Жалғызбасты әке. Құлаққа түрпідей тиетін осы тіркес «жалғызбасты ана» деген сөзге қарағанда тым сирек қолданылғанымен, балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған әкелер – бүгінгі қоғамның шындығы. Тағдырдың тәлкегіне ұшыраған олар өз міндеттерін қалай атқарып отыр? Мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіледі? Қандай санатқа жатқызылған? Жеңілдіктер бар ма?
Осы сұрақтарға жауап іздеу үшін бірқатар мекемелерге сұрау жолдауға тура келді. Мұндайда ең алдымен статистикалық мәліметтер қызықтырады. Алайда, бірден белгілі болғандай, жалғызбасты әкелердің статистикасы мүлдем жүргізілмейді екен. Солтүстік Қазақстан облыстық Статистика департаментінің баспасөз хатшысы Әлия Серікқызының айтуынша, тек ажырасулар санының ғана есебі жүргізіледі, жалғызбасты әкелердің саны жоқ.Жалғызбасты әке деген санат мүлдем ескерілмейтіні осыдан-ақ белгілі болды. Ешбір заңда «жалғызбасты әке» деген ұғым жоқ. Ендеше, оларға ешқандай жеңілдік те жоқ. Петропавл қалалық әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің атаулы әлеуметтік көмек секторы меңгерушісінің міндетін атқарушы Серікжан Исенов түсіндіргеніндей, біріншіден, баспанасыз жалғызбасты әкелер толық емес отбасы ретінде жергілікті атқарушы органның үй кезегіне тұра алады. Екіншіден, отбасыларға 44 мыңнан 100 мың теңгеге дейін жәрдемақы төленеді. Үшіншіден, айлық табысы кедейлік шегінен аз болса, атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Төртіншіден, баласы жарымжан болса, мүгедекті күткені үшін төленетін жәрдемақы бар. «Бірақ, бұл – тек жалғызбасты әкелерге ғана емес, осындай санаттарға енгізілген адамдардың барлығына төленетін төлемдер. Жалғызбасты әке деген жеке санат та, оларға ғана арналған жеңілдік те жоқ» деп түсіндірді маман. Ал балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған әкелердің мұң-зары жетерлік.Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, Білім басқармаларында да жалғызбасты әкелердің тізімі жоқ болып шықты. «Бізде толық емес отбасы деген санат қана бар. Оның қайсысында тек анасы, қайсысында тек әкесі барын біз білмейміз», – деді бұл мекемедегілер.
ҮЙДІҢ ДЕ, ТҮЗДІҢ ДЕ ЖҰМЫСЫ – ӨЗ МОЙНЫНДА
Қызылжар ауданына қарасты Якорь ауылында тұратын Бауыржан Дербисов 2012 жылдан бері жалғыздықтың кермек дәмін татып келеді. Асырауында – екі бала. Әйелі бәрін тәрк етіп, Нұр-Сұлтан қаласына кетіп қалғалы хабар-ошар жоқ. 4 және 6 жасында анадан қалған тірі жетім ұл мен қыз қазір 13-15-ке келді. Қызы биыл медициналық колледжге оқуға түспекші. Оларды «тістелеп жүріп» өсіру оңай болмағанын айтады. Бастапқыда тіпті бастарында баспана да болмапты. Кейін туысқаны бір үй сатып әперген екен. Соның ақшасын бірнеше жыл бойы бөліп төлеп, жуырда ғана қарызынан құтылған. Балаларын асыраймын деп басын тауға да, тасқа да ұрған ер адам: «Пластикалық терезе орнатуға жалдандым. Ол маусымдық жұмыс. Жазда нәпақамызды тапқаныммен, қыс бойы қиналдық. Одан соң күзетке орналастым. Оның да жалақысы жетпеді. Кейін шаштараздың оқуын оқып, ауылдастарыма қызмет көрсетуге кірістім. Бірақ одан да қайыр болмаған соң, пластикалық терезе орнатуға қайтып оралдым», – дейді Бауыржан. Жұмысы маусымдық болғандықтан, былтыр қыста атаулы әлеуметтік көмек рәсімдеген. Сондай-ақ балаларының анасынан алимент талап етуге мәжбүр болыпты. Бірақ сот шешімі шыққалы 4 жыл өтсе де, көкек анадан бір тиын түспеген. «Онымен қайта қосылу туралы сөз болуы мүмкін емес. Ол – бізге мүлдем жат адам», – дейді жалғызбасты әке. «Үйдің де, түздің де шаруасын жалғыз өзім атқардым. Үй де жинадым, тамақ та пісірдім, кір де жудым. Қызымның шашы ұзын, оны сәндеп өруді де меңгеріп алдым. Соның бәрі қалай қолымнан келді екен деп қазір таңғаламын. Балалармен кейде әпкем отыратын. Ресейде тұратын ата-анам келіп тұрушы еді, қазір әлемді жайлаған індетке байланысты келуді доғарды. Қызым үй шаруасына тым ерте араласты. 