Қорғаныс министрлігі кейбір заңнамалық актілерге резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасының тұжырымдамасын әзірледі.
Заң жобасының мақсаты – Қарулы күштерді жұмылдыру кезеңімен қатар төтенше жағдай кезеңінде де әскери-оқытылған резервтегі адамдармен кепілді түрде толық жасақтауды регламенттеу. Заң жобасына "резервтегі адам" ұғымы енгізілген. Резервтегі адам – ерікті түрде Қорғаныс министрлігімен резервте әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасқан әскери міндетті.
"Осыған байланысты Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің 2021 жылғы 19 мамырдағы шешімімен резервтегі қызметті енгізу мақұлданды. Бейбіт уақытта Қарулы күштерді ұлғайтпай, резервтегі әскери қызметті құру әскери міндеттілердің белгілі бір санын алуға мүмкіндік береді, олар толық немесе ішінара жұмылдыру жүргізгенге дейін соғыс уақытының немесе соғыс жағдайының, не табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың бастапқы кезеңіндегі міндеттерді орындауға кәсіби тұрғыда әзір болады", - делінген тұжырымдамада.
Бұдан бөлек, техногендік немесе табиғи сипаттағы төтенше жағдай кезінде бірінші кезекте резервтегі әскери қызметшілер жұмылдырылады. Яғни, Қарулы күштердің әскерилері өздеріне тән емес функциялардан босатылып, жауынгерлік даярлығын жоспарлы түрде жалғастырады.
Резервтегі әскери қызметшілерге әскери техниканы жүргізуге рұқсат етіледі. Бастапқыда резервте әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілердің саны мың адамға дейін болады деп күтілуде. Одан әрі резервтегі адамдардың саны бірнеше резервтегі бригадаларға дейін ұлғайтылып, олармен аумақтық әскерлер жасақталуы мүмкін. Әзірге заң жобасының тұжырымдамасын қоғамдық талқылау 26 шілдеге дейін созылады.