантин шараларына қарамастан, Қазақстан астанасы былтыр жыл бойы экономикалық дамуда оң қарқын­ көрсетті. 2020 жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ) 5 трил­лион теңгеден асты. Өнеркәсіп кәсіп­орындары 1 триллион 43 мил­лиард 700 миллион теңгеге өнім өндірді десек, бұл индекс 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4 пайызға артық. Ал елорданың көлік және қойма саласы негізгі капиталға салын­ған инвестициялар көлемі бойынша Қазақстан өңірлері арасында көшбасшы. Қазір мұнда 11 көліктік-логистикалық орталық (КЛО) бар. Ал қаланың көлік жүйесі жалпы ұзындығы 852,8 шақы­рым­ға созылатын 1 110 көше­ден тұрады. Жол жұмыстарын жүргізуге «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы бойынша 15 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық көлік жүйесінде 1 коммуналдық және 5 жеке автобус паркі қызмет көрсетеді десек, оның маршруттық желісі 96 маршруттан тұрады. Ал күнделікті кесте 1 364 аялдамаға тоқтайтын 877 автобусты құрайды. Тағы бір айта кетер жайт, былтыр жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 144,8 мыңға өскен. Эко­номика­ның нақты секторында 29 мың жаңа жұмыс орны (тұрақты – 16,8 мың, уақытша – 12,2 мың адам), оның ішінде ШОБ сала­сында 21,1 мың жұмыс орны (72,6%) құрылды. ШОБ субъек­тілерінің тауарлар шығаруы 2020 жылғы қаңтар-қыркүйекте 4 275,1 миллиард теңгені құрады. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіп­кер­лік негіздерін оқытуға 1 502 адам және кәсіптік-техникалық оқытуға 1 050 адам жіберілді. 561 аза­мат 555 600 теңге (200 АЕК) мөл­шерінде жаңа бизнес идея­ларды іске асыруға мемлекеттік грант иегері болды.    Ал биылғы 1  қаңтардағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған ШОБ субъек­тілерінің саны 144 769 бірлікті құрап, өткен жылдың сәйкес ке­зеңі­мен салыстырғанда 7,7 пайыз­ға артты. Енді жұмыс істеп тұрған ар­найы экономикалық аймақтар мен олардың индустриялық парктерін дамыту жөніндегі жұмыс жандан­дырылып жатыр. «Астана – жаңа қала» АЭА №1 индустриялық паркінің аумағына 2020 жылы 35 жоба тартылған.

Е. БОЛАТҰЛЫ