Тәуелсіздік тарихы – менің тарихым
Тәуелсіздік тарихы – менің тарихым
634
оқылды

Биыл мемлекетіміз үшін өте қастерлі жыл. Олай дейтінім, осыдан 30 жыл бұрын кеңестік жүйеден іргемізді бөліп, Тәуелсіздік алып,  аталған уақыт аралығында дамушы мемлекет ретінде түрлі қиындықтарды еңсеріп, қалыптасып, бүгінде әлемге танылған ел болдық.

Бәрімізге белгілі, тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Дегенмен, бодандықтан құтылып, бостандыққа  ие болдық. Еркін ойлау қабілетіне  жеттік. Ой бостандығы егемендіктің, тәуелсіздіктің қазаққа  берген ең үлкен  дәрежесі еді. Тәуелсіз сана қалыптаса бастады. Елімізде өзіміздің Ата Заңымыз қабылданып, шекарамыз белгіленіп, ұлтаралық келісімнің бірегей моделі жасалды. Бүкіләлемдік дағдарысты да еңсере білдік. Жол карталары дүниеге келді. Жоспарлы дамудың 2030, 2050 стратегияларын қабылдадық. Қазақстан халқы  тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жыл сайынғы  Жолдауларын, реформаларын орындап, күн тәртібіндегі мәселелерді қоғам болып көтере білді. Халқы қиын кезеңде ел басқару тізгінін қолға алған Елбасына сенді. Елбасы көпұлтты, көпконфессиялы халқына арқа сүйеді. Еңбек адамының қоғамдағы орны белгіленді, Ұлт Жоспары қабылданды. Рухты көтеретін Елбасының «Рухани жаңғыруын» көпшілік көктемдегі қылтиған жауқазындай мәпеледі, тарихымызды, бабалар жолын қастерледі.  Тарихты зерделеп, өткен күннің жақсы жағын жанымызға жақын қабылдай  білдік. Барша  қазақ «Ұлы даланың Жеті қырын» жүрегіне жылы қабылдап, мақтанышпен насихаттай бастады. Жастарға арналған «Болашақ» бағдарламасы жұмыс жасады. Заманауи ойлайтын, бейбітшілікті қадірлейтін сананың  ашықтығын алға тартқан,  білімді, отанын сүйетін жастар легі ел билігіне  араласа бастады. Жастардың кадрлық резерві жасақталды. Қазақстанның даңқы әлемге белгілі болды. Қиын замандарда ел ауып, жер ауып кеткен қандастарымыздың тарихи отанына оралуына мүмкіндік, даңғыл жол ашылды. Еңсеміз көтеріліп, ел экономикасы өркендей бастады. Қазақстан - Назарбаев  деген  сөздерді  егіз ұғымдай алысты-жақынды шетелдіктердің сөз тіркесінен  күнде еститін болдық. Солай болу керек сияқты оған ешкім таңданып жатпайды да. Осылайша Қазақстанның әлемге  танымалдығы артты, еліміз  әлемде құрметпен қарайтын мемлекеттер қатарына ілінді. Тәй-тәй  басқан тәуелсіз қазақстанға да  30 жыл болып қалыпты. Өткен күнге есеп беретін уақыт жеткен сияқты. Тәуелсіздікке кім не үлес қосты? Әр азаматтың патриоттық сезімі осы критериимен өлшенбек. Өз басым төл теңгені алғаш рет  қолыма ұстағанда қуанышымда шек болмады. Сол кездегі  5 теңгені уысыма қысқаным сонша  алақаным терлеп кетіпті. Тәуелсіздік жарияланғаннан кейінгі бірінші мақсатымыз жас ұрпаққа жақсы білім беру болды. Күйеуіміз екеуміз  жақсы  көлік мінбедік, бірақ үлкен ұлымыз Хамитті алғашқыда Санкт-Петербургте сосын АҚШ-та, Лондонда, Сеулде оқыттық. Техника ғылымдарының кандидаты. Ресейде жүріп мұнай бұрғылау скважиналары 2 томдық энциклопедиясының  авторы тізіміне енді. Бұл мен үшін үлкен қуаныш еді. Плеханов университетінің соңғы курсында жүрген кезде  баламды Финляндияға жұмысқа шақырды. Жалақысы көп болғанына қарамай, балам қазақстандағы оқу орнына оқытушы болуды қалады. «Неге бармадың,  бұл жақсы мүмкіндік» дегендерге: «Біздің студенттерді кім оқытады сонда?» - деп жауап бергенін естідім. Еңбегіміздің еш кетпегеніне, баламның патриоттық иммунитетінің мықты екеніне сүйсініп, жүрегім жылып сала берді. Содан бері орыс, ағылшын тілдерінде бірнеше  оқулықтар шығарды. Мен бүгін ана ретінде адал перзент дүниеге әкелдім, ол Тәуелсіз қазақстанның өркендеуіне ғылымда үлес қосуда деп толықтай айта аламын. Ия, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жас мемлекетті көтеру оңайға түскен жоқ. Жаңа серпін, тың реформалар, экономиканы көтеру үшін инвестиция тарту қажеттілігі туындады. Сонымен қатар қоғамды даму идеясымен қаруланған Елбасы төңірегіне топтастыратын  саяси күш керек. Отан партиясының құрылуы халықтың саяси сауатын күшейтудегі қозғаушы күш болды. Партия сайлауалды бағдарламасын, Халықтық тұғырнамасын, көзқарастар жүйесін айқындайтын алғашқы доктринасын қабылдады. Мықты ұстаным арқылы партиямыз сайлауларда жеңіске жетіп, жетекші партияға айналды. Саясатқа деген қызығушылық пайда болды. Партияда жүйелі жұмыс қалыптаса бастады және жер-жерлерде әйелдер де партия қызметіне тартыла бастады. Солардың бірі болып мен де кәсіпкерлігімді жиып қойып партия жұмысына кірісіп кеттім. Мен өзім «Nur Otan» партиясында 15 жылдан бері тұрақты қызмет етіп келемін. Елбасы Жолдауларын, партияның бағдарламасын  жүректен-жүрекке жеткізу, халықтың бірлігі үшін жағымды әлеуметтік  ахуал, тиімді мемлекеттік саясат үшін қоғамның барлық топтарымен қоян-қолтық жұмыс жасау, қоғамдық қабылдауға келгендердің өтініштерін орындау біздің міндет деп білемін. Көптеген брошюлар, статьялардың авторымын. Шығармашылықпен  айналысамын. Ұлттық кестелерді зерттеймін, кесте тігу - менің қызығатын  ісім. Ұлтымыз үшін отбасы құндылықтары  ең асыл құндылық болып саналған. Қазақи кестеде ұлттық мінез айшықталып жатыр. Тұңғыш Президент музейінде қызыл кілемде топтамаларым  да көрсетілген. Еңбегім еленіп, «Құрмет» орденімен марапатталдым, Отырар, Сайрам аудандарының құрметті азаматымын. 2007 жылы 585 тұл жетім баланы тегін медициналық профилактикалық тексеруден өткізуді ұйымдастырдым.  «Киелі мұрамызға тағзым» акциясы аясында Ақбикеш мұнарасына этнографиялық экспедиция ұйымдастырып мұнараны қалпына кетіруге мұрындық болдым. Елбасының бастауымен 30 жылдың ішінде жеткен  саясаттағы ең үлкен бетбұрыс - саясаттағы жаңғыру ол партияішілік  іріктеу болды. Партиямыздың іргетасы 1999 жылы қаланған болса, бұл ең алғашқы қарлығаштың балапанының ұядан  ұшуы болатын. Мен праймериз қатысушымын. Додада жеңіп шығып, Түркістан облыстық мәслихаты депутаты болып сайландым. Ашық алаңда  мен өзімнің түрлі бағытты қамтуға арналған тұғырнамамды көрсете білдім. Осының бәрі қасиетті Тәуелсіздігіміздің арқасы, партия саясатының  ашықтығының, орталықшылдық ұстанымының арқасы. Тәуелсіздік бәрімізді  еркіндікке, тәуелсіз ойлауға, өз ісінің маманы болуға баулыды, мұқалмайтын сенімге жетеледі. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет»  тұжырымдамасы өзінің тиімділігін көрсетуде. 30 жыл біршама уақыт жүріп өткен жол, тарих. Елбасы саясатының саралығы, ұрпақ сабақтастығы бәрі-бәрі елдің даму жолында анық сайрап жатыр. Сондықтан,  «Тәуелсіздік тарихы - менің тарихым» деп айтуға әбден құқығымыз бар. Ең бастысы, Тәуелсіздік дәуірі  сыйлаған  керемет сыйлық елдің тыныштығы, әлеуметтік саясаттың тұрақтылығы, халықтың бірлігі. 30 жыл ішінде елімізде, жоғарыда айтып өткендей, қаншама құнды істер атқарылды. Мен айтар едім, өзгесін айтпағанда, ұлтымыз үшін XX ғасырдың ең басты жаңалығы – қол жеткізген ел Тәуелсіздігі мен жыл сайын 6 шілдеде тойланып жүрген Сарыарқаның төрінде бой көтерген елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласындай әсем шаһардың пайда болуы. Ал XXI ғасырдың ерекше жаңалығы деп, 2017 жылы елордамызда әлемдік деңгейдегі халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің өткізіліп, Қазақ елінің әлемдік саяси аренадағы беделін жоғары биіктеткені мен Түркістан қаласының түркі әлемінің рухани астанасы атанып, күн санап көркейіп жатқанын айтуға болады. Сол себепті, еліміздің дамуы жалғасып, Тәуелсіздігіміз нығая берсін!

Жантөреева ҚАЛЫЙМА, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Nur Otan»  партиясының Түркістан облыстық филиалы  төрағасының орынбасары