Мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков: Тәуелсіздік – қазақтың теңдігі
Мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков: Тәуелсіздік –  қазақтың теңдігі
350
оқылды

Тәуелсіздік алған елең-алаң кезде ел іргесінің бекуіне ерекше еңбек сіңірген жанның бірі – Мырзатай Жолдасбеков. Қалың қазақтың құрметіне бөленген ел ағасы саналы ғұмырында елдің қуанышын да, сүйінішін де бірге көріп келеді. Биыл - Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Қоғам қайраткері, қазақтың жанашыры Мырзатай ағамызбен мереке қарсаңында тілдестік.

– 6 шілде – Елорда күні. Астананы Алма­тыдан Сарыарқа төсіне ауыстыру оңай бол­мағаны анық. Бұл ретте Елбасының рөлі зор екені белгілі. Сол бір кезеңдерге қайта орал­сақ. Не еске түседі? – Сол жылдары біз де билікте, Елбасы­ның сарбазы ретінде қасында жүрдік. Қазақстанның Жоғарғы кеңесі депутаттары бірауыздан мемлекетіміздің Президенті етіп, Нұрсұлтан Назарбаевты сайлады. Ал­ғаш­қы сайлау да есімізде. Тәуелсіздік алған алғашқы кездер еді. Нарықтық экономи­каға көше бастаған сәт. Ақша жоқ. Зейнет­ақы уақтылы берілмейді. Студенттердің өзі стипендиясын уақтылы ала алмайды. Сол сайлауды өткізудің идеологиясын бізге се­ніп  тапсырды. Оралбай Әбдікәрімов екеу­міз кірісіп кеттік. Халық шын ықы­ласы­мен Президентке дауыс берді. Елбасы шешен сөйлейтін кісі. Сонда бүкіл облыс­тың барлығын аралап шықты. Халықпен жүздесуінде сөйлеген сөздері де есімізде. Сон­да қиындықтың бар екенін, «алдағы жыл­дары бұдан да қиын кездер болуы мүм­кін екенін» де айтатын. Шын мәнінде, ал­ғаш­қы жылдардың қандай қиын бол­ғанын бәріміз   жақсы білеміз. Елбасы жү­ре­гінің түгі бар адам. Сондай кезде аты бар, заты жоқ Қазақ КСР деген халықтан тәуелсіз мемлекет орнатамын деп шығу – көзсіз батырлық. Оған бұл кісіден басқа ешкімнің жүрегі дауаламайды. Және қолынан келмес еді. Жақсыны жақсы деуіміз керек. Тәуелсіздік орнатуда, оны баянды етуде, оның экономикасын қалып­тастыруда, дамытуда, Қазақстанды әлемге танытуда, танытып қана қоймай, оны мойындатуда Елбасының еңбегі ерекше. Алғашқы сайлау демекші, сол бір кезеңдерді еске алғанда мына қызықты сәттер ойға оралады. Инаугурация өткізуге дайындық басталып кеткен. Тәжірибеміз мүлде жоқ. Біз тек ақ киізге отырғызып хан көтерген халықпыз. Президент сайламаған елміз. Жалпы, мемлекет орнатуда тәжірибе жоқ. Президентті таққа отырғызу тәжіри­бесі мүлдем жоқ. Қарамағымдағы жігіттер­дің бәрін жұмылдырып, әлемдегі елдердің инаугурация өткізу формасын қарадық. Төлен Әбдік, Сауытбек Әбдрахманов, Әлі­бек Асқаров, Сейіт Қасқабасов сияқты жігіттермен ақылдасып, шетелдіктердің қалай өткізетіні туралы кеңесіп, пікірлес­тік. Біз енді ақ киізге отырғызып, хан көтере алмаймыз. Не істеу керек? Аймақ­тың басшыларымен де кеңестік. Ол кезде Өмірбек Бәйгелді Жамбыл облысын бас­қаратын. Сол Өмірбектің айтқан кей пікір­лері көңілге қонды. Ол маған «Президенттің ант беретін мінберінің астына ақ киіз төсе» деп айтты. Сөйтіп, еліміз бойынша ақ киізге конкурс жарияладық. Конкурста Жамбыл облысының киізі озды. Соны мінбердің астына төседік. Бұрын ертеректе бабаларымыздың  ақсарбас шалатын жақсы дәстүрі болған. Қордай ауданынан 30 қария келіп, Республика сарайының шы­ғыс жағында «Аллаһу әкбар» деп ақсар­бас шалды. Мұны да жақсы ырымға бала­дық. Шын мәнінде, тәуелсіздік алған алғаш­қы жылдары еліміз үшін өте қиын болғаны рас. Өзге ұлтты басқарып көрген жоқпыз. Бірақ маған өзге елді басқару оңай сияқты көрінеді. Ал қазақты басқару өте қиын деп ойлаймын. Қазақ – данышпан, шешен, көсем халық. Ондай мықты халықты бас­қару үшін де мықты адам болуы керек. Ел­басы соның бәрінің жөнін, жолын таба білді. Елді ұйыстырып, халықты бірлікке топтастырды. Абай айтатын сөзі бар еді: «Бірлік – ақылға бірлік» деген. «Қазақ тәуел­сіздікке дейін қол-аяғы кісендеулі, тілі байлаулы келді. Сөйлеп үйренсін» дей­тін Елбасы. Алғашқы кезеңдерде мұндай талай қы­зық­ты сәттер болды ғой. Тәуелсіздікті ны­ғайту  үшін қаншама мықты азаматтар Ел­басының  үзеңгілес серігі бола білді. Пре­зидентпен бірге жанын шүберекке түйген,  терін төккен азаматтар аз болған жоқ. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарды». Олардың бәрі бір ғана салада қызмет еткен жоқ. Түрлі саланы өркендетіп, елдің дамуына, экономикасының тұрақ­тануы­на, халықтың әлеуметтік жағдайы­ның дұрысталуына атсалысты. Күн-түн демей еңбек етті. Бастапқы кезеңдердей емес, тұрмыс түзеліп, елдің ахуалы дұрыстала бастаған кезең. Осы бір сәттерде Елбасы тынбай елді аралап кетті. Сөйтсек, жаңа астананы салуды ойлап жүрген екен. Бір күні бәрі­міз­ге: «Осы астананы көшірмесек болмай­ды» деді. «Қайда көшіреміз?» деп шошып кеттік. «Соны ойлауымыз керек», – деді. Со­дан біраз уақыт өткеннен кейін бір күні бізге: «Былай пайымдап қарасақ, дүние­ жүзіндегі мемлекеттердің біразының  ас­тана­лары дерлік өзеннің жағасына салы­нады екен», – деді. «Мен осы жолы Цели­ноградқа барып келдім. Қараөткелді көпірдің үстінде тұрып қарадым. Сөйтсем, осы Ақмола Қазақстанның тап ортасы екен. Тек Қазақстанның ғана емес, Еуразия кеңістігінің ортасы екен», – деді. – Таңдау неге Целиноградқа түсті. Қа­лай ойлайсыз? – Нұрекеңе оңаша кіріп, «Асқақтаған Алатауымыз тұр. Кеудесі толған құдірет. Анамыз сияқты иісі аңқыған, бүкіл қазақ­тың панасына айналған киелі мекен. Мұны қалай тастап кетеміз? Қайтіп қия­мыз?» дедім. Сөйтсем, Елбасының түпкі ойы басқа екен. Ол жылдары Целиноградта 11 пайыз ғана қазақ болды. Петропавлда – 7 пайыз, Көкшетауда да сол шамалас. Қарағандыда – 17 пайыз. «Біздің өнер­кәсібіміздің барлығы солтүстік облыстарда емес пе?  