Жалақымен қоса баға да өсе ме?

Жалақымен қоса баға да өсе ме?

Бюджеттік сала қызметкер­ле­рінің жалақысы өседі деген күннен-ақ жұрттың жүрегі ауырады. Өйткені жыл сайын өсетін жалақының соңы­нан қос бүйір­ді қысатын қымбат­шылық та кешіктір­мей жетеді. Айта­лық, соңғы бес жыл­да су мен жарық, жанар-жағармай, азық-түлік бағасы елдегі жалақы мен жәрдемақымен қатар шарықтаған.

Төрт жыл бұрын елдегі орташа айлық жалақы 149 669 теңгені құраса, 2018 жылы 164 552 теңгеге өскен. Ал 2019 жылы орташа табыс көзі 191 мың, былтыр 233 136 теңгеге жетіпті. Дегенмен биылғы жылдың бірінші тоқсанында бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 230,8 мың теңгені құрады. Айта кетейік, елдегі ең төменгі жалақы мөлшері биыл 43 мың теңгеге жетпейді. Жұмыс берушілер сайтта ұсынатын Қазақ­стандағы орташа жалақы әлі 179 мың теңгеге тең. Айлықтарына бола мемлекеттік қызметкерлерге алаңдауға негіз жоқ. Се­бе­бі биыл шілдеден бастап мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын төлеудің жаңа жүйесі енгізілді. Ол бойынша лауазымның деңгейі емес, оның маңызы ескерілетін болады. Осылайша, мемле­кеттік қызметшілердің жалақысы 30%-дан 150%-ға дейін көтеріледі. Жалақы төлеуге арналған жаңа жүйе орталық пен өңірлер арасындағы еңбекақы сәйкес­сіздігін жоюға бағытталған. Қолданыстағы тор негізінде лауазымды қызметкерлердің айлығын көтеріп, төменгі буында жұмыс істейтіндер ең аз жалақы алып келсе, ендігі жерде еңбекақыны өсіру қыз­меткердің лауазымына емес, атқаратын жұмысының ауырлығына қарап баға­ланады.

Жалақы 25 пайызға артады

Күні кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы тағы 25 пайызға артатынын айтты. «Биыл бюджеттік сала қызметкер­лерінің жалақысын арттыру жалғасады. Бұл бойынша 600 мың педагог үшін еңбекақы 25 пайызға, 247 мың медицина қызметкеріне біліктілік деңгейіне бай­ланысты 20-дан 30 пайызға дейін арттыру қамтамасыз етіліп жатыр. Әлеуметтік қызметкерлердің лауазымдық жалақысы 50 пайызға ұлғайды», – деді Үкімет басшысы. Оның айтуынша, бүгінге дейін педагогтердің орташа айлық жалақысы – 234, дәрігерлердің жалақысы – 320, әлеу­меттік қызметкерлердің жала­қысы – 180, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы 267 мың теңгеге дейін артыпты.

Әрине, елдегі күнкөріс деңгейі артып, халықтың еңбекақысы өскені құптарлық іс. Алайда халықтың барлығы еңбекақысы жыл санап өсетін мемлекеттік және бюд­жеттік сала қызметкері емес. Осы орайда жалақы бағасына сай аспандап кететін жолақысы мен бензин бағасы, коммунал­дық төлем мен азық-түліктің қымбаттауы кәсіпкерлікпен айналы­сатын­дарға, қала берді жекеменшік ұйымдарда жұмыс істей­тіндерге жығылған үстіне жұдырық болуы мүмкін.

Соңғы жылдары қымбат­шылықтан көз ашпаған халықтың еңбек­ақысы өсетінін естісе, елеңдеп тұруының себебі осыдан болса керек. Себебі эко­номис­тердің өзі соңғы уақытта Қазақстан­дағы азық-түлік бағасы күрт өскенін айтады. Экономист Марат Қайырленовтің пікірінше, елімізде кедейшілік деңгейі тұрақ­ты түрде өсіп, адамдар өз табыстары­ның жартысынан көбін тек тамаққа жұмсайды. Қазірдің өзінде адамдар кө­көністерді қолжетімді бағаға сатып алу үшін сағаттап кезекке тұруға мәжбүр.

Азық-түлік бағасы қымбаттап барады

Былтыр азық-түлік тауарының бағасы 11,3%-ға, ақылы қызметтер 4,2%-ға арт­қан. Стратегиялық жоспарлау және рефор­малар жөніндегі агенттігінің ұлттық статистика бюросының деректері бойын­ша, өткен жылы тауарлар мен қызметтер бағасының өсуі соңғы төрт жылда шарық­тау шегіне жеткен. Бес жыл ішінде бір ғана жұмыртқа бағасы 19 пайызға қымбаттаған.

Биылғы жылдың сәуір айындағы көр­сет­кішке сенсек, азық-түлік тауарының бағасы – 4,1%-ға, азық-түлік емес тауар­лар – 2,5%, ақылы қызметтер 1,3%-ға өскен. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жыл басынан бері әлеу­меттік маңызы бар өнімдердің қым­баттауына қатысты берген түсініктемесінде жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бағасының өсуі тіпті 7,5%-ды құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бағаның 5,6%-ға артқанын көрсетеді.

Биыл бірінші жарты­жылдықта негізгі өсім 5 позиция бойынша байқалған. Соңғы екі айда картоп – 69,1%, сәбіз 73,4%-ға қым­бат­таған. Десе де, агенттіктің баға өсімі бойын­ша берген мәліметтері сан рет құбылып, әлеуметтік маңызы бар өнімдер­дің артуы туралы келтірген дерегі ай сайын өсіп отыр. Мәселен, бүгінгі баға екі күннен кейін басқаша құбылуы мүмкін. Сондықтан ресми статистикада келтірген азық-түлік бағасын дүкен сөрелеріндегі сандармен салыстырып шығуға тырыстық. Мәселен, екі келі ұн бағасы супермаркетте – 600 теңге, шағын дүкенде 800 теңге тұрады. Бір литрлік «Шедевр» күнбағыс майының бағасы – 965 теңге. Картоп бағасы біршама арзандап, тауық жұмырт­қа­сының бағасы маусымға сәйкес төмен­дегенімен, сәбіз бен қызылша қазақстан­дықтар үшін қолжетімді болмай тұр. Бір келі сәбіз – 500 теңге, ал сұранысқа ие емес қызылшаның келісі – 500-600 теңге.

ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті электрмен жабдықтаудан басқа барлық коммуналдық қызметтер арзан­дағанын алға тартқанымен, тұрғындар ай сайынғы төлемді артығымен төлемесе, баға кемімеген деп отыр. Айтуларынша, ыстық пен суық су ақысы қымбаттап кет­кен. Ай сайын төлемақысын кешіктірмей төлейтін Нұргүл коммунал­дық төлемнің бағасы үш есе өсіп кеткенін көріп жағасын ұстаған.

«Алдыңғы айда 3 698 теңге төле­дім. Бұл жолы квадрат метр деп есептеліп келді. Бағасы 3 есе 11 094 теңге болып жа­зыл­ған. Судан бөлек, басқа да ком­муналдық төлемдер 30 мыңның үстіне шығып отыр. Жалғыз жолдасымның айлығына қарап отырған біз үшін бұл қалтамызға кәдімгідей ауырлық тигізіп отыр. Кеше үйдегі балалардың мектепке қажетті формалары мен құрал-жабдық­тарын алып қою үшін базарға бардым. Сөйтсем азық-түлік түгілі киім бағасы да қымбаттап кетіпті» деп ашынады Нұргүл.

Шарықтаған бағаны шектеуге қауқарымыз жете ме?

Экономист Мақсат Халық айлықтың өсуі бағаның қымбаттауына алып келе­тінін жасырмайды. Дегенмен мемлекеттік қызметтің жалақысын арттыру жеке сектор үшін де тиімді екенін тілге тиек етті. «Мемлекеттің жалақы өсіруге байла­нысты ұстанымын қолдаймын. Өйткені басқа елдермен салыстырғанда біздің қызметкерлердің еңбекақысы айтар­лық­тай төмен. Сол себептен мемлекеттік қызметте кәсіби білікті мамандар қалмай­ды, барған күннің өзінде ұзақ отырмайды.

Білікті кадрлар жеке секторға ауысқанды немесе шетелге шыққанды жөн көреді. Мемлекеттік аппараттың біліксіздігі, кадрлардың білімсіздігі экономикамызды ілгерілетуге тежегіш күш болып отыр. Олар­дың жасаған мемлекеттік бағдарлама­лары шикі болып жатады. Халыққа дұрыс пайда әкелгісі келетін ойлары бар шығар. Бірақ кәсіби біліксіздік, керісінше нарық пен эко­номиканың заңдарына қарама-қайшы келіп жатады. Кейбір бағдарлама­лары елдегі қымбатшылықтың артып, тұрғын үй бағасының шарықтауына әкеліп соғып жатқанына куә болып отыр­мыз. Сол үшін білікті кадрларды шақырту үшін жала­қы­ны өсірген дұрыс.

Тұрақты жоғары айлық кадрлардың тұрақтауына әкеледі. Мем­лекеттік қызметкердің жалақысы өссе, білікті кадрларынан айырылып қалмау үшін жеке сектор да мамандарының ай­лығын көтеруге әрекет ете бастайды. Сондықтан мемлекет тара­пы­нан осындай ынталандырудың болғаны дұрыс»,– дейді экономист. Алайда сүйінші хабарды күні бұрын хабарлау екі есе қымбатшылыққа әкеледі екен. «Азық-түліктің қымбат­тауына тек айлық әсер етіп отырған жоқ. Былтыр 10 айда ақша массасының көлемі 24 триллион 180 миллиард теңге болған. Биыл – 27 трил­лион 440 миллиард теңге. Жарты жылдың ішінде ғана ақшаның массалық көлемі көбейген. Қазіргі қым­батшылыққа жана­ма түрде осы да әсер етіп жатыр. Екінші мемлекет жалақыны өсіретіні туралы жаңалықты жар салып алдын ала айтудың қажеті жоқ еді. Айлық­ты өсіріп болған кезде сүйіншілеу керек. Өйткені жалақы өсімі туралы жаңалыққа нарық та тез бейімделеді. Қуанышты ха­бар­ды естіген күні жеке кәсіпкерлер тауар құнын алдын ала аспандатады», – дейді Мақсат Халық.

Шындығы сол, жыл санап өсетін жалақы, күн санап қымбаттап жатқан бағаға сай бүкіл елдің табысы өсіп жатпағаны анық. Шарықтаған бағаны шектеуге қауқарымыз жетпей жатқанда, қызметкерлердің айлығын арттырып, жұрттың жүрегіне тағы салмақ салып, жүйкесінің сыр беруіне әкелмесек бол­ғаны. Өйткені бүгіннің өзінде халықтың тұрмыс-деңгейі мен бағаның қымбаттауы арасында жер мен көктей айырмашылық бар.

Айлықты өсіріп, бағаны тұрақтауға уәде ететін атқамінерлер орташа күнкөріс деңгейі 34 мыңға жеткенін алға тартады. Алайда 30 мың теңгемен өмір сүру дең­гейін есептеп шығарғандардың осы ақшаға бір бәтеңке сатып алуға ақшасы жетеріне күмәнмен қарайсың. Дәл қазіргі жағдайда жазатайым жағдайға ұшырай қалсаң, 30 мың азық-түлік емес, дәрі-дәрмек сатып алуға жетпейді. Зейнеткерлердің зейнетақысы, сту­денттердің шәкіртақысы, мүгедектердің жәрдемақысы, мемлекеттік және бюд­жеттік сала қызметкерлерінің жалақысын өсетіні жайлы сүйінші хабар жекеменшік ұйымда жұмыс істейтіндерді ғана емес, қатардағы мемлекеттік қызметкерлердің өзін де қуанта қойған жоқ. Өйткені сүйінші хабардың соңынан келетін жанармай, коммуналдық төлем, азық-түлік бағасының қымбаттауы көтерілген көңілді су сепкендей басатынын біледі. Басшылар айтпақшы, бағаның өсуі барлық елде бірдей болатыны рас. Бірақ Еуропадағы көрсеткішті жиі мысалға алатын шенеуніктер Ұлыбритания мен еліміздің сандық мөлшері ұқсас болғанымен, ол елдегі айлық еуромен, ал бізде теңгемен бағаланатынын естен шығарып алатын секілді. Олай болса, «әлемдік» деген әдемі сөзді әңгімелеріне арқау ететін атқамінерлер халықтың еңбекақысын да әлемдік деңгеймен өлшеп, мемлекеттік қызметтен басқа да саланың мамандарына мойын бұрып қойса дейсің.

Жадыра МҮСІЛІМ