Әлеуметтік кәсіпкерлерге қолдау бар
Әлеуметтік кәсіпкерлерге қолдау бар
191
оқылды

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Ал­маты облысына барды. Сапар барысында облыстың және Алматы қаласының әлеуметтік кәсіпкерлерімен кездесті. Сон­дай-ақ агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған мем­лекеттік бағдарламаның өңірде іске асырылу барысымен та­нысты.

з­десуге қатысушылар осы са­ланы өркендету перспективаларын талқылап, өз ұсыныстарын жет­кізді. Сенат Спикері соңғы жылдарда әлеуметтік кәсіпкерліктің эконо­микалық дамудағы рөлі артқанын, сондықтан мемлекет тарапынан бұл саланы жетілдіруге ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын айт­ты. «Әлеуметтік кәсіпкерлік – жаңа бағыттардың бірі. Оның болашағы зор. Бұл сала табыс табумен қатар, азаматтардың өзек­ті әлеуметтік мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерліктің бұл түріне баса мән беріп келеді», – деді Мәулен Әшімбаев. Сондай-ақ ол Мемлекет бас­шысының тапсырмасы бойын­ша әлеуметтік кәсіпкерлікті да­мытуды көздейтін заң әзірленіп, қабыл­данғанын тілге тиек етті. Аталған құжат сенаторлардың бастамашыл болуымен даярланғанын айта кеткен жөн. Мәулен Әшімбаев елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау үшін аса маңызды қадам жасалғанын айтты. Ол өз сөзінде алдағы уақытта сенаторлар бұл саланы одан әрі қолдауға ар­налған жаңа тетіктерді ұсынуға және оларды талқылауға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар Сенат Спикері сапар аясында аграрлық бағытта табысты жұмыс істеп келе жатқан көпсалалы «Байсерке-Агро» ком­паниясының жұмысымен та­нысты. Шаруашылыққа арнайы кел­ген Мәулен Әшімбаев компа­ния­ның Ғылыми-өндірістік оқыту ор­талығына ат басын бұрып, зерттеу жұмыстарына назар ау­дарды. Агрохолдингтің демонстра­циялық алқабы мен ауылшаруа­шылық техникаларының жұмы­сына көңіл бөлді. Одан бөлек, Сенат Төрағасы агроөнеркәсіп кешенінің ғылыми және техни­калық жетістіктер көр­месімен, селекциялық жолмен асылтұқым­ды мал алу жұмыс­тарымен және сүт, жылқы өнім­дерін алудың ро­боттандырылған тәсілімен та­нысты. Жоғарғы Палата Спикері Мем­лекет басшысы ауыл шаруа­шы­лығын дамытуға ерекше көңіл бө­ліп келе жатқанын айтып, агро­өнеркәсіп кешенін қолдау Сенат жұмысының да негізгі басым­дық­тарының бірі екенін тілге тиек етті. «Ауыл шаруашылығындағы негізгі мәселелердің бірі саланың то­лық қаржыландырылмауы бо­лып отыр. Мысалы, 2020 жылы аграрлық секторға жоспарланған қаражаттың жартысынан астамы ғана бөлінген», – деді Сенат Төрағасы. Сонымен бірге Мәулен Әшімбаев елді алаңдатып отырған қуаңшылық мәселесіне және соған байланысты кейбір өңірлердегі мал шығынына назар аударып, бұл түйткілді шешу үшін Ауыл шаруа­шылығы министрлігі тиісті шара қабылдау керегін айты.

«Мемлекет басшысы Ре­фор­малар жөніндегі жоғары кеңес­тің соңғы отырысында мал шаруа­шылығына айтарлықтай салдарын тигізіп отырған қуаңшылық мәселесіне назар аударды. Қазір бұл – бүкіл елді алаңдатып отырған проблема. Сондықтан тиісті министрлік осы мәселені шешу үшін бар күш-жігерін жұмсауы керек. Бұл жолда жүйелі қадамдар қажет. Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі жедел түрде ахуалдың салдарын талдап, жағдайды жан-жақты сараптап, мәселені шешу жолдарын ұсынуы тиіс» деген Сенат Спикері кездесуге қатысқан Ауыл шаруашылығы вице-министріне бұл бағытта белсенділік таныту керегін айтты.

Е.ЕРДЕНОВ