Ешкім бізге жер сыйлаған жоқ. Ата-бабамыздан қалған өз жеріміз. Бағзы замандардан  қалған ата-бабаларымыздың атамекені. Сақ пен ғұннан қалған жер. Сол жаққа көшуіміз керек» деп қатты айтты. Сөйтіп, бұл мәселе депутаттардың талқы­лауына түсті. Біз де қадағалап қатысып отырамыз. Түрлі пікір айтылды. «Астананы ауыстырудың қажеті қанша?» дегендер де болды. Депутаттардың бірі «Біз неге дауры­ғып жатырмыз? Ешқайда көшпейміз. Бүгін Президенттің туған күні ғой. Сол кісіге сыйлық жасайық. Сөйтіп, бұл ұсынысты қолдап жіберейік», – деді. Бәрі дауыс берді. Нұрекеңе де осы керек еді. Жоғарғы кеңес­тің шешімін пайдаланды да, Елбасы тыным таппай, бірден көшті қолға алды. Қазақ - баяғыдан көшіп-қонып үйренген халық. Жайлаудан күздеуге, күздеуден  қыстауға деген сияқты көшіп жүре береді. Жаугершілік заманда киіз үйін жиыстыра салып, түйеге артып, сайдан-сайға көшіп кете берген. Шоқан Уәлиханов жазған мынадай бір аңыз бар. Ертеде моңғолдар қазақтың әніне қатты қызығады екен. Қазақтар кешкі астан кейін от жағып қойып, алтыбақанын құрып, өмірлерін ойын-сауықпен өткізеді. Соған қызыққан моң­ғолдар жиналып, «қазақтың әнін қайт­сек ұрлаймыз» деп ақылдасады. Пысық жігіттерін дайындап, «қырдың астына ба­рып, тыңдаңдар» деп жіберетін көрінеді. Кел­се, ел жоқ, жым-жылас. Көшкен жұрт­та қалған иттердің ұлығаны ғана естіледі екен. Шоқан «Моңғолдың әндерінің көбі  иттің ұлығаны сияқты естілетіні содан» деп жазады. Сол секілді қазақтың көшіп-қонуы қиын емес. Елбасының Алматыдан елор­даға көш бет түзеген тұста: «Біз Алматыны қиып кетіп бара жатқан жоқпыз. Қимай ке­­тіп барамыз. Алматы  – бәріміздің жүре­гімізде, ұмытылмайды» дегені есте. Елбасы ұшақ­қа мінерінде жарықтық Зейнолла Қабдолов бата берді. Сонда біз көшкен жұ­рт­та қалғандай болдық. Кәдімгідей құла­зып қалдық. Екінші рет көзіме жас кел­гені сол кез. Дүние жүзі қазақтарының бірінші құрылтайын өткізген кезде жылап едім. «Құрылтайды қалай өткіземіз?» деп көп таластық. «Елім-айлап» кетіп еді. «Елім-айлап» келсін, соны айтқызайық», – деді. Бұған көп адам қарсы болды. «Зар­латып не керегі бар?» дегендер де болды. Ұшақтан түскен кездегі қандастарымыздың көзіндегі жасты көргенде бәріміз бірге жыладық. Ұшақтан түсе салып, жерді құшақтап сүйген сәттері әлі күнге дейін есімізде. «Елім-ай» орындалып жатыр. Сай-сүйегіміз сырқырап кетті... Бұрын да келіп жүрген Целиноград еді ғой. Іссапармен келіп-кетеміз. Ит байла­саң тұрғысыз жер секілді көрінетін. Побе­да мен қазір Республика деп аталатын екі-ақ көшесі бар еді. Сонда жан-жағымыз­дан төбесі қарайған қазақты іздейміз. Ілуде біреу көрінетін. Қазір Аллаға шүкір, Ел­басының арманы орындалды. Кішкентай Целиноград әсем астанаға айналды. Қазір көрік­ті мекенді көресің. – Көштің соңына ала сіздің де елордаға қоныс аударғаныңызды білеміз. Еуразия уни­­верситетін қалыптастыруда сіздің де рө­ліңіз бар. Солай емес пе? – Елордаға келіп-кетіп жүргенім болмаса, мұнда тұрғылықты қоныстанамын деген ой болған жоқ. 1998 жылы Еуразия университетіне ректор болу туралы маған ұсыныс жасады. Үйренбеген  жерім болған соң, тәуекел жасай алмадым. 2000 жылы мамыр айында Әбіш қоңырау шала­ды. Ол мені өзімсініп, «Шал» деп айтатыны бар еді. «Шал, сені сағындық. Сәбит Мұқа­новтың мерейтойын өткізейін деп отыр­мыз. Соған келсеңші», – деді. Нұр-Сұлтан­ға ертерек келіппін. Жиналыс түстен кейін өтеді екен. Уақытым болғасын Елбасына кірейін деп, Ақордаға барған­мын. Жұмыс кес­тесі тығыз болған соң, кездесуге мүмкін­дік болмады. Сағат 15.00-де Мұқа­новтың мерейтойына байланысты жиында отырсам, ректордың қабылдау бөлмесіндегі қыз жүгіріп келіп, «Сізге қоңырау шалып жатыр», – деді. Барсам, Темірхан Дос­мұхамедов екен. «Қайдасыз?» – деді. «Кө­лік жібердім. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­на кіруі­ңіз керек», – деді. Нұрекеңмен ұзақ әңгіме­лестік. Соңында  маған Еуразия универ­ситетіне ректор боласың деп ұсы­ныс тас­тады. Сөйтіп, Елбасының келісімі­мен уни­верситеттің ректоры болып шыға кел­­дім. Ол жерде бақандай төрт жыл жұ­мыс істедім. Университетке жан-жақтан ға­лым­дарды жинақтадық. Мәскеу, Санкт-Петербордан да ғалымдар алдырдық. Уни­верситет аз уақыттың ішінде  дүрілдеп шы­ға келді. – Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл. Тәуел­­­­сіздіктің берген ең үлкен сыйы қандай? – Тәуелсіздіктің ең үлкен сыйы – қазаққа берген  теңдігі. Яғни, азаттық. Мәселен, бұрын залда мың адам отырып, біреуі орыс болса, қалған 999-ы соның тілінде сөйлейтін еді. Біз тілімізді ұмыта жаздадық. Біз дәстүр-салтымыздан айыры­лып қала жаздадық. Қазақтың тілі, дәстүрі үшін тынбай күрескен адамдар болды. Солардың бірі – Өзбекәлі Жәнібеков. Ор­та­лық партия комитетінің идеология жө­нін­дегі хатшысы болатын. Нағыз мемле­кетшіл адам сол кісі еді. Ол кісі тәуелсіздікке жете алмады. Басын бәйгеге тіккен, жанын қиған жандардың бәрі тәуелсіздік деп армандап кетті. Құдайға тәубе, ол кісілердің арманына біз жеттік. Тәуелсіздіктің ең үлкен байлығы – қазақтың тәуелсіз ел болуы. Мен Орталық партия комитетінде жұмыс істеген адаммын. Сонда басқа қыз­мет­керді былай қойғанда, еден жуатын адам­ның өзін Мәскеудегі Орталық коми­тетпен келісіп алатын. Көрдіңіз бе? Астанаға келгеннен кейін бір жылдары  Наурыз мерекесін тойлайтын болдық. Ол кезде қала әкімі Әділбек Жақсыбеков. Әкім мекеме  басшыларының бәрін шақы­рып, «наурызға бір-бір киіз үй тігесіңдер» деп тапсырма берді. Масқара, қарасақ, тігетін киіз үй жоқ. Қарағандыда тұратын Моңғолиядан көшіп келген қазақтар бар екен. Солардан әзер таптық. Келесі жылында іздеп жүріп,  он шақты киіз үйді сатып алдық. Сегіз қанат, он қанат үйлерді сатып алғанымызбен, соны тігетін адам жоқ. Киіз үй тігуді білмейді, ұмытқан. Қазақ салт-дәстүрінен жұрдай болып, ажырай бастаған екен. Мұның бәрін кеңестік идеология әдейі істеді. Біздің тари­хымызды бұрып жазды. Өзімізге жаз­дыр­тқан жоқ. Тарихты жазатын Бекмаханов сияқты мықтыларды қуғын-сүргінге ұшы­ратты. Әйтпесе, Ерекең тарихты жазуы керек еді. Сол олқылықтың бәрін тәуелсіз­дік алған соң толтырып жатырмыз. Біздің астанамыз – тәуелсіздіктің Туын тіккен, елі көшін ілгері бастаған, бүкіл Орта Азияның астанасына айнала бастаған қала деп ойлаймын. Елбасының бұл шешімі оңды шешім болды. Күні кеше Ресейдің біраз адамдары сандырақтап, оның ішінде Жириновский дегені де бар, «қазаққа жерді сыйға бердік» деп жатыр. Ол өзі қисығынан жүретін адам. Кеңес Одағының кезінде ұзақ жыл Сыртқы істер министрі болған атақты Молотов деген кісі болған. Ең өкініштісі, Никонов сол кісінің немересі. Сол сандырақтағандардың арасында Никоновтың жүргеніне қарным ашты... – 30 жылда қоғам өзгерді ме? Қазақ ше? – Қоғам өзгерді. Осыдан біраз жыл бұрын «Тәуелсіздік тағылымы» деп жазға­ным бар еді. Қоғам да, заман да, адам да өзгер­ді. Бір нәрсеге ғана қапа боламын. Қазақтың әні ырғағынан айырылып бара­ды. Табиғаты бұзылды. Бұл – кешірілмейтін нәрсе. Осы саланы басқарып отырғандар бұған мән беруі керек. Қазақ әні ыржың-тыр­жың болып кетті. Сосын шашын жайған қыздар сахнаға шығып жүр. Баяғы­да аналарымыз шашын жайып отырған қыздарға ұрсатын еді. «Бәле көрініп отыр ма? Шашыңды жина» дейтін. Соғыс кезінде шашын жайған жеңгелерімізді көрдік. Олар соғыстан қайтпаған ер азама­тын  жоқтап, бетін тырнап, шашын жайды. Ондай қиындықты қайта көрсетпесін деп тілейміз. Тағы бір шүкірлік ететінім,  ақыл­ды жастар өсіп келеді. Оларға айтатыным, тілін ұмытпасын. Тарихын білсін. Жастар осының бәрін санасына сіңіріп өссе дей­мін. Туған тілі, дәстүрі, тарихы – осы үшта­ғанды білген  жастар көп нәрсеге қол жет­кізеді. Елбасының тағы бір ерлігін айтпай кетуге болмайды. Ол – Түркістанды түле­туі. Түркістанды түлетпегенде, аруақ бізді кешірмейтін еді. Аллаға шүкір, бұл арма­нымыз­ға да жеттік. Орталық комитетте жұ­мыс істеп жүргенімде, бізге хат келді. Хатта «Түркістан өзбектеніп барады» деп жазыпты. Сол үшін мені Түркістанға арнайы жіберді. Хаттың  мән-жайын бағдарлап қарасам, расында да солай болып кетіпті. Сонда осы мәселенің бәрін Елбасына айтқанымда: «Уақыты келеді» деген еді. Расында, уақыты келіп, Түркістан облысқа айналды. Қала түлей бастады. Түрленген Түркістанның жаңа келбетін ұрпағымыз көретін болады. Құдайға тәубе! Аруақтар тыныш жатыр деп ойлаймын. Баяғыда Өзбекәлі мені Ленинградқа екі рет іссапарға жіберіп еді. Сонда маған «Эрми­таждан тайқазанды көре келші» дейтін.  Пиотровский деген директоры болатын. Мықты кісі.  Екінші рет бар­ғанымда, тайқазанды елге қайтару туралы  Пиотров­скийден сұрағанбыз. «Тайқазан кеткелі ел­ден береке кетіп қалды» дедік. Кейін біраз жігіттер барып, сөйлесіп жүріп, тай­қазанды елге алып келді. Тайқазан елге келген соң, Аллаға шүкір, жаман болған жоқпыз. Көптеген жетістікке қол жеткіздік. Берекеміз оралды. – Келешек Қазақстанның келбетін қалай елестетесіз? – Қазаққа қазақтан басқа ешкімнің жаны ашымайды. Қазақ – кемеңгер халық, көсем, шешен халық. Момын халық. Бірақ қазақ­тың намысына тиюге болмайды. Қазір індет жайлап, елдің дегбірін алып жіберді. Осы індеттен аман-есен құтылып, мамыражай күнге жетейік! Ел тыныш, жұрт аман болса, Қазақстанның болашағы кемел болары анық. – Әңгімеңізге рақмет!  
Сұхбаттасқан
Айым БЕКТҰР