Елге жаққан елгезек әкім
Елге жаққан елгезек әкім
©Павел Михеев
337
оқылды

Киелі Түркістан өңірінде дүниеге келгенімен, қызметтік жолын жер ұйығы Жетісудың шырайлы да, шұрайлы аймағы Еңбекшіқазақ ауданында бастаған Ержан Әмірденовтың мемлекеттік қызметтегі өтілі 23 жылдан асты.

Еңбекшіқазақ ауданындағы Қазақстан ауылдық округі әкімі аппаратының маманы болып жұмысқа кіргенінде жиырмаға да толмаған ол содан бергі жылдарда осы округ әкімінің орынбасары, Еңбекшіқазақ аудандық әкімдігінде заң және мемлекеттік құқық  бөлімінің жетекшісі сынды жауапты лауазымдарды абыроймен атқарды. 2013 жылдан бері аталған аудандағы Бәйдібек би ауылдық округінің әкімі ретінде еліне еселі қызмет етіп келеді және жауапкершілігімен жұрт қолайына жағып, ұйымдастырушылығымен өзгелерге үлгі көрсетуде. Ол басшылыққа келген 2013 жылдан бері ауыл ішіндегі 38 көшенің 25-і асфальтталып, алма бақтарының көлемі 1200 гектардан 1500 гектарға жеткен. Әрқайсысы екі мың тонналық екі жеміс қоймасы салыныпты. Сонымен бірге үш жекеменшік, бір мемлекеттік балабақша тұрғызылып, ауылдағы 394 орындық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілген. Округте бұлардан басқа да жүзеге асырылған жоспарлар мен іске қосылған жобалар, жақсы жаңалықтар жетерлік. Еңбекшіқазақ ауданы қай жағынан алсаң да, даму мүмкіндігі аса зор аймақ болып саналады.  Жері құнарлы, жасыл желекке бөленген. Шыбық шаншысаң, тал болып өсетін өлке, төрт түлікті түлетуге де аса қолайлылығымен ерекшеленеді. Орналасуы да ыңғайлы. Халықаралық және республикалық маңызы бар күре жолдар кесіп өтеді. Соның арқасында аудан облыстағы іргелі де үлгілі аймақтар қатарында тұрақты аталады. Осы аудандағы іргелі елді мекеннің бірі Бәйдібек би ауылдық округінің де бүгінгі биігі ауыз толтырып айтарлықтай. Ауданды өзге өңірлермен жалғайтын күре жолда  толас таппайтын көлік керуені де жергілікті жұрттың   тіршілігіне тыңнан серпін беруде. Арлы-берлі ағылған  жүргіншілерге қызмет көрсететін сауда нысандары мен дәмханалар ауылдық  тұрғындардың  шағын және орта  бизнестегі үлесін арттыруда. Округте тіркелген шаруа қожалығының саны да екі жүзден асқан.  Былтыр  ауыл шаруашылығы саласындағылар  4,6 млрд теңгенің өнімін өндіріпті.  Өсімдік шаруашылығы да өркен жайып келеді. Әсіресе, бақ, оның ішінде алма бағы алқаптарының көлемі көбейіп, өнімділігі арта түскен. Шаруашылығы шалқыған округте жолдарды заман талабына сай жаңғыртуға да баса көңіл бөлінуде. Ауылдағы көшелер біртіндеп асфальтталып жатыр.  Округ бойынша көпқабатты үйлердің аулаларына балаларға арналған үш ойын алаңы салынған. Көшелер жарықтандырылып, тазалық жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Әкімнің айтуынша, бұл бағытта әлі талай шаруа жүзеге асырылады. Жарқын жобалар да жетерлік. Ауылдағы тірліктің қаладан кем болмайтын шағына жетер кез да жақын. Ауылдық округ экономикасының тірегі – алма бақтары екенін жоғарыда айттық. Сондықтан да болар,  аймақта алма бағын өсіру арқылы нәпақаларын айырып қана қоймай,  өңір экономикасына серпін беріп отырған шаруа қожалықтары баршылық.  Мәселен,  «Алдажаровтар» шаруа қожалығы былтыр  150 гектарға жуық алма бағынан 2500 тонна өнім алған. Заманауи технология арқылы алманың сегіз түрін өсіретін шаруашылықта   22 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, жиын-терін кезінде жүзден аса адам еңбектенеді екен. Бәйдібек би  ауылындағы мәдениет ошағы 2018 жылы облыстық «Ауылым – алтын бесігім» атты байқауда «Үздік мәдениет үйі» аталымында жеңіске жетіпті.  Осындағы  «Самғар» ұлттық би тобы 2019 жылы Алматы қаласында  өткен  халықаралық байқаудың бас жүлдесін иеленген. – Мәдениет үйіндегілердің ұйымдастыруымен өткен жылы ел назарына Ұлттық домбыра күні мен Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған онлайн концерттер ұсынылды.  Биыл  Жамбылдың 175 жылдық мерейтойына орай мәдени іс-шаралар өткіземіз.  