Үлескерлердің арманы орындалды
Үлескерлердің арманы орындалды
182
оқылды
Ел жүрегі елорданың төрінен бас­пана алуға асығатындар көп. Бүгінде бас қалада 50 мыңға жуық адам үй кезегінде тұр. Шаршы метр болса да, өз үйіне қол жеткізуге талпынғандар алаяқтардан, енді бірі заңды айна­лып өтуден жапа шегіп келсе, соңғы жылдары «сақалды» құрылыстардың мәселесі оң шешімін тауып келеді. Соның арқасында ас­та­налықтардың арманы орындалып, баспаналы болып жатқандар же­терлік.
Жасыратыны жоқ, үлескерлер мәселесі талай жылдан бері өзекті болып келді. Жиған-тергенін үлесті құрылысқа салып, баспаналы болуға асыққандардың арманы аяқасты етілгені де рас. Көптеген нысан­ның жобалық-сметалық құжаттары болмай шықса, үйдің құрылысы басталып, кейін­нен тоқтап қалған құрылыс алаңдары да алаң­даушылық тудырды.
Бес жыл бұрын «Тұрғын үй құрылысын­дағы үлестік қатысу туралы» жаңа заң кү­шіне енді. Өйткені 2006 жылы қабылданған ескі заң үй сатып алушыларды алаяқтардан қорғауға қауқарсыз болды. Соның салдары­нан мыңдаған үлескер наразылық акция­ларын өткізіп, жергілікті биліктен күрделі мәселеге назар аударуын талап ететін. Соң­ғы қабылданған құжатта үй салушылар­дың жауапкершілігі күшейтіліп, үй сатып алушыларға бірқатар кепілдік берілді. Ен­дігі жерде «Бәйтерек» ұлттық холдингінің қарамағына кіретін Кепілдік беру қоры тұрғын үй құрылысының аяқталуына ке­піл­дік беріп, үлескерлердің заңдық мүдде­лері мен құқықтарын қорғауға міндеттелді.
Яғни, үй салушы компания қордың келі­сімін алғаннан кейін іске кірісуі қажет болды. Үлестік құрылысқа қатысатын екін­ші деңгейдегі банк бой көтеретін үйге үлескерлердің қаражатын аудармай тұрып, қаңқасының салынғанын қадағалауы тиіс. Ал үлестік қатысу туралы келісімшарт үйдің қаңқасы салынған соң ғана жасалса, өз қаражатына қаңқаны тұрғызған үй салу­шы мен өкілетті компания әкімдіктен үлес­керлердің қаражатын тартуға рұқсат ала­ды. Бұдан бөлек, үй салушы компанияға кем дегенде үш жыл жұмыс істеп, респуб­ли­калық маңызы бар қалаларда 18 мың шаршы метр жерге үй салуы міндеттелген қатаң талаптар қойылды. Онымен қоса, соңғы екі жылда шығынсыз қызмет еткені де назарға алынады.
Үлескерлердің мәселесін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы бақылап отыратынын жеткізіп, халықты қан қақсатқан алаяқтардың орны түрмеде екенін айтты. «Өйткені олар өздерінің іс-әрекеттерімен азаматтарымыздың негіз құраушы құқықтарына қастандық жасап отыр. Азаматтарымызды алдап, оларды далада қалдырады. Мұндай жағдайда мемлекет те араласпай қалмауы керек. Ал әкімдік үлескерлер мәселесін шешіп, ха­лықтың баспаналы болуы үшін әрекет етуі тиіс. Әрекет етіңдер де, баяндаңдар!», – деп қала әкіміне нақты тапсырма берді.
Президенттің пәрменінен кейін бе, үлескерлердің мәселесі бойынша жүйелі жұмыс жалғасын тауып келеді.
 Осыдан екі жыл бұрын Нұр-Сұлтан­дағы үлескерлер мәселесі толық шешуге кемі 3-4 жыл қажет екені айтылған. Бұл үшін мемлекеттен 40 миллиард теңге бө­лініп, әрбір объект бойынша әкімдік іс-шаралардың қадамдық жоспарлары әзірленгені белгілі болды. Жол картасы аясында сол жылы көпқабатты 10 тұрғын үй қолданысқа берілген. Былтыр 20 тұрғын үй тапсырылса, 2021 жылы 7 үйдің құры­лысы аяқ­талуы тиіс. Осылай деген қаланың атқа­мінер­лері сол кезде 2022 жылы – 9, ал 2023 жылы 4 объектіні бітіруді қолға алға­нын айтты. Сөйтіп, алдағы 3-4 жылда проб­­лемалық объектілердің мәселесі то­лықтай шешілетініне сөз берген. Әзірге әкімдіктің алға қойған жоспары жүйелі түрде жүзеге асып келе жатқаны тұрғын­дарға қуаныш сыйлайды.
Жақында қала әкімі Алтай Көлгінов қала тұрғындарымен есептік кездесуінде үлестік құрылыстардың жұмысы екпінді жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ол үшін тағы қосымша қаражат бөлініп, 18 тұрғын үй кешені пайдалануға берілетінін тілге тиек еткен қала басшысы 50-ден астам үй мен 7 мыңнан астам үлескердің мәселесі бақы­лаусыз қалмайтынын қадап айтты. Соның ішінде биыл ең проблемалы нысандардың бірі «Шығыс»ТК бойынша мәселелер шешілетінін атап өтіп: «Онда 11 үй, 2 мың­ға жуық үлескер бар. Бұл бойынша қазір белсенді жұмыс жүргізілуде.
Барлық құры­лыс­шылар үлескерлермен жұмыс істегісі келмейді. Өйткені байқау жариялаған кезде компаниялардың көбі проблемалық нысандармен жұмыс істеуге құлықсыздық танытады. Осындай нюанстар бар, бірақ мәселенің шешімін табуға жұмыс істеп жа­тырмыз», – деді Алтай Көлгінов. Сон­дай-ақ биыл «Жағалау» ТК төрт үйінің құ­рылысы аяқталуға жақын. Қала әкімінің айтуына қарағанда, «Жағалау-3» бойынша көптеген сұрақтар туындаған. Өйткені ол жерде бірнеше үй бар.
Бүгінде 30-блок аяқталғанымен, 28-29-блокта 500-ден астам үлескердің мәселесі күн тәртібінде тұр. Алайда қаржы-техникалық аудит жа­салып, алдыңғы кезекте қаржыландыру көзі анықталса, биыл «Жағалаудың» төрт үйі аяқталады. Сондай-ақ биыл «Терри­тория комфорта», Royal Expo объектіле­ріндегі жұмыстарды аяқтау жоспарланған. Бұл үйдегі үлескерлер биыл жылдар бойы күткен баспаналарына кіре алады. Ал «Комсомольский» ТК бойынша жұмысты соңына жеткізуге үлескерлер арасында өзара түсіністіктің жоқтығы қолбайлау болып отырған көрінеді. Егер олар өзара дұрыс шешім қабылдайтын болса, бұл құрылысты да аяқтауға мүмкіндік көп.
 Қала басшысы бір жарым жыл ішінде «сақалды» құрылыс саны 2 есе азайғанын айтты. Жалпы алғанда, биыл 57 құрылыс аяқталып, көптен күткен пәтер кілтін тағы 7 мың үлескер алмақ. Бүгінде Нұр-Сұлтан әкімдігі үлескерлердің пробле­маларын шешу үшін жүйелі жұмысты жал­ғастырып, құрылыстың әрбір объек­тісі бойынша қадамдық іс-шаралар жоспарын жасаған.
«Өз үйі – өлең төсегіне» қол жеткізген «Комфорт» ТК-нің тұрғыны Ержан да баспанасын жылдар бойы күткендердің бірі. Пәтерден-пәтерге көшіп, аядай жерді паналап келген отбасы мүшелері қазір кең үйдің кереметін сезініп, өз қалауынша жөндеу жұмыстарын жасап үлгерген. «Бас қаладан баспана алуды жылдар бойы армандап келдік. Біз секілді ақшаларын салып үйлі бола алмай, алданып қалған үлескерлер көп еді. Шынымды айтсам, бұрын үлескерлердің мәселесі жиі айтылып жүргенде, баспаналы болуға деген үмітім үзіле бастаған. Бірақ соңғы жылдардағы үлескерлердің мәселесі бойынша нақты қадамдар жасалып, тоқтап қалған құры­лыстар қайта жандана бастады. Баспаналы болуға деген үмітім қайта оянды. Аллаға шүкір, бас қаламыздан баспана алдық. Үй­дің іші жылы әрі кең. Енді көлік қоятын тұ­рақ­ты шешіп берсе деген тілегіміз
бар», – дейді Ержан.
Жадыра МҮСІЛІМ