Ақтаулықтар қоныс тойын тойлады
Ақтаулықтар қоныс тойын тойлады
317
оқылды

Ақтау қаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында және елорда күніне орай жаңа тұрғын үй кешенінің 227 пәтері пайдалануға берілді. 33 шағынауданда орналасқан 670 пәтерден тұратын «Аққу-3» тұрғын үй кешенінің алғашқы бөлігі өткен айда тұрғындарға табысталды. 7, 9 және 12 қабаттан тұратын үйлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген.

Тұрғын үй кешенінде ор­на­ласқан жаңа пәтерлерге түрлі са­нат бойынша Ақтау қаласы әкім­ді­гін­де кезекте тұрып, «Отбасы» бан­кі арқылы байқаудан ірік­тел­ген тұрғындар ие болды. Сал­та­нат­ты шараға қатысқан Ақтау қа­ла­сының әкімі Нұрдәулет Қи­лыбай баспаналы болған тұр­ғын­дарды жаңа қонысымен құт­тық­та­ды.

«Мемлекет қолдауының нә­­­тижесінде баспаналы болып, қоныс тойын тойлайтындар саны артып келеді. Өткен аптада Ақ­тау­да 216 отбасы жаңа пәтерге кіріп, қуанышқа кенелген еді. Міне, бү­гін елорда күні қарсаңында та­ғы бір топ тұрғынға пәтер кілтін табыстадық. Мерекемен қатар кел­ген қоныс тойларыңыз құтты бол­сын. Шаңырақтарыңыз шат­тыққа толы болып, береке-бір­лі­гі­міз арта берсін», – деді қала әкі­мі.

Нұрдәулет Қилыбайдың ай­туын­ша, елімізде қолжетімді бас­пана мәселесін шешуге айрықша көңіл бөлінуде. Биыл облыс орта­лығында 86 мың шаршы метр тұр­ғын үй салу жоспарланған. Бұл үй­лерді Мемлекет басшысының тап­сырмасымен әзірленген бағ­дарламаға сәйкес «Отбасы» банкі ар­қылы алуға мүмкіндік беріледі. Бас­паналы болған азаматтар мем­лекеттің қолдауына алғыс ай­тып, жылы лебіздерін білдірді. Қуа­ныш­ты күнге жиналғандар жас отбасы Мейрам Сапарбаевтың шаңырағынан дәм татып, пәтер ішін аралап көрді.

«Бүгін біздің от­басымыз үшін қуанышты күн. Мемлекеттің қолжетімді бағ­дар­ламасы арқасында үш бөлмелі пә­терге ие болдық. Мемлекеттің жас отбасылар үшін жасаған осын­дай қолдауы үшін рақмет», – дейді қала тұрғыны.

Қазір үш бөліктен тұратын тұр­ғын үй кешенінің қалған бө­лігін аяқтау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Осылайша, мемле­кет қолдауының нәтижесінде бас­паналы болып, қоныс тойын той­лайтындар саны артпақ. Айта кетейік, Маңғыстау облысы соң­ғы үш жылда тұрғын үй құрылысы бойынша республикада үздік үш­тік қатарынан көрініп келеді.

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы