Мемлекеттік сыйлықтың иегері, композитор Төлеген Мұхамеджановтың ұлттық музыка өнеріне қосқан үлесі ерекше. Ол қаншама күрделі симфониялық, опералық, камералық шығармалар, романстар, сазға толы әдемі әндердің авторы. Оның тағы бір қайраткерлік келбеті – елдің бас ордасы Алматыдан Арқаға қоныс аударып, тарихи оқиға басталған кезде Ақмола қаласы әкімінің орынбасары болып, елорданың рухани өмірі мен мәдениетінің өрістеуіне күш салғаны. Қаншама мәдени шараның бел ортасында жүрді.
– Елордаға алғаш қоныс аударған күн есіңізде шығар. Аңызақ жел, аяз, мұз құрсанған қала... Қандай сезімде болдыңыз? – Маған бұйрық қаңтар айында, яғни 5 қаңтарда шықты. Соған байланысты бірден Астана қаласына ұшып келдім. Сағат түнгі 23.00. Далаға шықсақ, сықырлаған аяз, күн боран. Шығармашылық адамы болған соң, көп дүниені жоспарлай бермейсің ғой. Қайда барарымды, не істейтінімді білмей, біраз дағдарып қалдым. Құдай сақтағанда, қасымда досым Иманғали Нұрғалиұлы болған. «Сасқалақтап тұрсың ба?» деп күліп алды. Сөйтіп, өзі тұратын пәтерге алып келді. Кейін қатарымызға Қайрат Мәми қосылды. Пәтерде алты ай бірге тұрдық. Жастық шағымыз қайтып келгендей күй кештік. Бір жағынан қиын, бір жағынан, қызық күндер басталды. Тіпті, қала әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалғаныма да таңғалдым. Өйткені өмір бақи мемлекеттік қызметтен қашып жүретін адам едім. Ресми жұмыстарға да көп қызықпайтынмын. 1997 жылғы желтоқсанда Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасының қолынан «Парасат» орденін алдым. Сол кезде ол кісіге ризашылығымды білдіріп, «әрқашан сіздің сарбазыңыз болуға дайынмын» деген едім. Мүмкін сол сөзім себеп болған шығар, Елбасы өзі сенім білдірген соң, бұл жұмыстан бас тарта алмадым. Тіпті, алғашында жұмысты неден бастау керек екенін де білмедім. Иманғалидың көп көмегі болды. Ақыл-кеңесін аямай, қалай бастау керек екенін, нені істеген дұрыс екенін түсіндіріп отырды. – Шынында, жұмысты неден бастадыңыз? – Ә дегеннен қызметтестеріммен танысып, кім-кімнің қандай жұмыс істейтінін бағамдап, білісіп, бір-бірімізді жақын тани бастадық. Бұрын-соңды шенеунік болмаған адаммын. Көп дүниені әріптестерімнен де үйрендім десем болады. Алғашқы күндері қағаздарды үтір-нүктесіне дейін қарап, бағамдауға тырыстым. Кейін тіпті былай ежіктеп, қағаз қарап отыруға уақыт жетпейтінін түсіндік. Күні бойы объектілерде жүресің. Мектеп, аурухана, түрлі әлеуметтік, мәдени нысандар – бәріне жауаптысың. 1998 жылдары елордада бір қазақ мектебі болды. Кейін қазақ мектептерінің санын көбейтуге тырыстық. Одан бөлек, 10 маусымда Астананың тұсаукесерін өткізу керек болды. Өткізу туралы қаулы бекітіліп қойған. Бүкіл шығармашылық жағына мен жауаптымын. Қандай мерекелік шаралар өткізіледі, соның бәрін реттеп, тиянақтап, сценарий әзірлеу керек. Сол үшін Алматыдан білікті, білімді мамандарды шақыру қажет болды. Достарыма хабарласып, режиссерлерді, мықты музыканттарды шақырдым. Бірнеше рет Алматыға баруға тура келді. Күнделікті кеңесіп, пікірлесіп, ойларымызды ортаға салып, жоспар құрамыз. Ең үлкен іс-шара стадионда өтеді. Оған 13 мың адам сыяды. Соған байланысты сценарий жазу керек болды. Көбі режиссер болғанымен, дайын нәрсені қағазға түсіре алмайды. Осы тұрғыда кейде «жанжалдасып» қаламыз. Ойымызда бәрі дайын тұр, бірақ қағаз бейнесі жоқ. Комиссияға апарып көрсетуіміз керек. Алғаш рет апарғанымда, тіпті олар менің жұмысыма қанағаттанбай, «2» қойды. Қатты қиналдым. Сосын жұмысқа келіп, досым Бақыт Қайырбековке хабарластым. Бақыт келгеннен кейін бір апта уақыт беріп, жігіттермен бірлесе отырып, ерекше сценарий жазып шықты. «Отныне и на века, сердце страны – Астана» деп жазылған. Ол кезде Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев ағамыз. Ол кісі сценарийді оқып, риза болды. Жаңа астанамыздың тұсаукесері, оған 12 елдің басшысы келеді. Оңай емес. ХХ ғасырдың соңында салынып жатқан жаңа астана. Оған сын көзбен қарағандар өте көп. Аллаға шүкір, алғашқы тұсаукесер көптің көңілінен шықты. [caption id="attachment_149882" align="alignnone" width="945"] ©А.Мұрзанов[/caption] Бұдан бөлек, қаншама жұмыс күтіп тұр. Зейнеткерлердің зейнетақысы, дәрігерлердің жалақысы, мектептердің жай-күйі дегендей. Қала әкімшілігіндегі жұмыс істеген әріптестерімнің барлығы дерлік – жергілікті жігіттер. Сырттан келген «шетелдік» жалғыз мен ғана. Өзі композитор адамды іскер азаматтардың ә дегеннен қабылдауы қиын болады ғой. «Бұл қалай жұмыс істейді?» деген күмән болған шығар. Кейін келе олар да менің жұмысыма оң баға беріп, тіл табысып кеттік. – Халық саны да көп емес. Ары кетсе, 200 мыңнан сәл асады. Оның өзінде қазақтар тіптен аз. Қаланы қазақыландыру жұмысы қалай жүрді? – 217 мыңнан асатын халық бар. 15 пайызы – қазақ. Қазақыландыру оңайға түскен жоқ. Кафе-мейрамхана атауларының бәрі орысша жазылған. Қалалық Тіл басқармасына Халық ақыны Қонысбай Әбілді қызметке алдық. Тіпті, қазақша атауға қарсы болған қазақтар да болды. Оның бәрін бірден қазақшалап тастай алған жоқпыз. Бірте-бірте қазақылана бастады. Тағы бір жетістік – әрбір жаңадан ашылған мектептердің бәрі қазақтілді болды. Жаңа ашылған мектептердің лентасын Елбасы өзі барып қиятын. Сосын мұнда филармония болмаған. Әртістерді жинақтап, филармония аштық. Қазақ халық аспаптар оркестрінің негізін қаладық. Алғашқы концерті де күні бүгінгідей есімде. Мырзағали Айдаболов деген марқұм ағамыз дирижер болды. Кірпіштің үстінде ноталар қойып қойған. Әртістердің бәрі бір бөлмеде сығылысып тұрды. Тұратын жерлері жоқ, жалақылары да көп емес. Не деген жанкештілік десеңші. Сол бір кезеңдерде бір рухани жарылыс болды. Олардың бәрі қиындықтарға қарамастан, жаңа астананың негізін қалау үшін жанталасты. Тұрмыстың ауыртпалығына қараған жоқ. Жай-күйі болмаса да, жылы ұясын тастап, елдің түкпір-түкпірінен жиналды. – Алматыдан Әзірбайжан Мәмбетов келуінің өзі астаналықтар үшін бір сілкініс болған жоқ па? – Аудандық партия комитетінің ғимараты болған орынды театрға бердік. Ремонтын жасап, ұжымды ұйымдастырдық. Осындай тұста Әзірбайжан ағамыздың келгені – үлкен қуаныш болды. Әзірбайжан ағаның өзі театрдың ішінде тұрды. Қаншама қиындықтарға қарамастан, үлкен бір театрдың негізін қалауға себеп болды. Елбасының өзі әрбір көшіп келген адамды жылы көңілмен қабылдады. Әзірбайжан ағаны «Парасат» орденіне ұсынған едік, кешкісін теледидардан Елбасының «Халық Қаһарманы» атағын бергені туралы хабарлады. Сол алғашқы лекпен келген азаматтардың барлығы дерлік қазір елорданың тұрғылықты тұрғынына айналды. Отбасын құрды, бала-шағалы, немерелері болды. –Алғаш астанаға көшіп келгендер «Алматы туралы ойламауға, Алматы туралы айтпауға тырыстық» деген еді. Сіз шығармашылық адамысыз. Алматы туралы әніңіз де бар. Бірден ұмыта алдыңыз ба? – Рас, Алматы туралы әнім бар. Сөзін жазған – Бақыт Қайырбеков. Оны Әлібек Дінішев орындайды. Кешкісін жігіттер осы әнді тыңдап, біраз жылап алады екен. Сол әнді өзіме арнап жазғандай болдым. Алматыдан кеткеніме 24 жыл болыпты. Алғашында Алматыны сағынып, жиі баратын едім. Қазір бұрынғыдай емес, астанаға бой үйренді. Осы қаланың тұрғылықты тұрғынына айналдық. Бұл Алматыны жек көремін деген сөз емес. Алатаудың жөні бөлек. Бірақ маған астананың әр құрылысы, әр бұрышы жақсы таныс. Өйткені мен соның ортасында жүрдім. Осында алғаш үй салғанымда жанында ешқандай үй болмаған. Қу дала еді. Үй салған соң, тұру керек. Жол жоқ, батпақ кешіп, жұмысқа барамыз. Қазір айнала толған ғимарат. Кешегі күндер тіптен болмағандай... Елордаға алғаш көшіп келгендердің бәрі осы күйді бастан кешкені анық. Көшіп келу қорқынышты емес, бірақ сол жерге орнығып қалу қиындық тудырады. Сол кезде көшіп келген азаматтарға, отбасыларына рақметімді айтқым келеді. Ол кезде ауа райы қиын. Борандатқан кезде жол көрінбей, көлігіміз орта жолда қалып қоятын. Сосын жұмысқа, үйге жаяулатып тартатын едік. Міне, осы қиындықтың бәрі Елбасына оңай тимеген болар. Ол кісінің соңынан қаншама адам еріп келді. Сондықтан ол кісінің бұл ерлігін ұмытпауымыз керек. Алматыдан Сарыарқаға қоныс аудару, шын мәнінде ерлік еді. Сол кездегі адамдардың бәрінде патриоттық сезім болғаны анық. Тапшылық кезеңде қандай керемет жұмыс атқарылды. Менің есімнен кетпейтін бір сәт бар. Бірде Әділбек Ырыскелдіұлы екеуміз келе жатырмыз. Ол маған ойланып тұрып: «Төлеген, біз қандай бақытты адамбыз! Миллиондаған адамдардың ішінен Елбасы екеумізді іріктеп алып, елорданы салуға тарихи тапсырма жүктеді» деп толқып айтқаны бар. Шынында, өзімді бақытты адам ретінде сезінем. Осындай ғасырда сирек болатын ұлы істі жай сыртынан шолып қоймай, соның қазандай қайнап жатқан ортасына түскенім тағдырымның маған сыйлаған ырыздығы деп ойлаймын. – Бір жыл емес, бақандай 7 жыл қала әкімінің орынбасары болып қызмет еттіңіз. Шығармашылығыңыз қалып қойған жоқ па? – Әрине, шығармашылығым қалып қойған жоқ деп өтірік айта алмаймын. Музыкалық шығарма жазуға уақыт болған жоқ. «Шабыт» фестивалі басталған кезде гимн керек болды. Сонда ешқайсысы жаза алмаған соң, өзім жазуға тура келді. Тағы бір-екі рет осындай бір дүниелерде музыка жазғаным болмаса, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік болған жоқ. Таңертең ерте жұмысқа келесің, кешкісін кеш қайтасың. Әрбір жасаған ісің алақандағыдай жұртшылықтың көз алдында. Тіпті, «Жас Алаш» газеті 20 рет сынады. Күнде таңертең газетті ашып қалсам, бірінші бетінде менің суретім тұрады. Мұз қалашыққа, карнавалға, Миллениумға қатысты сынағандары бар. Тіпті, «Мисс Астана» байқауын да менен көрді. Ондай сынның бәрін көрген соң, ерекше қадағалайсың. Тіпті, кей шаралардың монтажын да өзім жасаған кез болды. Мұның бәрі уақытқа сай керек еді. Қаншама қиындыққа қарамастан, өз жұмысымды ұнаттым. Бұл кездер маған қатты сынақ болғаны да рас. Кейін Парламентке кеттім. – 23 жылдан кейін Нұр-Сұлтанның биігіне көз жібергенде нені байқайсыз? – Таңғаламын. Өсіп кеткен. Кейде кездейсоқ жұмыстармен өзім көрмеген жерлерге барсам, «мынаның бәрі қай уақытта пайда болған» деп ойлаймын. «Астана опера» театры, Қалибек Қуанышбаев театры салынды. Қаншама керемет ғимарат тұрғызылды. Мұның бәрі көз қуантады. Шетелден келген әртістердің өзі елорданы көріп, таңдай қағып кетеді. – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан
Гүлзина БЕКТАС