Қағаз қалдықтарын өңдейтін өндіріс орны жоқ
Қағаз қалдықтарын өңдейтін өндіріс орны жоқ
466
оқылды

Бүгінде кәсіпкерліктің сан түрі даму үстінде. Бұрнағы кезі қол жетпес армандай көрінген бизнесті бұ­қа­ра барынша игеріп, есік алдындағы бақшаның өзінен байлыққа кенелуге болатынына көзі жетті. Алайда әт­теген-ай дейтін бір тұс – Жамбыл же­рінде қағаз қал­дықтарын қайта өңдейтін өндіріс орны жоқ. Сауда орын­дарынан күнделікті тонналап шығып жатқан қағаздардың бір бөлігі көрші өңірге сатылып кетіп жатса, қалғандары қоқыс жәшіктерінде жатыр.

Бабалар салған ізден жаңылдық па?

Көзін таба білгенге қағаз да – қазына. Оны бабаларымыз ертеде-ақ түсінген. Биыл 1270 жыл толып отырған әйгілі Атлах айқа­сынан кейін қағаз өндірісі Тараз топырағына жеткен. 751 жылы мұсылмандар Талас өзені маңында Қытай әскерімен соғысып жеңіске жеткеннен кейін, тұтқынға түскендер мұ­сыл­мандарға қағаз жасау құпиясын ашқан. Араб жазушысы Абу Шама аль-Максиди «Әл Бэду әт-Тарих» атты еңбегінде: «Бес күнге созылған бұл соғыста Қытай әскерінің 45 мыңы өліп, 20 мыңы тұтқынға түсті» деп жазады. Міне, осы тұтқындардың көмегімен Тараз, Бағдат, Мысыр, Марокко, кейіннен Испанияда қағаз өндірісі қарқынды да­миды. Папирусқа қарағанда жасалуы арзан әрі сапалы қағаз шығаруды үйренуі арқылы бабаларымыз кітап жасап, тарихымызды таңбалады. Бұл қағаз өндірісінің Тараз топырағында ежелден дамығанын айғақтап тұр. Алайда бүгінгідей адамның табаны айға тиіп, саздан сарай, шаңнан шаһар тұрғызған озық технология ғарыштық жылдамдықпен дамыған кезде қағаз өндірмек түгілі, оның қалдығын кәдеге жарата алмай отырғаны­мыз жанға батады.

– «Ауыл – береке» базарына халық көп келетіндіктен күнделікті тауар айналымы қарқынды. Әрбір тауар картон қапта­малар­мен келетіні де түсінікті. Осы бұйымдар сау­да сөрелеріне шығарылғаннан кейін тон­на­лап қағаз қалады. Облыста қағаз өң­деу­мен айналысатын кәсіпорын болма­ған­дықтан біз оны алматылық компанияларға келісімшарт бойынша сатып жібереміз. Көрші өңірдегі кәсіпкерлер жүк көліктеріне басып алып кеткен картондарды өңдеп, оны қайта орап бізге сатады. Егер жергілікті жерден қағаз өңдейтін өндіріс орны ашылса, біз олармен жұмыс істеуге дайынбыз, – дейді «Ауыл – береке» базарының басшысы Эльмира Қарабекова.

Өзіміз емес, өзгелер қызығын көріп жатыр

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде пластик, макулатура, қағаз қал­дық­тарын және әйнекті алдын ала сұрыптаусыз полигондарда көмуге тыйым салынғанынан ел хабардар. Нәтижесінде, полигондар сұрыпталмаған қоқысты қабылдаудан бас тартып, қалалар аумағы қоқысқа тола бас­тады. Ал Үкімет «Жасыл экономика» жобасын жандандырып, 2030 жылға қарай қоқыс өңдеу бойынша 14 пайыздық көр­сеткішті 40 пайызға жеткізу межесін қойды. Ал бүгінгідей жағдайда бұл жобаны жүзеге асыру мүмкін бе? Қарапайым қағазды өңдей алмай жатқанда тұрмыстық қатты қалдық­тарды табыс көзіне айналдырамыз деу – қиынның-қиыны. Осы ретте біз Тараз қаласында қағаз қал­дық­тарын қайта өңдеу шаруашылығына қатысы бар-ау деген азаматтарға іздеу салдық. Дені тілдесуден бас тартып, қағазды қаншаға қабылдап жатқандарын да айтудан қашты. Тек «Қазақстан қағазы» компания­сының өңірдегі филиалы ретінде ашылып, 2012 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Ясар» жеке кәсіпкерлігі аз-маз ақпарат берді. Ондағы мамандардың айтуынша, олар картон қағаздарын 35-40 теңгеге сатып ала­ды екен. Келушілер қағазды өздері алып келсе 40 теңгеге алады, барып алып кетсе 35 теңгеге бағалайды. Ал сапалы ақ қағаз­дар­ды 45 теңгеге қабылдайды. Алайда биыл­дан бастап кәсіпорын газеттерді қа­был­дамайтын болыпты. Себебі газет қағаз­дарының сапасы қайта өңдеуге жарамайтын көрінеді.

