Әншілер қаржы пирамидасын жарнамаласа да, неге жазаланбайды?
Әншілер қаржы пирамидасын жарнамаласа да, неге жазаланбайды?
Фото: kursiv.kz
267
оқылды

Мұның себебін Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов түсіндірді.

«Шынында да, қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар өз қызметін жарнамалау үшін атақты адамдарды тартқан. Формальды түрде олардың əрекеттерінде Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 150-бабын (қаржылық (инвестициялық) пирамида қызметін жарнамалау) бұзғаны байқалады. Алайда қылмыстық іс бойынша үкім шыққанға дейін ұйымның қаржы пирамидасы болып табылатынын немесе табылмайтынын анықтау мүмкін емес. Жарнамалау кезінде жоғарыда аталған ұйымдар қаржы пирамидалары болып танылмаған. Сондықтан Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 150-бабы бойынша медиалық тұлғаларды əкімшілік жауапкершілікке тарту үшін құқықтық негіз жоқ», – деді Ғизат Нұрдәулетов. Сонымен қатар Алматы қаласында алаяққа алданғандардың арыз-шағымы бойынша атқарылып жатқан іс туралы да айтты. «Биыл сəуір-мамыр айында Алматы қаласының Полиция департаментіне қаржы пирамидасын құру жəне басқару («Astex.kz» ЖШС, «ACD technology» ЖШС жəне «Мудараба» ЖШС) фактісі бойынша К. есімді азаматқа қатысты арыз түскен. Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жоғарыда аталған адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр», – деді ол.

Бұған дейін Astex.kz-ке қаржы салғандардың жанайқайын жазған болатынбыз.