Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер әрі актер Сатыбалды Нарымбетов 75 жасында өмірден өтті.
Қайғылы хабарды Мәдениет министрлігі растады. Министрліктің мәліметінше, Сатыбалды Нарымбетова бүгін, 8 шілдеде таңертең өмірден өткен.
Сатыбалды Нарымбетов 1946 жылы 7 наурызда Түркістан облысы, Түркістан ауданы, Ащысай ауылында туған. Мәскеу қаласындағы мемлекеттік кинематография институтын бітірген. 1984 жылы жоғары режиссерлік курсты (Г.Н. Данелияның шеберханасы бойынша) тәмамдаған. 1969 жылдан "Қазақфильм" студиясында сценарийші әрі кинорежиссер ретінде қызмет етті. 1970 жылдан бастап "Қазақфильм" киностудиясының кинорежиссері болды. Ал 2005 жылдан бері Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ "Дебют" бірлестігінің жетекшісі еді.
"Құрманғазы" (1972 жылы), "Зауал (1981 жылы), "Күзгі бұралаң жол" (1984 жылы), "Ұрын келген күйеу" (1987 жылы), "Созақтан шыққан Гамлет" (1990 жылы), "Көзімнің қарасы", "Жас аккордеоншының өмірбаяны" (1994 жылы), "Омпа" (1998 жылы) және тағы басқа көркем фильмдерге режиссерлік еткен.