Шымкент – қарқынды дамып келе жатқан үшінші мегаполис
Шымкент – қарқынды дамып келе жатқан үшінші мегаполис

Осыдан үш жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлы­ғымен Шымкентке республикалық қала мәртебесі берілген болатын. Бұл тарихи шешім Шымкенттің тынысын ашты десек, қателеспеспіз. Бұл туралы қала әкімі М. Әйтенов елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып өтті.

10 жылда салынып жүрген жол үш жылда-ақ еңсерілді

Үш жылдың ішінде қала бюджеті 131,2 млрд теңгеден биыл 481,6 млрд теңгеге жетіп отыр, яғни өсім 3,7 есе. Кәсіпкерлік белсенділік те артқан. Инвестиция көлемі соңғы үш жылда 1,9 есеге өсіп, биыл 214 млрд теңгеден 400 млрд теңгеге жету жоспарланды. «Осыдан 3 жыл бұрын өнеркәсіп өнімінің көлемі 425 млрд теңге болса, жыл соңында 710 млрд теңге болады деп күтілуде. Дербес қала мәрте­бесін алған жылы 403 мың шаршы метр тұрғын үй берілген болса, биыл оның санын 1 миллионға жеткізу жоспар­ланған. Нәтижесінде, салық базасы өсіп, жергілікті бюджетке түсімдер 57 млрд теңгеден 150 млрд теңгеге жетті. Жалпы, үшжылдық инвестиция 1,2 трлн теңгеден асты» деп атап өтті Мұрат Дүйсенбекұлы.

Бұдан бөлек, қала басшысы Шым­кенттегі экономикалық өсім инфра­құрылымға қарқын бергенін атап өтті. Соңғы үш жылда, биылды қосып есептесек, 853,5 шақырым жол төселетіні, бұрын дәл мұндай көлемдегі жол 10 жылда салын­ғанын еске салды. Үш жылда, биылды қосып есептегенде, 18 тұрғын алабы ауызсуға қосылып, 60 мың адам сапалы ауызсумен қамтылмақ. Сонымен қатар осы уақыт аралығында 7 тұрғын алабы табиғи газға қосылып, 29 500 адам көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Жалпы, 2023 жылға дейін тұрғындар 100 пайыз сапалы ауызсу мен табиғи газға, 2025 жылға дейін 100 пайыз сапалы электр қуатына қосылады деп күтіліп отыр.

«Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қар­саңында Шымкент қаласына ерекше қам­қорлық көрсетіп келе жатқан Елбасы­ның қала дамуындағы орасан рөлін Шым-шаһар тұрғындары айрықша бағалай­тынын атап өткім келеді. Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында өңірлерді дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді. Өздеріңізге мәлім, Шымкент қаласы да өзге өңірлер сияқты пандемия жағдайында тіршілік етіп жатыр. Жыл басынан бүгінге дейін 7 117 адам коронавирус инфекциясын жұқтырып, 6 782 адам емделіп шықты. Өкінішке қарай, 154 адамның өмірін сақтап қала алмадық. Бүгінде 1 ком­понентпен 291 074 адамға, 2 компонентпен 175 775 адамға вакцина егілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасымен және қолдауымен медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базасын біршама нығайтып алдық. Бұл мақсатқа осы екі жылда 13,1 млрд теңге қарастырылды. 14 157 меди­цина қызметкері оқытылды. Барлық мүд­делі органдардың бірлескен жұмысының арқасында биыл пандемияны оңай еңсеріп отырмыз» деп атап өтті брифинг барысында қала әкімі. Қаланың негізгі экономикалық көр­сеткішінде де өсім қарқын алып келеді. Жалпы, 2021 жылдың қаңтар-мамыр айларында өнеркәсіп өнімінің көлемі 295 млрд теңгені құрап, 2020 жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,1 пайызға артқан. Өнеркәсіптің қала экономика­сының негізін құраушы сала екені белгілі. Осы бағыттағы Шымкент қаласының жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 24,6 пайыз болып отыр. Мемлекет басшысы Жол­дауда өңдеу өнеркәсібін алдағы 5 жылда кем дегенде 1,5 есеге өсіруді тапсырған болатын. Үшінші мегаполисте осы мақсатта бірнеше бастама қолға алынып отыр.

Агро-индустриалды аймағы құрылып жатыр

Өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында қолға алынған жұмыстың бірі – «Жұлдыз» индустриалды аймағы. Қазір мұнда инфрақұрылымды қалыптастыру жұмыс­тары басталып кеткен. 306 гектар жер аймақта құрылыс, металлургия, фарма­цев­тика, жиһаз өнеркәсібі дамитын бо­лады. «Бүгінде 200 млрд теңгеге 5 мыңнан астам жұмыс ашылатын 50 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Одан бөлек, жеке индустриалды аймақтарды ашу бо­йын­ша да жұмыстар жүріп жатыр. Шым­кент­тің 3 индустриалды аймағында алғаш­қы бес айда 1,8 млрд теңгеге 274 жұмыс орнымен 4 жоба жүзеге асырылды. Жыл соңына дейін инвестиция көлемі 38,1 млрд теңгеге болатын 13 жоба іске қосы­лады. Жалпы, 754 жұмыс орны ашылады деп күтіп отырмыз», – деді жиын барысында Мұрат Дүйсенбекұлы.

Сонымен бірге Жолдаудағы басым бағыттардың бірі жергілікті жерде әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауарлары­мен өздерін қамтуды үйлестіру болатын. Шымкент қаласында осы бағытта 2 бірдей агро-индустриалды аймағы құрылып жа­тыр. Бірі – заманауи өнеркәсіптік жылы­жай кешені болса, екіншісі – «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы. Қазір екі агроөндіріс аймағының да жоба­лау-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Құжаттама сараптамадан шыққан соң құрылыс жұмысы басталады. Жалпы, Шымкентте агроөнімдерді өңдеуге басымдық берілген. Мәселен, осы жылы ауыл шаруашылығында жалпы құны 24 млрд теңгені құрайтын 32 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Есепті кезеңде 12,8 млрд теңгенің ауылшаруа­шылық өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,2 па­йыз­ға артқан. Салаға бағытталған экспорт көлемі 39 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың тиісті кезеңінен 10 пайызға артық.

Шағын және орта бизнестің үлесі 34 пайыз

Алдағы 5 жылда Президент елдегі шағын және орта бизнестің жалпы өнім үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға көбейтуді тапсырғаны белгілі. Қазір Шымкентте жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 34 пайызды құрайды. Бұл бағытта 69 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісінде 163 мыңнан астам адам жұмыс істейді. 2025 жылға дейін шағын және орта бизнес санын 100 мыңға, шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар санын 190 мың адамға, жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 40 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр екен. Ол үшін биыл «Бизнестің Жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында бөлінетін қаржыны 2 есеге ұлғайтып, бюджеттен 6,9 млрд теңге бағытталып отыр. 2025 жылға қарай бағдарлама шеңберінде бөлінетін қаражат көлемін 25 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарланған. Биыл «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 55 жобаға 816,1 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар шағын және орта бизнеске екінші деңгейлі банктер тарапынан 17,8 млрд теңгеге несие үлестірілген. Қалада кәсіпкерлерге оңтайлы жағдай жасау үшін «Кәсіпкерлерге арналған Үкімет» фронт-офисі жұмыс істейді. Жыл басынан бері фронт-офистің көмегіне 2 325 кәсіпкер жүгінген. Сонымен қатар үшінші мегаполисте ауыз толтырып айтар жағымды жайттың бірі – инвестиция тартудан алда келеді. Оңтайлы мемлекеттік саясаттың арқасын­да инвестиция қарқын алған. Жыл басынан бергі 5 айда қала экономикасына 96,9 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыс­тыр­ғанда 23,7 пайызға артқан. Президенттің инвесторлар пулын жасақтау тапсырмасы бойынша, құны 2,5 трлн теңгені құрайтын 261 инвестициялық жобаның базасы әзірленіп, оның ішінде биыл 171,6 млрд тең­геге 2 500 жаңа жұмыс орнымен 68 жо­ба­ны іске асырылу жоспарланып отыр екен.

Күнгейдің құрылыс саласында да қарқын бар. Баспана мәселесі – басты назарда. Мемлекет басшысы тарапынан бұл салаға үлкен жауапкершілік жүктелген. Баспананың азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатымен тікелей байланысты екені де белгілі. Биыл шымкенттіктер бір миллион шаршы метр тұрғын үй салуды міндеттеп отыр. Бұл өткен жылмен са­лыс­тырғанда 1,5 есеге жуық артық. Қазір қалада жеке салушылар есебінен 8 639 пәтерлі 178 көпқабатты тұрғын үй, бюджет тарапынан 5 912 пәтерлі 97 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары алғашқы 5 айда 28 млрд теңгені құрады.

Жол құрылысының қызу екенін айт­тық. Биыл мегаполисте жол құрылысын ерекше атап өтуге болады. Қазір 295,3 шақырым жолда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішін­де 92,2 шақырым магистральді, 203,1 ша­қырым ішкі орамдық көшелер бар. Көлік кептелістерін болдырмау мақсатында 4 ірі жолайрықтың құрылысы жоспарланып, биыл екеуінің құрылысы басталды. 1 жолайрық жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Нәти­жесінде, жақсы және қанағат­танарлық жолдардың үлесі жыл соңына дейін 63,6 пайызға жетпек. Жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау үшін былтыр 590 жаңа автобус сатып алынып, оның 300-і жолға шыққан. Жыл соңына дейін 290 жаңа автобус қосылып, қоғамдық көлік 80 пайызға жаңарады деп жоспарланып отыр. Жаңадан келіп жат­қан автобустар газбен жүреді, жолаушылар үшін жағдай жасалған, кондиционері де бар. Одан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де қолайлы. Сонымен қатар Жолдауда Мемлекет басшысы елімізде қойма және көлік инфрақұрылымын дамы­туды тап­сыр­ған болатын. Шым­кентте 92 гектар жерге сауда-логистикалық аймағы құрыл­ған. Одан бөлек, қазір тағы да 3 логис­тикалық жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы