Nur Otan партиясы жанындағы Аграрлық кеңес құрғақшылық жағдайында фермерлерді қолдау мәселелерін бақылауға алды
Nur Otan партиясы жанындағы Аграрлық кеңес құрғақшылық жағдайында фермерлерді қолдау мәселелерін бақылауға алды
©https://newtimes.kz/
223
оқылды

Биыл 10 шілдеде «Nur Otan» партиясы жанындағы аграрлық секторды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысы өтті. Бұл жайында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы Фракциясының мүшесі, Аграрлық мәселелер комитетінің хатшысы, Аграрлық секторды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің Төрағасы Берік Оспанов өзінің фейсбук парақшасында жариялады.

Отырыста Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және Алматы облыстарындағы құрғақшылық проблемалары және жем-шөппен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар талқыланды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша, өңірлерде жедел штабтар құрылды, жем-шөп дайындау және қамтамасыз етуге жұмыстар жүргізілуде, қысқа жем-шөп дайындау бойынша жоспарлар әзірленді.

Құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлерге жем-шөпті жедел жеткізу, жайылымдар мен шабындық жерлерді уақытша пайдалану бойынша көрші облыстармен өзара іс-қимыл ұйымдастырылды. Тұрғындарға орман шаруашылықтары мен табиғи резерваттарда шөп дайындау мүмкіндігі берілді. Сондай-ақ шөп шабу үшін пайдаланылмайтын шалғындарды бөлу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Ұлттық экономика министрлігі өкілдерінің ақпараты бойынша, жем дайындау үшін Маңғыстау облысына Үкімет резервінен 1,9 млрд. теңге бөлінеді. Сонымен қатар, отырыс қорытындысы бойынша, кеңес мүшелері Ауыл шаруашылығы министрлігіне фермерлерге жанар-жағармайдың қосымша көлемін бөлу, Азық-түлік корпорациясы базасында жем-шөп қорын қалыптастыру жөнінде ұсынымдар берді.

Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын ескере отырып, Кеңес уәкілетті органдарға жем-шөппен толық қамтамасыз етуді, жергілікті жерлерде көкөніс қоймаларын салу мен жаңғыртуды сапалы іске асыруға назар аударуды ұсынды. Сондай-ақ азық құнын арзандату және оларды тасымалдау тарифтерін төмендету мәселесін қарау ұсынылды.

Құрғақшылық мәселесі 9 облыста аграрлық секторды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестердің отырыстарында да талқыланып, жауапты мемлекеттік органдардың есептері тыңдалды. Жалпы, құрғақшылық жағдайында фермерлерді қолдау мәселелері Аграрлық секторды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің ерекше бақылауында болады.