Шымкентте мектеп тапшы, ал әкімдік Конгресс холл салғысы келеді
Шымкентте мектеп тапшы, ал әкімдік Конгресс холл салғысы келеді
©https://www.inform.kz/
5,134
оқылды

Шымкентте мектеп мәселесі маңыздылығын жойған емес. Қала халқы саны миллионнан асқаннан кейін аталған мәселе тіптен ушыға түсті. Сәйкесінше, білім нысандарына деген сұраныс еселеп артып жатыр. Қазір Шымкент қаласында үш ауысымда 14 мектеп бар және 21 мектепте бала толып, үш ауысымды оқуға көшу қаупі туындаған. Алайда биыл 20 мектептің құрылысы аяқталады деп отыр Білім басқарма­сындағылар.

Бірақ дәл мына қарқынмен мәселенің екі жылдан соң шешіле салатынына күмәніміз бар. Өйткені кейбір мектепте сыныптар 20-25-ке дейін көбейген. Жуырда әлеуметтік желідегі өзінің парақшасына жариялаған Мақсат Имандосовтың жазба­сы біраз қоғамдық пікір туғызды. Онда ол Шым­кенттегі 14 жалпы білім беру мекемесі­нің балаларды қабылдауын тоқтатқаны туралы айтады. «Бірінші сыныпқа бала қабылдамай жатыр» деп дабыл қаққан автор. «Салдары­нан бастауыш сыныпқа баратын шымкент­тік балалардың 5 пайызы мектептерге бара алмай отыр» деп жазады. Себебі үш ауысымды мектептер толып қалған. Жазба иесі тапшылықты 2023 жылы жоямыз деген Шымкент билігіне, Білім басқар­масының басшылығына соңғы 5-7 жылда осы мәселені шешпей отырғанына ренішін білдіреді. «Сонда екі жыл бойы шымкенттік балалар қайда және қалай оқиды» деп алаңдаушылық білдіріпті.

Осы жазбаға пікір білдіргендер той бизнесінен көш бастап тұрған Шымкентте мейрамханалар мен үлкен ғимараттарды мектеп ретінде пайдалануға болатынын, мейрамхана бизнесінің құлдырағанын айтыпты. Сонымен бірге онлайн сатып алу мен жеткізілім дамыған кезде үлкен гипер­маркеттер бизнесінің де дәуірі бітті деген пікір білдірген. Олардың басым бөлігі осы са­рын­да ойларын қосқан. Қалталы азамат­тар зәулім ғимараттарын болашағымыз болар балаларға білім ордасы үшін бергені дұрыс деп санайды.

Енді біреулері меценаттардың мешіт салуды көбейткенше, мектеп тұрғызуға үлесін қосуын ұсынған. Тағы бірі «ойын-сауық орындарын азайтқан дұрыс» дейді. Пікір білдірушілер қаладағы салынып жатқан зәулім-зәулім тұрғын үй кешендері жоспарланғанда міндетті түрде білім ордасын да жоспарлау қажетін еске салған. Иә, қанша адам болса, сонша пікір бар. Оның көңілге қонымдысы да, бос сөзі де болады. Ал бірнеше жыл бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы) әкімінің орынбасары болып, саясаттың бел ортасында жүрген Болатбек Әлиев мәселенің бүгін туындап отырма­ғанын еске салады. Ол осы уақытқа дейін бала­ларды мектепке қажеттіліктен 4-5 есе көп жинап келіп, енді неге кенеттен тоқтатқанын түсінбейтінін жеткізген. Бұл мәселе бойынша Білім басқарма­сындағылардың кеш қимылдағанын да жасырмапты. Әрине, қаланың потенциа­лын бүге-шүгесіне дейін толық білетін жанның пікіріне қосылмасқа лаж жоқ. Бо­лат­бек Алиев осы тұста өзінің 2019 жылғы жазбасынан мысал келтіріпті. Шым­кенттегі 900 орындық №1 мектепте 4 200 бала оқып жүргенін, талаптан 5 есеге артық екенін жазған. Бір сыныпта 40 оқушыдан отырған балада білім сапасының төмен­дейтінін және денсаулығына да қауіп төнуі мүмкіндігін ескерткен 2019 жылы. Міне, содан бері өзгерген ешнәрсе жоқ. Әлі күнге дейін қаладағы біраз мектепте 4 000 балаға дейін білім алып жүр. Өткен жылдары осы үш ауысымды мектеп мәселесін қозға­ған­да, мектептердің оқушы­ларды қажет­тілік­тен көп қабылдай бере­тініне алаңдау­шылық танытып, «Осыны бір жүйеге түсіруге болмас па» деген ренішімізді де жаз­ған едік.

Алайда Шымкент қаласы Білім басқар­ма­сының басшысы бұл мәселеге жол таптық дегендей болып отыр. Онысы үш ауысымды 14 мектепке бала қабылдауға шектеу қойған. Яғни, баланың тұрғылықты мекенжайы сәйкес келмесе, қабылдан­байды. «Біз мүлдем бала қабылдамай қойған жоқпыз. Балаларға сапалы білім беру үшін Шымкент қаласындағы 14 үш ауысымды мектепке арнаулы шектеулер қойылды. Ол жерде тек 2-3-сыныптан асыр­май сыныпқа оқушылар қабылдауға рұқсат берілді. Себебі мұндай мектептерде санитарлық талапты сақтау қиын. Сондық­тан ата-ана баласын жақын маңдағы басқа мектепке беруі тиіс. Өзінің шағынауданын, онда да бірінші кезекке келген шағын­ауданның оқушы­ларын ғана қамту туралы тапсырмалар берілді.

Қазір 1-сыныпқа бала қабылдау 95 пайызға орындалып қойды. Биыл 18 732 орындық 32 мектептің құрылысы басталды. Оның ішінде 10 222 орындық 20 білім ордасы биыл балаларға есі­гін айқара ашпақ. Осылайша, жыл соңы­на дейін үш ауысымда оқитын мек­теп­тер саны 14-тен 9-ға дейін қысқарып, апатты жағдайдағы мектептер проблемасы толығымен шешіледі. Осы мектептер ашылғанда әлі бала жетіспеушілігі де болуы мүмкін. Бүгінде 1-сыныпқа келуі тиіс 25 000 баланың 24 540-ы қабылданып қойды. Ал 81 құжат кері қайтарылды. Себе­бі үш ауысымды мектептерге алыс емес жерлерде де білім ұялары бар. Иә, мегаполис балаларының демографиялық өсуі әрдайым Шымкент қаласы әкімдігінің назарында тұр», – деді Жанат Тәжиева бізге берген сұхбатында.

Сонымен, Білім басқармасында қазір «былай тартсаң, өгіз өледі, олай тартсаң, арба сынадының» кебі келіп тұр. Баланы шектен тыс қабылдау да білім сапасының төмендеп кетуіне септігін тигізеді. Білім аламын деп келіп тұрған жастың кеудесінен итеру тағы әдепсіздік.

Ал үшінші мегаполисте осылай мектеп тапшылығы туындап, балалар қайда барарын білмей сандалып жүргенде әкім­дік бюджеттен қыруар қаржы шыға­рып, 13 млрд. теңгеге фестивальдар мен концерттер өткізетін конгресс холл салу­дың әлегімен жүр.

Назгүл НАЗАРБЕК,  Шымкент қаласы