Бұрын Қызылорда облысындағы мұнай өндіруші компаниялар тереңнен алынып жатқан «қара алтынмен» бірге шығатын ілеспе газды ауаға жағып келгені белгілі. Бертін келе ілеспе газ қалаға жетіп, тұрғындар ілеспе газдың игілігін көре бастады. Дегенмен бүгінде сол көгілдір отынның құнына қатысты түйткілді мәселенің түйіні әлі тарқатылмай келеді.
Қазір коммуналдық қызметтің, оның ішінде жарық, жылу, газдың бағасы күннен-күнге шарықтап барады. Соның ішінде көгілдір отын өзімізден өндірілсе де, құны қол жеткізбес бағаға жетті. Бір кездері Құмкөл мұнай кенішіндегі далаға жанып жатқан ілеспе газды өңдеп, Қызылорда қаласының тұрғындарына табиғи газ жеткізіп беріп қана қоймай, жарық пен жылу арзандаған еді. Кейін Бозай-Шымкент газ тасымалдау магистралі іске қосылды да, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жергілікті жерде өндірілген газға республикалық бағаны қойып, қымбаттатып жіберген. Яғни, газды таратушы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы 1 000 текше метр газға қосымша құн салығымен 20 903 теңге 93 тиын деп шекті баға қойды. Бұл – қымбат және негізсіз баға.СОТ ШЕШІМІН «ПЫСҚЫРМАДЫ»
Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті 2019 жылғы 11 қыркүйектегі №44-НҚ бұйрығымен тауарлық газды таратудағы тасымалдау қызметінің тарифін бүкіл қосымшаларымен 34,6%-ға төмендетіп бекітті. Осы бұйрыққа сәйкес, газды бөлшек саудада өткізу 1 000 текше метрге қосымша құн салығымен 20 902,93 теңге орнына 17 351,52 теңге болды. Бұл 17%-ға төмендетілді деген сөз.Демек, әділеттілік жеңді, сот жүйесі туралыққа, халықтың пайдасына шешім шығарған. Осылай деп ашынған қызылордалықтар газ тарифін реттеуді талап етіп отыр. Бұған қатысты Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Қызылордадағы бөлімшесі тарифтік смета шығындары бабын бұзғаны және бекітілген тарифті қолданбағаны үшін тұтынушыларға 1,5 миллиард теңгеден аса қаражатты қайтаруға міндеттелгенін хабарлады.Ал «ҚазТрансГазАймақ» бұл бұйрықты орындай қойған жоқ. Олар тіпті сотқа арызданды. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық соты 2020 жылғы 6 ақпанда №44-НҚ бұйрықтың күшін жою жөніндегі талап-арызды қанағаттандырмады. Осы жылғы 4 маусымда өткен Қызылорда облыстық сотының сот алқасы өзінің қаулысымен алдыңғы сот шешімін күшінде қалдырды. Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы 2020 жылғы 5 қазандағы қаулысымен ауданаралық соттың актілерін қайта қарау жөніндегі өтінішті қараудан бас тартты.
– 2020 жыл бойынша тарифтік сметаның орындалуына жүргізілген талдау шеңберінде, Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Қызылордадағы бөлімшесінде тарифтік смета шығындары бабын бұзу және бекітілген тарифті қолданбау дерегі анықталды.
Нәтижесінде, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ биыл 1 тамыздан бастап тауарлық газды газ таратушы жүйелері арқылы тасымалдау қызметіне ҚҚС-сіз 1 000 текше метрге 3 320,45 теңге мөлшерінде немесе бекітілген тарифке қарағанда 44,1 пайызға төмендетіліп, 1 жылға уақытша өтемдік тариф енгізу жолымен тұтынушыларға 1 548 508 389 теңге залал сомасын қайтарады, – делінген министрліктің мәлімдемесінде.
БАҒА ТАҒЫ ҚҰБЫЛДЫ
Қызылорда облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов осы жылдың 1 шілдесінен бастап тауарлы газдың көтерме саудадағы бағасы 15 пайызға өскенің айтты. Оның сөзінше, енді Қызылорда облысы бойынша ҚҚС-ті есепке алмағанда, 1 000 текше метр үшін 8 358 теңгені құрады. Бұған дейін 7 268 теңге болатын.Айта кетейік, Қызылорда облысы тұрғындарының табиғи газға қосылу үлесі 67%-ды құрап отыр. Таяуда Қызылорда облысы әкімінің қатысуымен екі аудан орталығы Жосалы мен Жалағаш кентіне газ берілді. Осы жылғы ақпан айында Тереңөзек кенті газға қосылды. Жалпы, 3 аудан орталығында іске асырылған жобаларға 8 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалып, 420 шақырымнан астам газ құбырлары салынды. 8 мыңнан астам тұрғын үйге дейін газ құбырлары тартылды. Өткен жылы бюджет есебінен Арал ауданындағы Жақсықылыш кентіне, Қазалы ауданындағы Ғани Мұратбаев және Шиелі ауданындағы Байсын ауылдарына табиғи газ берілген болатын. Жалпы, өңірде көгілдір отынға қол жеткізген тұрғындардың қатары жыл санап артып келеді. Шалғай ауылдарға дейін газ құбыры тартылып, табиғи газ игілігін ел көріп жатыр. Бұған халықтың айтар алғысы бөлек. Алайда көпшілік қауым құбылған бағаға тоқтам керек деп отыр. Мұнан бөлек, Қызылордада автокөлікке қажетті сұйытылған газ бағасы да шарықтап кетті. Таяуда ғана бір мезетте 20 теңгеге көтерілген баға табиғи газ өндіріп отырған аймақ тұрғындарының қалтасын қағып отыр. Мәселен, бұған дейін көлік жүргізушілері газды 60-65 теңгеден құйып келсе, бүгінде газ құны 80 теңгеден асты. Соның өзінде барлық бекеттерден газ табу қиын.Ал Сырдария ауданы Тереңөзек кентіндегі газбен жабдықтау нысандарын пайдаланушы мекеме «Қызылорда газ тарату жүйесі» кәсіпорнына тауарлы газдың шекті бағасы 5 шілдеден бастап ҚҚС-ті есепке алмағанда, 1 000 текше метр үшін 16 953 теңге, яғни ҚҚС есептегенде 18 987 теңге деңгейінде бекітілді.
Н.ҚАЗБЕК, Қызылорда облысы