10 жастан асар-аспаста нан пісіруді үйренді», – дейді ол. Ауылды жерде тұрғандықтан, Бауыржан жеміс-көкөніс өсіреді. Өсірген қияр, қызанақ, сәбізінен қыс мезгіліне түрлі салат жабу да қолынан келеді. «Қолымнан келмейтін жұмыс жоқ. Дегенмен балаларыма әйел-ананың жылуы жетіспейтіндіктен, үйленгім келеді. Бірақ қыз-келіншектер ауылда тұруға құлықсыз, әрі бөтен балаларды тәрбиелегісі жоқ», – дейді жасы 40-қа келген жігіт ағасы. Петропавл қаласында тұратын Тимур Жумбаевтың тағдыры өзгеше. 8 жыл бұрын оның әйелі лейкемиядан қайтыс болған. 1 және 3 жасар екі баламен жалғыз қалғанда аспан аударылып жерге түскендей, жер көтеріліп аспанға шыққандай күйде қалған Тимур Болатұлы бәйтеректей бекемдік таныта білді. «Анам болмаса, есім ауып кетер ме еді, қайтер еді? Әсіресе, бастапқы 4 жыл ішінде қатты қиын болды. Одан соң пәтер кезегіне тұруға болатынын естіп, кезекке жазылдым. Әзірге ай сайын 35 мың теңгеге пәтер жалдап тұрамыз. Дианам 4, Артем 3-сыныпты тәмамдады. Екеуі де оқу озаттары. Мектеп қайырымдылық көмек көрсетіп тұрады. Былтыр карантин кезінде «Nur Otan» партиясы 50 мың теңгенің қаржылай көмегін көрсеткеніне ризамыз. Асыраушысынан айырылғанына байланысты балаларға 45 500 теңге төленеді. Бірақ, бір кем дүние, ақша жетпейді. Карантин кезінде мектептен берілген планшет жуырда істен шығып қалды. Оны жөндеуге 20 мың теңге керек болып тұр. Балалар екі ауысымда оқығандықтан, оларды мектепке тасымалдаумен, тамақтандырумен жүріп, өзім осы күнге дейін жұмыс істей алмадым. Қазір еңбек биржасы маған лайықты жұмыс іздестіріп жатыр. Бұған дейін супермаркетте кассир болып жұмыс істегенмін. Балаларым ешкімнен кем болмасын, ішсін, жесін, киінсін деп кез келген жұмысқа баруға дайынмын», – дейді ұл мен қыздың анасы да, әкесі де Тимур Болатұлы. Тимур секілді баспанасыз, жұмыссыз жүрген жалғызбасты әкелер жетерлік. Көбі ешкіммен араласпай, томаға-тұйық күй кешуде. Бізбен әңгімелесуден бас тартқандары бар. Ол түсінікті де: ескі жараның бетін тырнағысы келмейді. Жұмыс істейтін әкелер баспанасы жоғын айтса, жұмыстан шығарып тастай ма деп қорқатынын жасырмады.АНА ЖЫЛУЫ ЖЕТІСПЕЙДІ
Петропавлдық психолог Дина Баймакишева тағдырдың бұл тауқыметі жалғызбасты аналарға қарағанда әкелерге әлдеқайда ауыр соғатынын айтады. «Ер адам үй шаруасын да, өз жұмысын да істеуге мәжбүр. Ежелден түздің адамы саналатын еркек кіндіктіге бұл оңай емес. Үй шаруасын меңгерумен қатар, уақытын ұтымды пайдалануды үйренуі керек. Сондықтан олар балаға тиісінше көңіл бөле алмайды. Өзім жұмыс істейтін гуманитарлық-техникалық колледжде әкесі ғана тәрбиелеп отырған балалар жетерлік. Байқағаным, олардың барлығы да ана жылуын іздейді. Біреуі маған бауыр басып қалғаны соншалық, үзіліс сайын кабинетіме келіп тұрады. Басқалары да солай: әйел оқытушылармен әңгімелескісі келіп тұрады. Олардың әкелері шетінен еңбекқор, балаларын ешкімнен кем қылмауға тырысады. Жақсы тәрбие бере білген, дегенмен ананың мейіріміне бөлеу, әттең, олардың қолынан келмейді. Ана бола алмайды», – дейді психолог Дина Қапизқызы. Жалғызбасты ер адамдар бастарын біріктіріп, түрлі түйткілдерді бірлесіп шешуге септесетін, мәселе көтеретін, өз қиындықтарына қоғам назарын аудартатын бір қоғам керек екенін айтады. Бәрі де балалардың кішкентай кезінде талай қиындыққа төтеп беруге тура келгенін айтып, ағынан ақтарылды. Ер адамдардың басым бөлігі өзгелерден жәрдем сұрауға арланады. Көпшілігі өздеріне тиесілі көмектен де бейхабар, ал сұрап білуге намыстары жібермейді. Оның үстіне ішкі күйзеліс бар. Сондықтан оларға заңгерлік, психологиялық, моральдық, материалдық көмек көрсететін кризистік орталық, әкелер мектебі сияқты бір ұйым керек-ақ. Ал әзірге жалғыздықты серік еткен адамзаттың күшті бөлігіне өз қазанында өзі қайнап, қалай да болса ұрпағына лайықты тәрбие беруге тырысып бағудан басқа амал жоқ...Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы