"Жүрейін сол, той тойлап! Қазір үлкен бір дүниені қолға алдым": Сатыбалды Нарымбетов туралы естелік
"Жүрейін сол, той тойлап! Қазір үлкен бір дүниені қолға алдым": Сатыбалды Нарымбетов туралы естелік
©А.Ахметқазы
207
оқылды

Жандос Құсайын, режиссер

"Қазір "Жаңғырықты" түсіріп жатырмын. Одан кейін Кенесарыны қолға алсам деймін. Оны бітірген соң, әне, ана том-том жинақты көрдің бе, (алаштықтар туралы) соны жасаймын", - деді. Біз оның Мамыр ықшамауданындағы үйінің ұядай кабинетінде отырғанбыз. 2021 жылдың 24 мамыры еді. Күні кеше.

"Жандос, сценариіңді оқыдым. Көзіңе мақтағаным емес, өзгеше екен. Ұнады. Көркемдік жетекшің болайын. Жалғыз қалдырмаймын, көмектесем" деді. Мен одан ұстазы Георгий Данелия туралы - менің ең сүйікті режиссерім Гия туралы сұрай бердім. Біршама естелік айтты.

"Данелия маған мынаны үйретті: экранның ар жағынан режиссерлық құлағың қылтиып тұрмасын. Түсірілім алаңында режиссерді ойнама, кісі болма; Актеріңе де соны айт, ойнамасын", - деді. Кетерімде, "мүмкін алдағы жұмыстарды бірге жазармыз" деп көңілімді көтерді. Қоңыр кофе іштік. Суретке түспедік. Көзі қызарып кетіпті. Сырқат".

Абай Балажан, журналист

"Сатыбалды ағаның қазасы кәдімгідей ауыр тиіп отыр. Қазақтың рухани саласын, кино өнерін жетімсіретіп кеткендігі жанға батып отыр. Ол кино тілінде өз өмірбаянын ғана жазған жоқ, тұтас өз буынының өмірбаянын сөйлетті. Сатыбалды ағаның тұстастарының балалық шағын білгісі келетін азаматтар болса, "Көзімнің қарасы немесе жас аккардеоншының өмірбаяны" картинасын көріп шықсын! Тұтас бір халықтың, тарихтың бір кезеңіндегі өмірімен танысады.

1998 жылы ма екен, жоқ, 1999 жылы ма, дәл есімде жоқ, іссапармен Созақ ауданына барғанмын. Түстіктің кезінде аудан әкімдігінде істейтін жігіттер Сатыбалды Нарымбетовтің азамат ретіндегі қырын да, өнер иесі ретіндегі қырын да ашатын бір жайды айтып берді. Сол жылдар Сатыбалды ағаның мерейтойы қарсаңы екен. Әкімшіліктегі ағайын жерлес ағаларына қоңырау шалып, "аға, биыл мерейтойыңыз, соны біз өткізіп берсек, қай уақытты қолай көресіз?" депті. Естіген жауаптары "мен сендерге юбилейімді өткізіп бер дедім бе?! Жүрейін сол, той тойлап! Қазір үлкен бір дүниені қолға алдым, жұмысыма бөгет жасамаңдар!" деп телефонның тұтқасын іле салыпты.

Жасыратын несі бар, "осы елдің тумасы едім, елге сіңірген пәлен-пәштуан еңбегім бар еді, елдің еркесі едім, биыл елуге, алпысқа, жетпіс, сексенге келіп қалыппын, соны лайықты дәрежеде өткізіп берсеңіз, басқа әріптестерім мынаның елі жоқ екен ғой демесін де" деп әкімдердің алдын босатпайтын ақын-жазушы, әртіс, әнші аз емес қой. Жоғарыдан қоңырау шалдыратындары қаншама?! Ал, Нарымбетов өздері мерейтойын жасап бергісі келіп тұрған әкімқараларға "жүрейін сол, той тойлап!" деп ренжиді. Меніңше, нағыз өнер адамы, нағыз шынайы талант осы Сатыбалды Нарымбетов ағамыз және оның дәл осы деңгейде ойлай алатын әріптестері! Сол Сатыбалды ағамыз да шын дүниесіне бет түзепті. Бізге қалдырып кетіп бара жатқан рухани мұралары бір керуенге жүк болады. Соңына ел кәдесіне жарайтын рухани мұралар тастап кетіп бара жатқан адам өлуші ме еді, оның екінші - шын өмірі басталады да!".

Роза Мұқанова, жазушы

"Өмір... Қарлыға Сейсен тіл шалды...Сәкен дүниеден көшіп кетіпті. Мынау жарық жалғанға жып-жылы мейіріммен соңғы рет үңіліп бір қараған болар. "Монтажда кадрлар керек!" - дейтін әдеті бар еді. Соңғы кадрде кімді, нені көргісі келді екен... Өзі жазып, киноға өзі түсіретін, өзінің талантына өзі күмәнмен қарайтын ДАРАБОЗ өтті өмірден. Сағынысып отырып, қақтығысып қалатын ДОС кетті өмірден. Сәкен - Сатыбалды Нарымбетов!!! Шығармашылық әлеміңе менің "Қызжылағанымды" ("Молитва Лейлы") , Әкім Таразидың "Мұстафа Шоқайын" енгіздің. Сен біздің шығармаларымызға өшпес ғұмыр сыйладың. Жаның-жомарт, талантың ерен еді. Сенің өміріңнің мұңын да, бақытты сәттерін де бірге бөлістік. Сен көпшіл едің. Сол көпті соңыңа тастап озып кеттің. Сенің асығыс кеткеніңді Әкім ағаңа қалай жеткіземін, СӘКЕН?".

Ерлан Төлеутай, дәстүрлі әнші

"Кешегі Шәкен аға бастаған ұлы киногерлердің көзіндей болып ортамызда жүруші едіңіз. Аяулы ағамыз, қысылғанда кеңес сұрар ақылшымыз едіңіз. Арамызда қалқайып жүргеніңізді ес көруші едік. "Қазақфильмде" "мұртымыз көкке шаншылып" кеңес құрған күндеріміз келмеске кеткені ме?! Енді кімді тәлімгер тұтамыз, ағатайым-ау?! Арманыңыз көп еді. Сансыз кедергілер қолыңыз бен жолыңызды қабат байлап, ойға алған фильмдеріңізді түсіре алмай жүргеніңізге қынжылушы едіңіз. Кенесарыны түсіремін деп сегіз жыл сергелдең кешкеніңіз көз алдымда. Ақыры бұл арманыңызға жетпедіңіз, жеткізбеді... Көз жасым тиылар емес. Қош, Сатыбалды аға! Қош, қазақ киносының коррифейі!"