Қазақстанда азаматтық қоғам институты толық қалыптасты ма? Үкіметтік емес ұйымдар билік пен бұқара арасын жалғайтын «алтын көпір» бола алды ма? Біз көпшіліктің көкейінде жүрген осы сұрақтарды Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваға қойдық. Министр ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан үкіметтік емес ұйымдардың қазіргі беталысы мен Азаматтық форумның мақсат-міндетін түсіндіріп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан еріктілер жұмысы жайлы баяндап берді.
– Аида Ғалымқызы, бүгінде елімізде заңды түрде тіркелген 22 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымның іс жүзінде қаншасы жұмыс істеп тұр? Мысалы, азаматтық қоғам институтын қалыптастыру жобаларына пандемия шектеулерінің қандай да бір әсері болған шығар? – Әрине, еліміздегі азаматтық қоғам институттары пандемияға дейін-ақ, өзіндік даму жолы қалыптасқан сала ғой. Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап қоғамдық ұйымдардың құрылып, жұмыс істеуіне еркін жол ашылды. Сәйкесінше, мемлекет тарапынан олардың қалыптасуы мен нығаюына заңнамалық негіз қаланып, түрлі бағдарлама қабылданды. Биыл ел болып атап өтіп жатқан Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде үкіметтік емес ұйымдар саны 22 мыңға жетті. Салыстырмалы түрде айтсақ, алғаш егемендік алған жылдары елдегі қоғамдық ұйымдар 100-ге жетер-жетпес болатын. Бүгінде олардың саны ғана емес, түрлі бағыттағы белсенділіктері де артты. Қазір қоғамда азаматтық бастамалар назарынан тыс қалған саланы елестету мүмкін емес. Осыдан-ақ үшінші сектордың қаншалықты қарқынмен дамығанын байқай аламыз. Қазір сіз айтып отырған елімізде ресми тіркеуден өткен 22 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымның 16 мыңдайы белсенді жұмыс істейді. Осы жылдар ішінде ҮЕҰ жобаларын мемлекет тарапынан қаржыландыру миллионнан миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Азаматтық сектор қазір шамамен 37 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Әрине, мемлекет үшін әлеуметтік-маңызды мәселелерді шешуде сенімді серіктестік рөлінің маңызы зор. Осы орайда, қоғамның түрлі саласындағы мәселелерді жақсы білетін үкіметтік емес ұйымдарға артылар сенім де, жауапкершілік те жоғары. Жалпы, кез келген қоғам үшін ҮЕҰ белсенділігі қашанда үлкен маңызға ие. Сондықтан қазір әлемде орын алып жатқан пандемиялық шектеулерге қарамастан, азаматтық қоғам институттарының жұмыс қарқыны бәсеңдеген жоқ деп толық сеніммен айта аламын. Қайта сол пандемия кезінде олардың белсенділігі жандана түсті десек болады. Мысалы, еліміздегі төтенше жағдай кезінде мұқтаж азаматтарға ең алдымен қоғамдық ұйым өкілдері мен волонтерлердің көмек қолын созғанын ескерген жөн. Барлық өңірлерде қоғамдық ұйымдар волонтерлер қозғалысқа қатысып, қорғаныс бетпердесін, жалғызбасты азаматтарға, мүгедектерге, көпбалалы отбасыларға арналған азық-түлік өнімдерін таратумен, дәрі-дәрмектерді жеткізумен, бетперде тігумен айналысты. Сондай-ақ карантин талаптарын сақтау бойынша полиция рейдтеріне қатысты. Сондықтан сіздердің газет арқылы қиын кезеңде ел болып бірігіп, игі істерге қолдау көрсеткен барлық қоғамдық ұйым өкілдеріне, белсенді және қайырымды азаматтарға, волонтерлерге зор алғысымды жеткіземін. – Осы орайда, үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау тұжырымдамасына толығырақ тоқталып өтсеңіз? – 2020-2030 жылдарға арналған Азаматтық қоғамды дамыту концепциясы Президент Жарлығымен 2020 жылдың 27 тамызында бекітілген болатын. Аталған құжат негізінен елдегі үкіметтік емес секторды дамытудың жаңа векторын қалыптастыруға негіз болатын билік органдары мен азаматтық қоғам институттарының өзара қарым-қатынасының басты басымдықтары мен міндеттерін айқындайды. Концепцияда азаматтық қоғамды және оның институттарын дамыту үшін жағдай жасау, идеологиялық және саяси әралуандылық пен бәсекелестікті ескере отырып, мемлекет пен қоғамның түйінді міндеттерін бірлесе шешу бойынша іс-шара бекітіледі. Қазір тұжырымдаманың іс-шара жоспары орындалу үстінде. Ол негізгі екі кезеңді қамтиды. Біріншісі – 2020 жылдан 2025 жылға дейін, екіншісі – 2026 жылдан 2030 жылға дейін. Бірінші кезеңде іске асырылатын 5 негізгі бағыт бойынша 33 іс-шара қарастырылған. Яғни, оның аясында азаматтық қоғам дамуын құқықтық жетілдіру, азаматтық белсенділікті дамыту және қолдау, тұрғындардың мемлекеттік басқаруға қатысуын көтермелеу, сондай-ақ қоғамдық бірлестердің БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға кеңінен тарту сияқты шара көзделген және бұл бағыттағы жобаларды іске асыруға біздің мүмкіндігіміз толық жетеді. – Осыдан 5 жыл бұрын «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына үкіметтік емес ұйымдардан 25 бастама» республикалық акциясы өткені мәлім. Ал сол бастамалар биылғы 30 жылдық қарсаңында қайта жаңғыртыла ма? – Қай кезеңде де ел дамуына азаматтық қоғам институттарының қосар үлесі мен қолдауы бәсеңдеген емес. Соның ішінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойынан да қоғамдық ұйымдар тыс қалып жатқан жоқ. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту бойынша республикалық іс-шара жоспары бекітілді. Мерекелік шаралар «Жасампаздыққа толы жылдар» идеясымен өтеді. Ұлттық жоспар негізінен халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған жобаларды, ұлттық келісімді нығайтатын, елді біріктіретін және қоғамды бір мақсатқа жұмылдыратын іс-шараны қамтиды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының бастамасымен «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы еліміздің барлық аймағындағы қоғамдық бірлестіктердің, жастар қозғалыстары мен волонтерлік ұйымдардың тікелей қатысуымен өтіп жатыр. Оның аясында жыл басынан бері 700-ден астам іс-шара жүзеге асырылып, 160 мыңнан астам мұқтаж азаматқа қолдау көрсетілді. Марафонға еліміздегі танымал 100-ден астам ірі ұйым қосылды. «Нұрсұлтан Назарбаев» қоры, «Елбасы академиясы» корпоративтік қоры, Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры және басқа да ұйымдардың қатысуымен мазмұнды да тағылымды жобалар қолға алынды. Бұдан бөлек, Қазақстан Азаматтық альянсының ұйымдастыруымен гранттық жоба аясында «бір терезе» қағидаты бойынша үкіметтік емес ұйымдарға арналған республикалық азаматтық орталық қызметін бастады. Онда барлық белсенді азаматтарға, қоғамдық ұйым өкілдеріне жан-жақты кеңес беріліп, әдістемелік қолдау көрсетіледі. Қазір Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналған X Азаматтық форум жұмысына дайындықты бастадық. Бұл аталған жобалар үкіметтік емес ұйымдардың бастамасымен өткізіліп отырған үлкен жұмыстың бір парасы ғана. Алдағы уақытта қоғамдық ұйымдар белсенділігін танытып, ауқымды жобалардың ұйытқысы болатынына кәміл сенемін. – Әлгінде ғана волонтерлердің белсенділігі туралы айтып қалдыңыз. Енді олардың атқарар қызметін дамыту үшін сіздердің тараптарыңыздан қандай шара қабылданып жатыр? – Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған волонтерлік қозғалыс бүгінде жалпыхалықтық қолдауға ие үлкен жобаға айналды. Әсіресе, былтырғы пандемия кезінде халықтың шынайы қайырымдылық қасиеті мен елге деген жеке жауапкершілігі ерекше білінді. Осы бір жыл ішінде волонтерлік қызметтің қарқыны артып, бағдарламалар мен жобалардың ауқымы айтарлықтай кеңейе түсті. Атап айтқанда, волонтерлік ұйымдардың саны 3 есе (2019 жылы – 224, 2020 жылы – 673), белсенді еріктілер қатары 4 есе көбейді (2019 жылы – 50 мың адам, 2020 жылы – 200 мыңға жуық адам). Биыл волонтерлікті дамытудың Жол картасы қабылданды. Жол картасының кешенді іс-шара топтамасы аясында бірқатар бағыт айқындалды. Біріншіден, заңнамалық деңгейде өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Оның аясында оқуға құжат тапсыру мен жұмысқа орналасу кезінде жеңілдіктер қарастыру, волонтерлердің құқықтары мен міндеттерін кеңейту, еріктілердің ең төменгі жас шегін белгілеу және корпоративтік волонтерлік нормалары сияқты жаңашылдықтар қарастырылған. Екіншіден, волонтерлік инфрақұрылымды дамыту керек. Волонтерлер құрған республикалық және 17 өңірлік фронт-офистер өз жұмысын жалғастыруда. Биылғы жылдың 1 жартыжылдығында 113 мыңнан астам волонтердің қатысуымен 6 мыңға жуық іс-шара өткізілді. Үшіншіден, Жол картасы аясында жалпы сомасы 528,3 миллион теңгені құрайтын 40-тан астам жобаны іске асыру қарастырылған. Біздің министрлік тарапынан 13 волонтерлік жобаға 438,6 миллион теңге бөлініп отыр. Оның аясында жануарларға жанашырлықты көздейтін Birgemiz: Ayala, аға ұрпақты волонтерлік қызметке шақыратын «Күміс волонтерлік» жобалары, сонымен қатар басқа да өзекті тақырып бойынша 130-дан астам шағын грант қарастырылған. Мемлекет басшысының БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясындағы Халықаралық волонтерлер жылын жариялау бастамасы бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиісті құжат жобалары әзірлену үстінде. Былтыр Қазақстанның ұсынысымен БҰҰ Бас Ассамблеясы қарарына «Волонтерлікті 2030 жылға дейін дамыту күн тәртібі» енгізілді. Қазір БҰҰ-ның түрлі құрылымында еліміздің 7 волонтері Қазақстан Үкіметінің тікелей қолдауымен қызмет атқарып жүр. Волонтерлерді ынталандыру үшін әлем елдерінен үміткерлерді тарта отырып, «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығын табыстауды биыл да жалғастыратын боламыз. – Сондай-ақ X Азаматтық форумға дайындық басталғанын да айтып отырсыз. Жалпы, Сіздер ұйымдастырып жүрген сол форумның нәтижесі қалай болып жатыр? Ескерілуі тиіс мәселелер бар ма? – Қазақстанның Азаматтық форумы – жалпыұлттық диалог шеңберінде тең құқықты әріптестікті құруға бағытталған мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдарының тұрақты диалог алаңы. Бұл ретте Азаматтық форумның мақсаты – азаматтық қоғам институттарын жан-жақты дамытып, олардың мемлекетпен және бизнес-сектормен тең құқықты әріптестігіне арналған қолайлы жағдай жасау. Азаматтық форум 2003 жылдан басталып, екі жылда бір рет тұрақты негізде өткізіліп келеді. Форум барысында үкіметтік емес секторды және әлеуметтік саланы дамытудың стратегиялық мәселелері талқыланып, форумға қатысушылардың ұсынымдарын іске асыру бойынша тиісті жоспар әзірленеді. Мысалы, былтыр Қазақстанның IX Азаматтық форумы өткен болатын. Елдегі карантин жағдайына байланысты ол онлайн режимде ұйымдастырылды. Десе де, форумға қатысушылар мен оның жұмысы аясындағы түрлі диалог алаңдарына қамтылғандардың саны жылдағыдан артық болды. Яғни, онлайн режимде ұйымдастырылған шараға ірі қалалар мен облыс орталықтарынан бөлек, шалғай аудан-ауылдардағы ҮЕҰ өкілдері қатысуға мүмкіндік алды. Жалпы, IX Азаматтық форумы өзінің мазмұнды бағдарламасымен ерекшеленді. Қатысушыларға ыңғайлы болу үшін мазмұнды бағдарлама 5 күнге созылды. Сол 5 күн ішінде YouTube видео арнасы мен әлеуметтік желілерде форумнан тікелей эфир және 40-тан астам түрлі форматтағы онлайн диалог алаңы ұйымдастырылды. IX Азаматтық форумның қорытындысы бойынша азаматтық қоғам өкілдерінен 650-ден астам ұсыныс пен ұсыным қабылданды. Қазір олардың орындалуы бойынша құзыретті мемлекеттік органдар тарапынан тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Форум азаматтық сектордың салалық проблемаларды шешуге ерекше тиімділігін және қатысу белсенділігін көрсетті, сондай-ақ қатысушылардың барынша көп санын қамтуға мүмкіндік берді. Форумда айтылған ұсынымдардың негізінде «Қоғамдық бақылау» туралы, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен гранттық қаржыландыру, қайырымдылық және волонтерлік қызмет туралы заң жобалары әзірленді. Үкіметтік емес ұйымдардың қызметін жетілдіру, экологиялық мәдениетті дамыту, азаматтардың шешімдер қабылдауға қатысуы, қоғамның мемлекетке деген сенімін қалыптастыру, ҮЕҰ кәсіби біліктілігін арттыру бағытында тиісті шаралар қабылданып жатыр. Жалпы, Азаматтық форум аясында өткізілетін кездесулер азаматтық қоғамды дамытудағы бастамаларды қорытындылауға және тиісті кері байланысты арттыруға үлкен септігін тигізеді. – Ал азаматтық қоғамды одан әрі демократияландыру және дамыту жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау жөніндегі Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қазіргі жұмыс барысы қалай? – Мемлекет басшысының бастамасымен саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды дайындау мен іске асыру бойынша Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғаннан бері айтарлықтай ауқымды жұмыс жүргізілді. Әрине, Ұлттық кеңес бірінші кезекте «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын тиімді іске асыруға зор үлес қосты деп айтуға толық негіз бар. Осы кеңес аясында көтерілген мәселелер, соның негізінде қабылданған шешімдердің барлығы жүйелі реформаларға жаңа серпін беруге бағытталған. Ұлттық кеңес бастапқы кезеңде консультативтік кеңесші орган ретінде құрылған болатын. Алайда уақыт талабына сай бүгінде ол жаңа реформаларды ұсынатын маңызды құрылымға айналып отыр. Жалпы, құрылғаннан бері Ұлттық кеңес қызметінің шеңберінде 9 заң қабылданды. Атап айтсақ:- • «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандыру және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы (2019 ж. 26 желтоқсан); • «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы (2020 ж. 13 мамыр); • «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» ҚР Заңы (2020 ж. 25 мамыр); • «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер пен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы (2020 ж. 25 мамыр); • «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заңы (2020 ж. 25 мамыр); • «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заңы (2020 ж. 2 маусым); • «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне парламенттік оппозиция мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы (2020 ж. 2 маусым); • «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы (2020 ж. 27 маусым); • «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы (2020 ж. 7 шілде). Ұлттық кеңестің маңызды міндеттерінің бірі – мемлекет пен қоғам арасында байланысты одан әрі тиімді жалғастыру.
Сұхбаттасқан Еркеғали БЕЙСЕН