Тоқаев Ауыл шаруашылығы министріне қызметінен кетуге кеңес берді
Тоқаев Ауыл шаруашылығы министріне қызметінен кетуге кеңес берді
©А.Ахметқазы
420
оқылды

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа қызметінен кетуге кеңес берді.

Президент министрді ауылдықтарға жайылым үшін 29 млн. гектар жер жетпей тұрғанда, осы мұқтаждыққа қарамастан 33 млн. га. қолданусыз бос жатқанын айтып сынады. Сондай-ақ, Маңғыстау, Қызылорда облыстарындағы қуаңшылыққа қатысты қынжылыс білдірді.
«Әрине, қуаңшылық — табиғи құбылыс. Бірақ мұндай жағдайда жауапты министрлік шұғыл шаралар қолданып, тез шешім қабылдауы керек еді. Алайда министрлік өзіне жүктелген міндетін атқара алмады. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа өз еркімен қызметінен кетуге кеңес беремін», — деді Мемлекет басшысы.
Еске салсақ, Тоқаев ел экономикасының алғашқы жартыжылдықта 2,2% өскенін мәлімдеді. Президенттің айтуынша, бұған әлемдік экономиканың жанданып келе жатқандығы мен республиканың дағдарысқа қарсы жасалған шаралары оң әсер еткен.

Дәулет АСАУ.