Мемлекеттік субсидия да сыртқа кетіп жатыр

Әрине, сананы тұрмыс билеген заманда кім болмаса да пайданы көздейтіні белгілі. Алайда биыл тұрмыстық қалдықтарды жинауға берілетін субсидия көлемі екі есеге өскені бұл кәсіп түріне басқаша көзқараспен қарауды меңзеп тұр. 14 маусымнан бастап қайталама шикізатты жинаушыларға EcoQolday жобасы аясында субсидияны өсіруге Экология, геология және табиғи ресурстар ми­нистрлігі келісім берді. Аталған қадам қайта өңделетін қалдықтарды жинау геог­рафиясын кеңейту және салалық бизнес үшін тартымды болу мақсатында қолға алынып отыр. Айталық, бұған дейін шынының тоннасына 22 344 теңге берілсе, қазір оның құны 44 688 теңгеге ұлғайған. Пластик қалдықтарын жинағандарға әр тоннасына 26 398 теңге белгіленсе, енді оның сомасы 52 797 теңгеге өсті. Макула­тураға берілетін субсиядия 16 976 теңгеден 33 953 теңгеге дейін артты. Оған қоса «Өн­діру­шілердің кеңейтілген міндеттемелері Операторы» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі осы бағытты субсидиялаудан бөлек, көлік шығындарын да ішінара өтейді және EcoQolday платформасы арқылы шикізатты кәдеге жаратушы зауыттарға тікелей сатуға мүмкіндік береді. Орташа есеппен алғанда бір реттік тасымалдау үшін жинаушыға «Өндірушілердің кеңейтілген міндет­те­мелері Операторы» ЖШС 600 мың теңге төлейді және аймаққа байланысты әр ша­қы­рымына 8 теңгеден тасымалдауға бері­леді. Қазір EcoQolday тетігі шеңберінде жи­наушыларға, тасымалдаушыларға және кәдеге жарату­шыларға расталған төлемдер сомасы 480 миллион теңге болған. Статис­тика мен сарапшылардың пікірінше, қай­талама шикізатты неғұрлым белсенді жинау Алматы, Шымкент қалаларында және Ал­маты облысында жүзеге асырылып жатыр. Аталған аймақтар осы аралықта 17 мың тоннадан астам қаптама қалдығын жинаған. EcoQolday жобасына қайта өңделетін қалдықтарды жинауды жүзеге асырып жүрген, сондай-ақ ісін жаңа бастаған кәсіп­керлер де қатыса алады. Алайда байқап тұр­ғандарыңыздай жоба тек Алматы мен Шымкент қалаларында ерекше қарқын алған. Ал Жамбыл жерінде оның лебі де еспей отыр. Оған бірден-бір себеп Әулиеатада қарапайым қағаздың өзін өң­дейтін кәсіпорын жоқ. Ал қағаз қабыл­даумен айналысып отырған кәсіпкерлер оны арзанға алып, өзге өңірге өткізгендеріне мәз. Соның салдарынан мемлекеттің миллион­даған субсидиясы басқа облысқа кетіп жатыр.

Бұл жоба жүзеге аса ма?

Ресми мәліметті сөйлетсек, Қазақстанда жылына 6 миллион тонна қоқыс жиналса, соның 20 пайызы қағаз картондар екен. Көрші елдерде қағаз қалдықтарын қайта өңдеу мықтап қолға алынғандықтан макулатураның басым бөлігі шет мемлекетке кетіп жатқаны да жасырын емес. Өйткені ондағы қабылдау құны бізден сан есе жоғары. Бір ғана мысал, Ресей мемлекетінде осы бағыттағы ақша айналымы 4 миллиард АҚШ доллары. Ал Жамбыл облысындағыдай қағазды 35-40 теңгеден қабылдап отырсақ, олармен бәсекелесе алмайтынымыз айдан анық. Шындығына келгенде, мемлекет тара­пынан бұл бағытқа субсидия еселеніп бө­лініп жатқанда кәсіпкерлер тұрмыстық немесе қағаз қалдықтарын қайта өңдеу бизнесін қолға алмай жатқаны түсініксіз. Алайда бұлай өкпелеуге болмайтын секілді. Олай дейтініміз – жуырда Жамбыл облы­сына Мемлекет басшысының көмекшісі Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен кел­генде кәсіпкерлер Әулиеатадан тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауытын салу мә­селесін Президентке жеткізуді өтінген болатын. Алайда бір жылдары Жамбыл облысын басқарып кеткен Қанат Алда­бергенұлы бұл ұсынысты қолдамай, «мем­лекет қаржысын бұлай шашуға болмайды» дейді. «Жамбыл облысынан тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт ашу керек» деп арагідік айтылатын мәселе су сепкендей басылды. Тек күні кеше әкімдік тарапынан бұл бағытта алдағы уақытқа жоспар түзіліп жатқаны туралы ақпар тарады. Алайда ол жоба қашан жүзеге асып, қашан өндіріс орны іске қосылатыны белгісіз.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы