Тәуелсіздік алған елең-алаң кезде ел іргесінің бекуіне ерекше еңбек сіңірген жанның бірі – Мырзатай Жолдасбеков. Қалың қазақтың құрметіне бөленген ел ағасы саналы ғұмырында елдің қуанышын да, сүйінішін де бірге көріп келеді. Биыл - Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Қоғам қайраткері, қазақтың жанашыры Мырзатай ағамызбен мереке қарсаңында тілдестік.
– 6 шілде – Елорда күні. Астананы Алматыдан Сарыарқа төсіне ауыстыру оңай болмағаны анық. Бұл ретте Елбасының рөлі зор екені белгілі. Сол бір кезеңдерге қайта оралсақ. Не еске түседі? – Сол жылдары біз де билікте, Елбасының сарбазы ретінде қасында жүрдік. Қазақстанның Жоғарғы кеңесі депутаттары бірауыздан мемлекетіміздің Президенті етіп, Нұрсұлтан Назарбаевты сайлады. Алғашқы сайлау да есімізде. Тәуелсіздік алған алғашқы кездер еді. Нарықтық экономикаға көше бастаған сәт. Ақша жоқ. Зейнетақы уақтылы берілмейді. Студенттердің өзі стипендиясын уақтылы ала алмайды. Сол сайлауды өткізудің идеологиясын бізге сеніп тапсырды. Оралбай Әбдікәрімов екеуміз кірісіп кеттік. Халық шын ықыласымен Президентке дауыс берді. Елбасы шешен сөйлейтін кісі. Сонда бүкіл облыстың барлығын аралап шықты. Халықпен жүздесуінде сөйлеген сөздері де есімізде. Сонда қиындықтың бар екенін, «алдағы жылдары бұдан да қиын кездер болуы мүмкін екенін» де айтатын. Шын мәнінде, алғашқы жылдардың қандай қиын болғанын бәріміз жақсы білеміз. Елбасы жүрегінің түгі бар адам. Сондай кезде аты бар, заты жоқ Қазақ КСР деген халықтан тәуелсіз мемлекет орнатамын деп шығу – көзсіз батырлық. Оған бұл кісіден басқа ешкімнің жүрегі дауаламайды. Және қолынан келмес еді. Жақсыны жақсы деуіміз керек. Тәуелсіздік орнатуда, оны баянды етуде, оның экономикасын қалыптастыруда, дамытуда, Қазақстанды әлемге танытуда, танытып қана қоймай, оны мойындатуда Елбасының еңбегі ерекше. Алғашқы сайлау демекші, сол бір кезеңдерді еске алғанда мына қызықты сәттер ойға оралады. Инаугурация өткізуге дайындық басталып кеткен. Тәжірибеміз мүлде жоқ. Біз тек ақ киізге отырғызып хан көтерген халықпыз. Президент сайламаған елміз. Жалпы, мемлекет орнатуда тәжірибе жоқ. Президентті таққа отырғызу тәжірибесі мүлдем жоқ. Қарамағымдағы жігіттердің бәрін жұмылдырып, әлемдегі елдердің инаугурация өткізу формасын қарадық. Төлен Әбдік, Сауытбек Әбдрахманов, Әлібек Асқаров, Сейіт Қасқабасов сияқты жігіттермен ақылдасып, шетелдіктердің қалай өткізетіні туралы кеңесіп, пікірлестік. Біз енді ақ киізге отырғызып, хан көтере алмаймыз. Не істеу керек? Аймақтың басшыларымен де кеңестік. Ол кезде Өмірбек Бәйгелді Жамбыл облысын басқаратын. Сол Өмірбектің айтқан кей пікірлері көңілге қонды. Ол маған «Президенттің ант беретін мінберінің астына ақ киіз төсе» деп айтты. Сөйтіп, еліміз бойынша ақ киізге конкурс жарияладық. Конкурста Жамбыл облысының киізі озды. Соны мінбердің астына төседік. Бұрын ертеректе бабаларымыздың ақсарбас шалатын жақсы дәстүрі болған. Қордай ауданынан 30 қария келіп, Республика сарайының шығыс жағында «Аллаһу әкбар» деп ақсарбас шалды. Мұны да жақсы ырымға баладық. Шын мәнінде, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары еліміз үшін өте қиын болғаны рас. Өзге ұлтты басқарып көрген жоқпыз. Бірақ маған өзге елді басқару оңай сияқты көрінеді. Ал қазақты басқару өте қиын деп ойлаймын. Қазақ – данышпан, шешен, көсем халық. Ондай мықты халықты басқару үшін де мықты адам болуы керек. Елбасы соның бәрінің жөнін, жолын таба білді. Елді ұйыстырып, халықты бірлікке топтастырды. Абай айтатын сөзі бар еді: «Бірлік – ақылға бірлік» деген. «Қазақ тәуелсіздікке дейін қол-аяғы кісендеулі, тілі байлаулы келді. Сөйлеп үйренсін» дейтін Елбасы. Алғашқы кезеңдерде мұндай талай қызықты сәттер болды ғой. Тәуелсіздікті нығайту үшін қаншама мықты азаматтар Елбасының үзеңгілес серігі бола білді. Президентпен бірге жанын шүберекке түйген, терін төккен азаматтар аз болған жоқ. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарды». Олардың бәрі бір ғана салада қызмет еткен жоқ. Түрлі саланы өркендетіп, елдің дамуына, экономикасының тұрақтануына, халықтың әлеуметтік жағдайының дұрысталуына атсалысты. Күн-түн демей еңбек етті. Бастапқы кезеңдердей емес, тұрмыс түзеліп, елдің ахуалы дұрыстала бастаған кезең. Осы бір сәттерде Елбасы тынбай елді аралап кетті. Сөйтсек, жаңа астананы салуды ойлап жүрген екен. Бір күні бәрімізге: «Осы астананы көшірмесек болмайды» деді. «Қайда көшіреміз?» деп шошып кеттік. «Соны ойлауымыз керек», – деді. Содан біраз уақыт өткеннен кейін бір күні бізге: «Былай пайымдап қарасақ, дүние жүзіндегі мемлекеттердің біразының астаналары дерлік өзеннің жағасына салынады екен», – деді. «Мен осы жолы Целиноградқа барып келдім. Қараөткелді көпірдің үстінде тұрып қарадым. Сөйтсем, осы Ақмола Қазақстанның тап ортасы екен. Тек Қазақстанның ғана емес, Еуразия кеңістігінің ортасы екен», – деді. – Таңдау неге Целиноградқа түсті. Қалай ойлайсыз? – Нұрекеңе оңаша кіріп, «Асқақтаған Алатауымыз тұр. Кеудесі толған құдірет. Анамыз сияқты иісі аңқыған, бүкіл қазақтың панасына айналған киелі мекен. Мұны қалай тастап кетеміз? Қайтіп қиямыз?» дедім. Сөйтсем, Елбасының түпкі ойы басқа екен. Ол жылдары Целиноградта 11 пайыз ғана қазақ болды. Петропавлда – 7 пайыз, Көкшетауда да сол шамалас. Қарағандыда – 17 пайыз. «Біздің өнеркәсібіміздің барлығы солтүстік облыстарда емес пе? Ешкім бізге жер сыйлаған жоқ. Ата-бабамыздан қалған өз жеріміз. Бағзы замандардан қалған ата-бабаларымыздың атамекені. Сақ пен ғұннан қалған жер. Сол жаққа көшуіміз керек» деп қатты айтты. Сөйтіп, бұл мәселе депутаттардың талқылауына түсті. Біз де қадағалап қатысып отырамыз. Түрлі пікір айтылды. «Астананы ауыстырудың қажеті қанша?» дегендер де болды. Депутаттардың бірі «Біз неге даурығып жатырмыз? Ешқайда көшпейміз. Бүгін Президенттің туған күні ғой. Сол кісіге сыйлық жасайық. Сөйтіп, бұл ұсынысты қолдап жіберейік», – деді. Бәрі дауыс берді. Нұрекеңе де осы керек еді. Жоғарғы кеңестің шешімін пайдаланды да, Елбасы тыным таппай, бірден көшті қолға алды. Қазақ - баяғыдан көшіп-қонып үйренген халық. Жайлаудан күздеуге, күздеуден қыстауға деген сияқты көшіп жүре береді. Жаугершілік заманда киіз үйін жиыстыра салып, түйеге артып, сайдан-сайға көшіп кете берген. Шоқан Уәлиханов жазған мынадай бір аңыз бар. Ертеде моңғолдар қазақтың әніне қатты қызығады екен. Қазақтар кешкі астан кейін от жағып қойып, алтыбақанын құрып, өмірлерін ойын-сауықпен өткізеді. Соған қызыққан моңғолдар жиналып, «қазақтың әнін қайтсек ұрлаймыз» деп ақылдасады. Пысық жігіттерін дайындап, «қырдың астына барып, тыңдаңдар» деп жіберетін көрінеді. Келсе, ел жоқ, жым-жылас. Көшкен жұртта қалған иттердің ұлығаны ғана естіледі екен. Шоқан «Моңғолдың әндерінің көбі иттің ұлығаны сияқты естілетіні содан» деп жазады. Сол секілді қазақтың көшіп-қонуы қиын емес. Елбасының Алматыдан елордаға көш бет түзеген тұста: «Біз Алматыны қиып кетіп бара жатқан жоқпыз. Қимай кетіп барамыз. Алматы – бәріміздің жүрегімізде, ұмытылмайды» дегені есте. Елбасы ұшаққа мінерінде жарықтық Зейнолла Қабдолов бата берді. Сонда біз көшкен жұртта қалғандай болдық. Кәдімгідей құлазып қалдық. Екінші рет көзіме жас келгені сол кез. Дүние жүзі қазақтарының бірінші құрылтайын өткізген кезде жылап едім. «Құрылтайды қалай өткіземіз?» деп көп таластық. «Елім-айлап» кетіп еді. «Елім-айлап» келсін, соны айтқызайық», – деді. Бұған көп адам қарсы болды. «Зарлатып не керегі бар?» дегендер де болды. Ұшақтан түскен кездегі қандастарымыздың көзіндегі жасты көргенде бәріміз бірге жыладық. Ұшақтан түсе салып, жерді құшақтап сүйген сәттері әлі күнге дейін есімізде. «Елім-ай» орындалып жатыр. Сай-сүйегіміз сырқырап кетті... Бұрын да келіп жүрген Целиноград еді ғой. Іссапармен келіп-кетеміз. Ит байласаң тұрғысыз жер секілді көрінетін. Победа мен қазір Республика деп аталатын екі-ақ көшесі бар еді. Сонда жан-жағымыздан төбесі қарайған қазақты іздейміз. Ілуде біреу көрінетін. Қазір Аллаға шүкір, Елбасының арманы орындалды. Кішкентай Целиноград әсем астанаға айналды. Қазір көрікті мекенді көресің. – Көштің соңына ала сіздің де елордаға қоныс аударғаныңызды білеміз. Еуразия университетін қалыптастыруда сіздің де рөліңіз бар. Солай емес пе? – Елордаға келіп-кетіп жүргенім болмаса, мұнда тұрғылықты қоныстанамын деген ой болған жоқ. 1998 жылы Еуразия университетіне ректор болу туралы маған ұсыныс жасады. Үйренбеген жерім болған соң, тәуекел жасай алмадым. 2000 жылы мамыр айында Әбіш қоңырау шалады. Ол мені өзімсініп, «Шал» деп айтатыны бар еді. «Шал, сені сағындық. Сәбит Мұқановтың мерейтойын өткізейін деп отырмыз. Соған келсеңші», – деді. Нұр-Сұлтанға ертерек келіппін. Жиналыс түстен кейін өтеді екен. Уақытым болғасын Елбасына кірейін деп, Ақордаға барғанмын. Жұмыс кестесі тығыз болған соң, кездесуге мүмкіндік болмады. Сағат 15.00-де Мұқановтың мерейтойына байланысты жиында отырсам, ректордың қабылдау бөлмесіндегі қыз жүгіріп келіп, «Сізге қоңырау шалып жатыр», – деді. Барсам, Темірхан Досмұхамедов екен. «Қайдасыз?» – деді. «Көлік жібердім. Нұрсұлтан Әбішұлына кіруіңіз керек», – деді. Нұрекеңмен ұзақ әңгімелестік. Соңында маған Еуразия университетіне ректор боласың деп ұсыныс тастады. Сөйтіп, Елбасының келісімімен университеттің ректоры болып шыға келдім. Ол жерде бақандай төрт жыл жұмыс істедім. Университетке жан-жақтан ғалымдарды жинақтадық. Мәскеу, Санкт-Петербордан да ғалымдар алдырдық. Университет аз уақыттың ішінде дүрілдеп шыға келді. – Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл. Тәуелсіздіктің берген ең үлкен сыйы қандай? – Тәуелсіздіктің ең үлкен сыйы – қазаққа берген теңдігі. Яғни, азаттық. Мәселен, бұрын залда мың адам отырып, біреуі орыс болса, қалған 999-ы соның тілінде сөйлейтін еді. Біз тілімізді ұмыта жаздадық. Біз дәстүр-салтымыздан айырылып қала жаздадық. Қазақтың тілі, дәстүрі үшін тынбай күрескен адамдар болды. Солардың бірі – Өзбекәлі Жәнібеков. Орталық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болатын. Нағыз мемлекетшіл адам сол кісі еді. Ол кісі тәуелсіздікке жете алмады. Басын бәйгеге тіккен, жанын қиған жандардың бәрі тәуелсіздік деп армандап кетті. Құдайға тәубе, ол кісілердің арманына біз жеттік. Тәуелсіздіктің ең үлкен байлығы – қазақтың тәуелсіз ел болуы. Мен Орталық партия комитетінде жұмыс істеген адаммын. Сонда басқа қызметкерді былай қойғанда, еден жуатын адамның өзін Мәскеудегі Орталық комитетпен келісіп алатын. Көрдіңіз бе? Астанаға келгеннен кейін бір жылдары Наурыз мерекесін тойлайтын болдық. Ол кезде қала әкімі Әділбек Жақсыбеков. Әкім мекеме басшыларының бәрін шақырып, «наурызға бір-бір киіз үй тігесіңдер» деп тапсырма берді. Масқара, қарасақ, тігетін киіз үй жоқ. Қарағандыда тұратын Моңғолиядан көшіп келген қазақтар бар екен. Солардан әзер таптық. Келесі жылында іздеп жүріп, он шақты киіз үйді сатып алдық. Сегіз қанат, он қанат үйлерді сатып алғанымызбен, соны тігетін адам жоқ. Киіз үй тігуді білмейді, ұмытқан. Қазақ салт-дәстүрінен жұрдай болып, ажырай бастаған екен. Мұның бәрін кеңестік идеология әдейі істеді. Біздің тарихымызды бұрып жазды. Өзімізге жаздыртқан жоқ. Тарихты жазатын Бекмаханов сияқты мықтыларды қуғын-сүргінге ұшыратты. Әйтпесе, Ерекең тарихты жазуы керек еді. Сол олқылықтың бәрін тәуелсіздік алған соң толтырып жатырмыз. Біздің астанамыз – тәуелсіздіктің Туын тіккен, елі көшін ілгері бастаған, бүкіл Орта Азияның астанасына айнала бастаған қала деп ойлаймын. Елбасының бұл шешімі оңды шешім болды. Күні кеше Ресейдің біраз адамдары сандырақтап, оның ішінде Жириновский дегені де бар, «қазаққа жерді сыйға бердік» деп жатыр. Ол өзі қисығынан жүретін адам. Кеңес Одағының кезінде ұзақ жыл Сыртқы істер министрі болған атақты Молотов деген кісі болған. Ең өкініштісі, Никонов сол кісінің немересі. Сол сандырақтағандардың арасында Никоновтың жүргеніне қарным ашты... – 30 жылда қоғам өзгерді ме? Қазақ ше? – Қоғам өзгерді. Осыдан біраз жыл бұрын «Тәуелсіздік тағылымы» деп жазғаным бар еді. Қоғам да, заман да, адам да өзгерді. Бір нәрсеге ғана қапа боламын. Қазақтың әні ырғағынан айырылып барады. Табиғаты бұзылды. Бұл – кешірілмейтін нәрсе. Осы саланы басқарып отырғандар бұған мән беруі керек. Қазақ әні ыржың-тыржың болып кетті. Сосын шашын жайған қыздар сахнаға шығып жүр. Баяғыда аналарымыз шашын жайып отырған қыздарға ұрсатын еді. «Бәле көрініп отыр ма? Шашыңды жина» дейтін. Соғыс кезінде шашын жайған жеңгелерімізді көрдік. Олар соғыстан қайтпаған ер азаматын жоқтап, бетін тырнап, шашын жайды. Ондай қиындықты қайта көрсетпесін деп тілейміз. Тағы бір шүкірлік ететінім, ақылды жастар өсіп келеді. Оларға айтатыным, тілін ұмытпасын. Тарихын білсін. Жастар осының бәрін санасына сіңіріп өссе деймін. Туған тілі, дәстүрі, тарихы – осы үштағанды білген жастар көп нәрсеге қол жеткізеді. Елбасының тағы бір ерлігін айтпай кетуге болмайды. Ол – Түркістанды түлетуі. Түркістанды түлетпегенде, аруақ бізді кешірмейтін еді. Аллаға шүкір, бұл арманымызға да жеттік. Орталық комитетте жұмыс істеп жүргенімде, бізге хат келді. Хатта «Түркістан өзбектеніп барады» деп жазыпты. Сол үшін мені Түркістанға арнайы жіберді. Хаттың мән-жайын бағдарлап қарасам, расында да солай болып кетіпті. Сонда осы мәселенің бәрін Елбасына айтқанымда: «Уақыты келеді» деген еді. Расында, уақыты келіп, Түркістан облысқа айналды. Қала түлей бастады. Түрленген Түркістанның жаңа келбетін ұрпағымыз көретін болады. Құдайға тәубе! Аруақтар тыныш жатыр деп ойлаймын. Баяғыда Өзбекәлі мені Ленинградқа екі рет іссапарға жіберіп еді. Сонда маған «Эрмитаждан тайқазанды көре келші» дейтін. Пиотровский деген директоры болатын. Мықты кісі. Екінші рет барғанымда, тайқазанды елге қайтару туралы Пиотровскийден сұрағанбыз. «Тайқазан кеткелі елден береке кетіп қалды» дедік. Кейін біраз жігіттер барып, сөйлесіп жүріп, тайқазанды елге алып келді. Тайқазан елге келген соң, Аллаға шүкір, жаман болған жоқпыз. Көптеген жетістікке қол жеткіздік. Берекеміз оралды. – Келешек Қазақстанның келбетін қалай елестетесіз? – Қазаққа қазақтан басқа ешкімнің жаны ашымайды. Қазақ – кемеңгер халық, көсем, шешен халық. Момын халық. Бірақ қазақтың намысына тиюге болмайды. Қазір індет жайлап, елдің дегбірін алып жіберді. Осы індеттен аман-есен құтылып, мамыражай күнге жетейік! Ел тыныш, жұрт аман болса, Қазақстанның болашағы кемел болары анық. – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан
Айым БЕКТҰР