Мәдениет үйінде ән және би, домбыра, қолөнер, «Әжелер» тәлім шежіре отауы сынды үйірмелер жұмыс істейді, - дейді ауыл әкімі. Халық денсаулығын бақылауда ұстауға да баса мән берілген. Бәйдібек би ауылдық  ауруханасында 46 маман елге  қызмет көрсетеді. Ауруханада 15 орынға арналған терапия және жаңа ашылған неврология бөлімі бар. Былтыр  14200 адам стационарлық ем, ал 1200 адам амбулаторлық ем қабылдаған. Дегенмен ірі  елдімекенге көпсалалы емхана керектігі жайлы мәселе жиі көтеріледі және таяу жылдары шешімін табатындығына қатысты үміт те үлкен. Жергілікті  тұрғындарды «Еңбек» бағдарламасы арқылы жұмыспен қамтуға және  кәсіп ашқысы келетіндерге әкімдік тарапынан  қажетті қолдаулар көрсетіледі. Өткен жылы округте «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына 57  адам қатысып, 8 адам қайта даярлаудан өткен, 2 адам жастар тәжірибесіне жолдама алыпты. Сонымен бірге өз кәсібін дамытуға талпынған 4 адамға жалпы 13 млн. 800 мың теңге несие беріліп, 38 ауыл тұрғыны  қоғамдық жұмыстарға  тартылған. «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының «Бастау Бизнес» жобасы аясында  кәсіпкерлік негіздері бойынша тегін  семинарларларды бітірген 5  ауыл тұрғыны арнайы гранттарға ие болған. Қазіргі кезде округ бойынша 400-ге жуық жеке кәсіпкер тіркелген. Тоғыз жолдың торабындағы ауылда бизнесті дамытуға мүмкіндік жетерлік. Кәсібін шағын ғана дүкеннен бастап, бүгінде үлкен сауда орталығын ұршықша иіріп отырған кәсіпкерлер де бар. Солардың бірі осыдан үш жыл бұрын бизнеске бел буған  Нұрсұлтан Сейітжанов алдағы кезде де кәсібін кеңейте түспек. Округ әкімінің айтуынша, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтар әрдайым басты назарда. Былтыр  279 көпбалалы отбасын, 138 алтын алқа және күміс алқа иегерлерін және 34 тыл ардагерін қоса алғанда, барлығы  2 236 адамға  1 млрд. 520 млн. 896 мың теңгенің көмегі көрсетіліпті. Сонымен қатар «Nur Otan» партиясының қолдауымен коронавирус пандемиясына байланысты, округ бойынша жағдайы төмен 237 отбасына бір реттік 50 000 мың теңге көлемінде ақшалай жәрдем жасалған. Ел болашағы – білімді ұрпақ қолында. Округтегі мектептер замана көшінен қалыспау жолында бар мүмкіндіктерін пайдалануда. Осындағы іргелі білім ошағының бірі Н. Островский атындағы орта мектеп қашықтан  оқытуда  республика бойынша алда келеді. Сондай-ақ, Т. Әубәкіров атындағы орта мектептің оқушылары да облыстық және республикалық додаларда топ жарып жүр. Ауылда 100 бүлдіршінге арналған «Нұршуақ» балабақшасымен бірге жеке меншіктегі 4 балабақша жұмыс істейді. Өркенді өңірдің өзіндік қажеттіліктері де бар. Халық санының артуы, экономиканың өркендеуімен бірге, жүзеге асырсақ деген жұмыстар да көрініс беруде. Округ басшысы  ұзындығы 42,7 шақырымды құрайтын 41 көшенің  5 шақырымы ғана немесе 11,7 пайызы жарықтандырылғанын айта келе, алдағы кезде  11 көшені  жарықтандыруды жоспарлап отырғандарын жеткізді. Ауылішілік  жолдардың қиылыстарына  бағдаршамдар орнату, орталық көшелерге арық жүйесін  салу, ескірген құбыр жүйелерін жаңалау да алдағы кезде атқарлар жұмыстар қатарында. Ең бастысы, елде бірліктің болғаны. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» дегендей, 18 ұлт пен ұлыс өкілі өмір сүретін округте тұрғындар бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүруде. Барлық мәселені бірлесе шешіп,  болашаққа бағытталған жоспарларды бірге  талқыға салатын, ынтымақтың ырыс бастауы деп түйсінген  ауылдағылар  бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жаңа мешіттің қабырғасын қалай бастапты Ел көңілінен шыққан, жас та болса, жұртына бас бола білген Ержан Әмірденов сынды азамат басшылық етіп отырған Бәйдібек би  ауылдық округі жұртшылығы жарқын болашаққа  сеніммен қарайды. Бүгінгілеріне береке тілей отырып, ертеңдерінің қазіргіден де жарқын болуы өздерімен бірге білікті басшыға да байланысты екенін жақсы түсінеді.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы.